КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК

0 162

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауындағы берілген тапсырмаларды орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесіне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Онда Астана әкімі, «Нұр Отан» партия­сы қалалық филиалының төрағасы Әсет Исекешев қатысып, сөз сөйледі.

345345

Біздің қаламыздың жергілікті атқарушы билік орындары мен мемлекеттік органдары тарапынан мүгедектерге тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл салаға бөлінетін қаржы жыл сайын ұлғая түсуде. Тек осы жылы Астана қаласы бойынша әлеуметтік аз қамтылған жандарды қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен 460 млн теңге бөлінген. 3506 адам оңалту шараларына қамтылған. Әлеуметтік төлемдерге, жәрдемақыларға, тегін жол жүруге, коммуналдық қызметтерді өтеуге, тегін дәрі-дәрмек алуға, өзге де қарастырылған жеңілдіктерге қомақты қаржы берілді, алда да солай бола бермек.

Қазіргі уақытта Астанада 21 946 мүмкіндігі шектеулі жан бар. 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың саны – 4072. Олардың дені мемлекеттік емес ұйымдарға бірігіп, қоғамдық өмірге етене араласып, өз мүдделерін қорғап жүр. Аталмыш жиынға 60-тан аса МЕҰ-дың өкілдері қатысып, өздерінің оқшау өміріндегі атқарылып жатқан жұмыстары мен «ноу-хау» жобаларымен таныстырып өтті. Жиынға қатысушылар да әкімдік ықпалымен атқарылған істердің нәтижесін бағалап, оқшау өмірлеріндегі оң өзгерістерді тілге тиек етті.

Мүгедектерді жұмыспен қамту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Мүгедектер қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің хабарлауынша, олардың көпшілігі жұмыс істеуге және сол арқылы мемлекет қазынасына салық төлеуге қабілетті. Бос орындар жәрмеңкелері арқылы талай жандар жұмысқа орналасқан. Алайда бұл аталған салада бізді ойландыратын мәселелер жоқ дегендік емес.

«ДОС» Тәуелсіз өмір орталығының» төрағасы Дина Ерділдінова жиынға қатысушыларды назарын мына жайтқа аударып, өз ұсынысын айтты. «Қаламыздағы үлкен саябақтарда арнайы алаң бөлінгенін сұраймыз. Онда қоларбаға таңылғандар үшін түрлі спорт құралдары орнатылса. Сонда олардың еркін демалып, денесін шынықтырып,бір-бірімен етене араласуына көп мүмкіндік болар еді. Сонымен бірге, қаламыз­да мүгедек жандарға арналған әлуеметтік такси қызметі қажет. Бұл «инво такси» сияқты тегін болмаса да қолжетімді баға бекітіліп, кез келген уақытта пайдалануға болады. Бұл мүгедектердің қозғалысын көп жеңілдетер еді».

Астана қаласы мүгедек балалар қоғамының төрайымы Қамқа Жасанова мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға қамқорлықты күшейту мәселесін көтерді. Отбасындағы бірнеше баланың біреуі мүгедек болған жағдайда, қалған дені сау балаларының жағдайын жасау үшін де кейбір әлеуметтік мәселелерді шешу қажеттігін айтты. Оның бірі – арнайы балабақшаларын ашу. Сол арқылы аналарды қоғамдық жұмысқа тарту да қажет.
Жиын барысында әрбір ұсыныс нақтылы талқыланды. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын шаралардың жоспары бекітілді. Қала әкімі Әсет Исекешев мемлекеттік органдарға хаттамалық тапсырмалар берді. Сонымен бірге, әкім биылғы жылдың наурызында АҚШ-тың Флорида штаты Орландо қаласында өткен қол арбаға таңылған жандар арасындағы спорттық би бойынша әлем чемпионатының жүлдегерлері, мұхиттың арғы жағынан бірінші жүлдемен оралған елордалық Дастан Раушанбеков пен Құрбанәлі Әбуовті жеңісімен құттықтады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 6 =