Кедергі азаймай, көш көбеймейді

0 502

Биыл Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Осы аралықта 1 миллион 71 мың қандасымыз атажұртқа оралып, еліміздегі қазақ халқының демографиялық өсіміне үлкен ықпал жасады. Шетелдегі қазақтардың атажұртқа оралуына және олардың түйткілді мәселелерінің шешілуіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да көп жұмыс атқарды. Дегенмен көші-қон мәселесінде «ит қуды, қоян қашты» боп шешілмей жүрген мәселелер де жоқ емес. Міне, осы мәселелерді қаузау мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығында ұзақ жыл қызмет атқарған Ботагөз УАТҚАНДЫ әңгімеге тарттық.

30 ЖЫЛДА 1 МИЛЛИОН 71 МЫҢ ҚАЗАҚ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

– Биыл Қазақстан тәуелсіздігімен қатар, ұлы көштің басталғанына да 30 жыл толды. Осы отыз жылда қандай жұмыстар атқарылды? Қанша қазақ Отанға оралды? Қысқаша айта кетсеңіз.
– 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жарияласа, 1992 жылғы қыркүйекте Алматыда әлем қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Құрылтайдың шешімімен 1993 жылы «Қазақстан қоғамы» таратылып, оның заңдық мұрагері мәртебесіне Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ие болды. Қауымдастық төрағасына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев, оның бірінші орынбасары Қ.Найманбаев (1992-2004) болды. Қ.Найманбаевтан кейін қауымдастықтың бірінші орынбасары міндетін Т.Мамашев (2004-2017); оның орынбасары болып С.Балғабаев (1992-2017) атқарса, 2017 жылдан бүгінге дейін З.Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары міндетін атқарып келеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдегі қандастарды атажұртқа шақырды. Ол кезде еліміз қат-қабат қиыншылықтың қыспағында тұрған еді. Соған қарамастан шетелдегі қандастарды атажұртқа шақырып, Қазақстандағы қазақтың санын көбейтуге күш салды. Мұның нақты мысалы ретінде алыстағы ағайынды ұшақпен, КамАЗ-бен көшіріп әкелгенін атауға болады. Қазірге дейін Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран, Ауғанстан, Сауд Арабиясы, ТМД елдерінен 1 млн 71 мыңнан астам қандасымыз көшіп келді. Ел тәуелсіздігі жарияланбай тұрып, алғашқы көшті Моңғолия қазақтары бастады. Бүгін елімізде 18 млн қазақ болса, еліміздің демографиясының өсуіне осы ағайындардың үлесі зор. Бұл – үлкен байлық. Олар тек халық санын көбейтіп қана қойған жоқ, сонымен бірге еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан барынша дамуына үлестерін қосты. Қандастардың көбі ана тіліне жетік әрі полиглот, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, басқа да ұлттық рухани қазына-байлықтарын бойларына сіңіріп өскен. Соған орай, олар Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан кейін мәдени-рухани мәселелер жөнінен жаңа деңгейге көтерілуіне де зор ықпал ете білді.
– Қазақ қауымдастығы шетелден келген қандастарға қандай көмек көрсетті?
– Қауымдастық құ­рылғаннан бері шетелдегі бес миллион қазақпен байланыс жасауда үлкен жұмыс­тар атқарып, мол тәжірибе жинады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің дипломатиялық корпустары орнамай тұрғанда, жеке адамдарды ұйымдастыру арқылы қауымдастық атынан шақыру қағаздарын беріп, Қытай мен Ауғанстандағы қандастарымыздың елге келуіне ұйытқы болды. Түрлі ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар, симпозиумдар, сан тақырыптарды қозғайтын дөңгелек үстел мәжілістерін ұйымдастырып, әлемнің 40-тан астам еліндегі қазақтармен күнделікті байланыс орнатып, оларға рухани, мәдени қолдау көрсеттік. Кейбір елдерде бұрын құрылған қоғамдармен қоса, жаңадан қазақ қауымдастықтары мен қоғамдардың құрылуына ықпал еттік. Ресей еліндегі 30-дан астам қазақ қоғамдарын біріктіріп, Ресей қазақтарының федерациясы ұйымына жұмылдырдық. Еуропадағы 10-нан астам қазақ қоғамдарын да біріктіріп, Еуропа қазақтарының қауымдастығын құрдық. Моңғолия, Ресей, Еуропа, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінде қазақ қоғамдары ресми тіркеуден өтті. Түрікменстанда қазақ қоғамын құру, оны тіркеу мүмкін болмады. Қытай мен Иранда сәл басқаша. Сол себепті осы елдердегі жеке тұлғалармен жұмыс жүргіздік. Республикамыз­дың 8 облысында қауым­дастықтың филиалдары ресми тіркеліп, жұмыс істеді. Сондай-ақ, қауымдастық жанынан құрылған ақсақалдар алқасы, студенттер және өнер орталықтары өз ережелері бойынша жұмыстар атқарды.
Сонымен қатар қа­уымдас­тық «Шетелдегі қазақтар» сериясымен алыс-жақын шет елдердегі қазақ диаспорасының шығармаларын атамекендегі ағайындарға таныстыру мақсатында 300-ден аса баспа табақ кітапты және де «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағын шығарды. Және шетелдегі ағайындарға тегін таратып, олардың кітапхана қорларын оқулықтармен қоса әдеби кітап-журналдармен байытуда зор еңбек етті. Соңғы жылдары бұл үрдіс тоқтады. Өзбекстан елінің Хорезм ауданында 13000 қазақ тұрады, қазақ мектебі де бар. Өкінішке қарай, мектепте қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдеби кітаптардың жоғын айтып, телеарнадан хабар берілгені – осының айғағы.
Қауымдастық елге көшіп келген ағайындарға тегін кеңес беру, анкета толтыруға, арыздарын жазып беруге көмектесу, тиісті мекемелерге хат жолдап, Қауымдастық үйі мекенжайына тіркеп беретін. Алғашқы жылдары Қауымдастық үйінде балаларды дем алдыратын лагерь ұйымдастырып, кейін «Балдәурен» балаларды сауықтыру лагеріне 20 баладан 150 балаға дейін демалдыру ісін жүзеге асырды.

ҚҰЖАТ ТҮЗЕУ – ҮЛКЕН МАШАҚАТ

– Көштің тоқтамауы үшін алда қандай жұмыстар істелуі керек деп ойлайсыз?
– Президент Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында көтерілген мәселелердің бірі – шетел қазақтарының, яғни қандастардың атажұртқа қоныс аударуы. Президент аталған мақаласында «соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап көрсетті. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені шетел қазақтарының атажұртқа көптеп қоныс аударуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, демографиялық жағдайымыздың жақсарып, қорғаныс қабілетіміздің нығаюына оң ықпалын тигізеді.
Бірақ соңғы жылдары қандастар көші әртүрлі себептермен барынша азайды. Мұндай себептердің ең бастыларының бірі – бұрынғы Көші-қон комитеті таратылған. Қазір ол – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы шағын ғана басқарма. Және де көшпен айналысуға тиіс мекемелердің бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлмеуінен де туындап отыр.
Елбасы Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында шетелдегі ағайындарға қолдау көрсетіп, олардың атажұртқа қоныс аударуын ұйымдастыру үшін «Отандастар» атты қор құру жөнінде шешім қабылдап, іле-шала құрылған-ды.
Қауымдастық СІМ, ІІМ, МАМ, қауіпсіздік мекемелерімен тікелей байла­ныс­та көптеген жұмыстар атқарды. Соңғы жылдары аталмыш министрліктермен қатар, Қоғамдық даму министрлігі жанында диаспорология басқармалары құрылғанын естимін, бірақ не істеп жатқандарынан бейхабармыз.
Диаспора басқармаларының айналысуға тиіс жұмыстары көші-қон мәселесі болу керек және де осы іске белсене кірісулері қажет. Сондай-ақ, консулдық қызмет департаментінің консулдықтары көші-қонды шетелдерде ұйымдастыру керектігін ескермегендіктен, көші-қон жұмысы дұрыс жанданбай отыр. Виза Қазақстанға келгісі келгендерге беріледі, ал көш мәселесі тек қазаққа қатысты. Консулдық қызметкерлері қазақтардың атажұртқа көшетіндерін тізімге алып, оларға кеңес беру, барлық құжаттарын сол жақта әзірлеуге тиісті. Ел тәуелсіздігінің нығаюына, демографиямыздың өсуіне, қауіпсіздігіміз үшін шетелдердегі қазақтарды атамекенге көшіру аса маңызды. Қандастар көшін барынша қолдауды Президентіміз өзінің мақаласында атап өткенін жоғарыда айттым.
Ішкі істер министрлігіндегі бармақ бастылық пен қағазбас­тылықтың көбеюінен де қандастардың кейбір мәселесі шешілмей отыр. Елге оралған қандастардың 18-20 жыл бойы азаматтық ала алмай, құжаттарын қалпына келтіре алмай, табанынан таусылып жүргендігі осының салдары десем артық айтқандық болмас.
Көшті жандандыру үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына аталмыш көші-қон жұмысын арнайы тапсырса, жеке бағдарлама қабылдап, бұрынғыдай көшті жандандыруға болады деп есептеймін. «Отандастар» қорына көшті ұйымдастыру жұмысын тапсыру керек.
– Көші-қон ісінде атқарылмай жатқан жұмыс­тарды да айта кетіңізші.
– Ең әуелі қолдан жасалған кедергілерді жою керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы «Қазақтың Отаны біреу. Ол – Қазақстан» деген еді. Бірақ шетелден келген ағайындарға неге бөгет көп? Мәселен, бүгінде шетелден атамекенге оралған қандастар ең бірінші шекарада қиындыққа тап болуда. Өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында Дубай, Ыстанбұл, Мәскеу арқылы елге келе жатқан қазақ диаспорасы өкілдерінің Алматы, Нұр-Сұлтан әуежайларында қарадай қаңтарылып, елге кіре алмай, қайта-қайта шу шығып жатқанының өзі қандастарға қолдан жасалған кедергі деп айтуға болады. Сонымен қатар, шетелден келуші диаспора өкіліне Қазақстанда туған әке-шешесінің немесе бірге туған аға, қарындасының Қазақстан азаматы екенін және өзінің қазақ екенін дәлелде деудің өзі жосынға сыймайды. Бұл «Халықтың көші-қоны туралы» заңның өрескел бұзылуы дер едім. Сондықтан шетелдегі СІМ консулдықтары берген визамен Қазақстан шекарасынан еркін кіргізуді Үкімет тарапынан шекара қызметіне міндеттеу керек.
Көп елдің паспорттарында ұлты көрсетілмейді, кейбір елдерде жеке куәліктерінде ұлты немесе руы көрсетіледі. Ұлтын көрсетпейтін елдер көп. Сондықтан осы тұрғыда туындаған мәселелер баршылық. 1992-2004 жж. аралығында №791 қаулы бойынша Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті «қазақ» куәлігін қауымдастықтың анықтамасы арқылы беретін. Қаулының күші жойылған соң да шетелдегі консулдықтарға қауымдастықтың анықтамасы жарай беретін. Кешеге дейін жалғасын тапқан болатын. Ақпан айының басында Али Берат деген түркиялық қазаққа виза берілмей, осыдан дау шықты (шешімін тапқаны туралы хабар алдым). Оған себеп қауымдастықтың анықтама беруге «құқы жоқ» деген әңгімесі арқау болды. Мен оны әлеуметтік желіге жарияладым. Егер шетелдердегі Қазақстан консулдығы тарапынан «қазақ» екенін дәлелдеп кел деген талап қойылмаса, біз де тыныш жата берер едік. Онда олар талап қоймасын, визаны бере берсін!
Шетелдегі қазақтарға анықтаманы қауымдастық бермесе кім береді? Виза алып келген соң атажұртта бұл мәселе тағы қайталанады. Елге келген ағайындарды әуре-сарсаңға салады. Визада көрсетілген «қазақ диаспорасының өкілі» дегенді қабылдамайтын қалалық, облыстық көші-қон бөлім қызметкерлері барын мысалмен айта аламын. Ираннан Маңғыстауға келген ағайындардың осы анықтама үшін Алматыға талай сабылғанына өзім куәмін. Басшыларына «мына азаматтың паспортында «қазақ диаспорасының өкілі» деп көрсетіпті, Қазақстанның мемлекеттік органы берген визадан артық қандай дәлел керек? Және де сол елдерде отырған консулдар босқа жұмыс жасап жатқан жоқ, барлық дерлік қазақтарды таниды» дегеніме құлақ аспай, визаны «ресми құжат емес» деген сәттерін дәлелмен айта аламын.

ҚАЗАҚ ЕКЕНІН ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕЙДІ?

Егер қазақтардың қазақ екенін дәлелдеу керек болса, оны дәлелдеу қиын емес. Қауымдастық пен көші-қон бөлімдері жанынан ресми комиссия құрылып, сол комиссия құрамында әр елден келген беделді азаматтар болса жеткілікті. Қарға тамырлы қазақтарды жеті атасымен, ағайын-туыстары және құда-жекжаттары арқылы анықтау оңай.
Қазақстан азаматтығын алу үшін алдымен тұрақты тіркеуге, ықтиярхатқа, одан соң «қандас» куәлігіне құжаттар тапсырады. Барлығы дерлік нотариалды куәландырылған болу керек. Қаншама қаржы!
Аталған құжаттарын жинастырып жүріп, жоғалтып алып, көп жылдары құжатсыз жүргендері аз емес. Сөйтіп жүрген уақытта паспорттарының мерзімін өткізіп алады, делдалдарға жем болады… Бұл біздің қағазбастылықты көрсетеді. Меніңше, тек қазақтар үшін жеңілдік қарастырылуы керек. Шекарадан өткен соң, көші-қон полициясы бөлімдерінде анкета толтыртып, азаматтыққа құжаттарын дереу тапсыртса, еліміздің демографиясы өсер еді, елге келген қазақтар дереу сіңісіп кетер еді. Израиль, Германия елдері шекарадан өткенде қолдарына азаматтық паспорттарын береді. Нендей зиян шекті дегенді естімедік.
Президенттің тапсырмасын орындау – Қазақстанның әрбір азаматының борышы. Ендеше құжатсыз жүргендерді құжаттандыруды, сондай-ақ, азаматтық ала алмай жүрген қандастардың барлығына ҚР азаматтығы берілсе, тапсырманың орындалғаны дер едім. Әрине, баспана, жұмыссыздық мәселесін де айтпау мүмкін емес. Егер азаматтықтары шешілсе, өз күндерін өздері көріп кетері сөзсіз.
Сонымен қатар, аты-жөндеріндегі қателерді ҚР азаматтығын аларда қазақша дұрыс жазып берсе. Қытайдан келетіндердің кейбірінің тегі көрсетілмей, тек өз аттары ғана жазылады. Осы мәселе де шешімін тапса. Бір ғана атпен жүргендердің ата-аналары тірі болса солардан, жоқ болса туған-туыстарының анықтамалары арқылы реттеу де қиынға соқпасы анық. Сондай-ақ, Моңғолия, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан, т. б. елдерден келгендердің төлқұжаттарындағы қате аты-жөндерін қазақ грамматикасына сай дұрыс жазып, бірізділікке түсірcе, болашақ ұрпақ үшін қажет. Бұл қиын да шаруа емес. Америкаға барғанымда менің танысым өз аты-жөнін мүлде басқаша етіп ауыстырып алғанына куә болғанмын. Таңғалдым. «Адам құқы деген осы» дейді танысым. Ал бізде тек әріп қателерінен басқа да мүлде өзгеше болып жазылған есімдер де көп кездеседі. Жақсылық – Жагааслаг, Мұрат – Мулати, Көбеген – Копенин, т. б. Осы мәселелердің барлығын «Халықтың көші-қон заңын» негізге ала отырып, СІМ мен ІІМ біріккен бұйрығымен шешуге болады деп есептеймін.
– Шетелден келген қандастарды солтүстікке көшіру жұмысы неге жанданбайды?
– Алыс-жақыннан келетін ағайындардың Қазақстанға келуі барынша төмендеп, керісінше, кетушілер қатары көп болуынан елімізде көптеген мекендер бос қалып жатыр. Шекаралас аудандардағы тұрғындар да айтарлықтай азайған. Мұның бәрі еліміздің дамуына кері әсер етуде. Бұл жағдай Қазақстан Үкіметінің этностық көші-қонға, яғни қандастар көшіне дұрыс көңіл бөлмеуінен. Жоғарыда айтқанымдай, бұрынғы Көші-қон комитеті таратылған. Қазір ол – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы шағын ғана басқарма. «Халықтың көші-қоны туралы» заңында оралмандар көшін сырт жерлерде ұйымдастыру ҚР Сыртқы істер министрлігіне жүктелген. Бірақ министрлік бұл жөнінде әлі күнге ешқандай нақты іс-шара атқарған емес. Атажұртқа оралған ағайындардың Қазақстанға келгеннен кейінгі біраз мәселесі ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы қызметіне қатысты. Алыстан келген ағайындардың Қазақстанға тұрақтап қалуындағы көп қиындықтар осы көші-қон полициясының жұмысындағы кемшіліктерден туындап отыр. Соңғы кезде қазақ диаспорасына байланысты біраз мәселе ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктелгенмен, әзірше оларға қолдау көрсету жөнінде айтарлықтай іс тындырды деу қиын.
2000 жылдардың басында Солтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасымен Бәйтерек, Ақмола облысында Қызыл жар ауылдары салынып, соған арнайы квотамен ағайындар көшіп барған болатын. Өкінішке қарай, салынған үйлері сапасыз, қыста баспаналары суық, жазда төбесінен су ағып, үйдің қабырғалары көгеріп, отыруға қолайсыз болып шықты. Көші-қон басқарма басшылары айтқан уәделерін толық орындамады. Осы олқылықтар үшін қандастардың өздерін кінәлады, осыған ренжіген ағайындар өкпелеп, кері көшіп кетті. Бұл жемқорлықтың нәтижесі еді. Қазір де осы үрдістің барын солтүстікке барған жергілікті ағайындар бастарынан кешіп, тағы да кері көш пайда болуда. Жаңалықтардан хабардар болып отырған қандастарымыз сол жаққа қайдан барсын?.. Көштің жанданбауы осыдан. Сапалы үй, мамандықтары бойынша жұмыс, жақсы айлыққа кепілдік берілсе, әлі де кеш емес.

ЗЕЙНЕТКЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ, ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

– Шетелден келген, зейнет жасына толған адамдардың жұмысындағы кедергіні қалай шешуге болады? Мәселен, Қытайдан келген қазақтарға Қазақстаннан зейнетақы алу үшін Қытайдан анықтама әкелуді талап етіп отыр. Ал Қытай ондай анықтама бермейді.
– Ең дұрысы үкіметаралық келісімшарт болу керек деп ойлаймын. Әр елдің талаптары түрлі болатыны заңдылық. Қытай мен Моңғолияда зейнеткерлік демалысқа Қазақстандағыдай емес, ертерек шыға алады. Сондықтан қайшылықтар туындайды. Соңғы уақытта Моңғолияда қызмет еткен өтілдері есептелмей жатқан жайт бар. ТМД елдерінен келіп жатқан ағайындарға жеңілірек. Алыс шетелдерден келіп, зейнетақы алатындардың мәселесін еларалық келісімшартпен немесе Қытай елінің анықтама бермейтінін ескере отырып, Үкіметтің қаулысы арқылы шешуге болады.
– Қазақстанға білім алу жолымен келіп, қалып жатқан жастар да аз емес. Бұл үрдісті әлі де жалғастыру керек шығар?
– Шетелдегі ағайындардың көпшілігі өз ана тілінде оқып, білім алу мүмкіндіктерінен айырылып, ана тілін ұмытып, сол елдегі халыққа сіңіп, ассимиляцияға ұшырап, ұлт ретінде жойылу қаупі туындауда. Атажұрт Қазақстан мемлекеті бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, қазақ диаспорасының ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне үзбей қолдау жасап отыруы керек. Осыған орай, қауымдастық Қазақстанның жоғары оқу орындары жанынан дайындық курсын ашу идеясын көтеріп, оның іске асырылғанын айтар едім. Аталмыш істің нәтижесі мол, бүгінге дейін жалғасын табуда. Шетелдегі ағайындардың жас жеткіншектері оқитын алғашқы дайындық курсы Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институты жанынан ашылып, одан кейін Кентауда, Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жалғасын тапты. Қазір еліміздің көптеген университеттерінің жанында бар. Жыл сайын 1400 қазақ жастары келіп, білім алумен қатар, олардың көбі атажұртта қалып қоюда. Міне, осы жастарды қолдайтын бағдарлама керек, оларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етсе, азаматтықты университет қабырғасында жүргенде еш кедергісіз берсе тамаша болар еді. Ондай жағдайда елге оралушылар саны да артар еді.
«Болашағымыз – жастардың қолында» дейтін болсақ, көңіл бөлінуі қажет. Көптеген басқосулардың нәтижесінде шетелдік дипломдардарға апостиль жасату, одан нострификациялау мәселелерінің шешім тапқаны – қауымдастық жұмысының жемісі.
– Осыған дейін 5 рет өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында қазаққа қатыс­ты қандай мәселелер шешілді?
– Негізінен, көші-қон, оқу, орта және шағын кәсіпкерлік мәселесі көтерілетін. Алғашқы төрт құрылтайда көтерілген мәселелер, Президенттің тапсырмасы, көші-қон шешімдері орындалатын. Өкінішке қарай, V құрылтай шешімдері әлі толық іске аспай отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =