«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

0 189

цон 2

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз кеңістік ұйымдастыру екендігін атап өткен еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынып, бүгінде мемлекет, азаматтық сектор, бизнес өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді әлеуметтік ортаға тарту мәселесін бірлесіп шешуге белсене кірісті.

«Кедергісіз келешек» жобасы денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыруға, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға, кедергісіз орта құруға, мүгедектердің құқын тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық кеңістік қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте Астанада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы жөнінде «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Астана қаласы бойынша филиалының директоры Гүлмира Бәбенова әңгімелейді.

–Бүгінгі таңда қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында қанша мүгедек жан жұмыс істейді?

– Қазіргі кезде Елбасы тапсырмасын басшылыққа ала отырып, халыққа қызмет көрсету орталықтары мүгедектерді жұмысқа тартуда. Астана қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында бүгінгі күні 6 мүгедек жұмыс істейді. Мүгедек қызметкерлерге біздің орталықта қысқартылған, яғни аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты көзделген. Осылайша, мүгедектігі бар ХҚКО қызметкері жұмыста күніне 6 сағаттан аспайтын уақыт өткізеді.

– Алдағы уақытта олардың қатары арта ма?

– Иә, жыл соңына дейін Астана қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында олардың санын 21 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Мүмкіндігі шектеулі болғанмен, бұл адамдардың басқалармен құқығы бірдей. Осыны ескере отырып, келешекте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік мәселелері мен оларға кедергісіз кеңістік орнату бағытындағы іс-шара¬ларды жалғастыратын боламыз.

– Жыл басынан бері ХҚКО-да қанша мемлекеттік қызмет көрсетілді?

– Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 302 238 құжат қабылданды және азаматтарға 1 341 458 құжат берілді. Астана қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының мобильдік тобы жыл басынан бері бірінші және екінші санаттағы 88 мүгедекке тұрақты мекежайларына барып мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетті.

Жалпы, халыққа қызмет көрсету орталығы мүмкіндігі шектеулі адамдардың мемлекеттік қызметтер алуы үшін қажетті жағдайлар жасауға баса назар аударады. Осы мақсатта әр орталықта мүгедектерден құжаттар қабылдау үшін жеке жұмыс орындары бөлінді, сондай-ақ, пандустар мен шақырту батырмалары орнатылған.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + twelve =