Кедейліктен бе, кежірліктен бе?

0 158

Өткен жылы бір программист бауырымызға көмек ретінде тойында автокөлік сыйладым. Ондағы мақсатым талпынған жасқа аз да болса экономикалық жағынан дем беру еді. Бірақ осыдан кейін әлеуметтік желілерде «компьютер шұқығаннан басқа ештеңе білмейтін біреуге көлік мінгізгенше, кедей-кембағалдарға көмектессең болмай ма?» деп мені жазғырғандар көбейді. Жұрттың бұл сөзі маған біраз ой салды.Әлемдік алпауыт Google компаниясының басшысы «егер мен дүниеден өтер болсам қолымдағы қаржымды кедейлерге емес, қайта адамзаттың тағдырын ойлайтын кәсіпкерлерге атаймын» деген екен. Әлемнің бірінші байы атанған Билл Гейтстің де 80 пайыз көмегін кедейлерге атағанын білеміз. Бір қызығы, соншама мол қаржы бөлінсе де, сол кедейлердің тұрмысы өзгеріп кетпепті. Билл Гейтстің бергеніне бола кедейлердің қабырғасы жабылып, қағанағы қарық, сағанағы сарық өмірге жете алмапты. Неге? Осы сұраққа жауап беру үшін өткен жылы сатылымы ең жоғары болған, Abhijit V мен Esther Duflo бірлесіп жазған «Кедейлік кеселі» атты кітапты оқудан қорытқан ойларыммен ортақтасқаным орынды секілді.
Ендеше кедейлік деген не? Мамандар бұл сұраудың жауабын қалай түсіндіреді? Кедейлік дегеніміз – ақшаның аз болуы емес, керісінше, барлық нәрсені ақшаға ғана тіреп алу, көз алдын ғана ойлау. Такси жүргізушісімен әңгімелескенім бар. Ол «күніне 15 мың теңге табамын да тоқтаймын, егер түске дейін тауып алсам, түстен кейін ұйықтаймын» деп мақтанды. Жалақыға жұмыс істейтін азаматтардың да көзқарасы осы төңіректе. Демек, байымайтын адам ешқашан алысты ойлап жоспар жасамайды. Көз алдын ғана ойлайды.
Кедейлік дегеніміз адамның жас­тық шақтағы уақытын арзанға сатудан туындайды. Бір бойжеткен маған: «қазіргі жұмыс орнымда таңертеңнен түн қараңғысына дейін жұмыс істеп 100 мың теңге аламын. Демалысым да мардымсыз, ештеңе үйренуге уақытым жоқ, ал өзім әлеу­меттік желі арқылы жұмыс істесем, бастапқыда айына 30 мың теңге табуым мүмкін. Қайсысын таңдауды білмей тұрмын, жол көрсетсеңіз…» деген мазмұнда хат жолдапты. Әрине, екіншісін таңдауға кеңес бердім. Өйткені бастапқы табысы аздау болса да, екіншісінде көмескі байлық бар. Даму мүмкіндігі бар жұмыстың ең басты ерекшелігі өзіңізде уақыт кеңістігі болады. Ал бір айлық уақытыңызды 100 мың теңгеге сата берсеңіз, өзіңізді дамытуға, үйренуге, өрлеуге орай таппасаңыз, онда сол деңгейде қалатыныңыз – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат.
Кедейліктің басты себебі – мо­йындау, өзін кедей санау. Көптеген студенттерден байқайтыным, өздерін қоғамның «мәдениетті қайыр­шысы» санайды. «Мен студентпін ғой, арзандат» деп міндетсиді. Өмір ешқашан студенттерге жарты баға бойынша жеңілдік жасайтын по­йыз емес! Студент күнінен бастап басқадан арзан нәрсе дәметуді, тегінге телміруді, сосын қолындағы қаржыны тұтынуды үйреніп алған жастарымыз есейген соң да сол ойлау тәсілімен өмір сүре береді.
Бай мен кедейдің айырмашылығы ойлау формасы мен тәуекелге бел бууында жатыр. Бай болатын адамның қорасына мал бітсе немесе қолына ақша түссе, қайтып біреуді екеу қылам, қайтып кірісімді арттырам деп ойласа, «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» дегендей, кедей болатын адам қорасына біткен бірер малды, қолына түскен тиын-тебенді түгемес байлық, сарқылмас қазына көреді де, барында шашып істетеді де, ертесі «жоқ» деп қарап отыруға әдеттенеді. Атамыз қазақ «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады. Қоймай жесең не қалады?» деген сөзді де осындайға қаратып айтса керек.
Кедей болатын адамның тағы бір кінәраты – ақталу, өзінен де нашар адамдарды табу, мықтылардан осалдық іздеу. Кедейлердің көбі кемшілікті өзінен, өзінің жалқаулығы, еңбекке қырсыздығы, қолына ақша түссе, сусыған құмдай шашып тынатын ұқыпсыздығынан емес, қоғамнан немесе төңірегіндегі адамдардан көреді де, ауызбен орақ оруға құмар, күншіл келеді. «Пәленбай неге сөйтпейді, егер менде соның байлығы болса, олай опырар едім, былай жапырар едім» деп соғады. Керісінше, «мен неге кедей болып қалдым?» деп ойланбайды.
Кезінде Абайдың інісі Оспан өзінен кейінгі інісі Ысқақты бай қылам деп екі рет енші берсе де, Ысқақтың қорасында мал тұрмаған көрінеді. Сонда Абай «Алла беріп бай қылмаса, пенденің бергені біреуге байлық болмайды» дейтін көрінеді. Міне, мұның соңы да, жоғарыдағы мысалдардың түйіні де «ашты бағамын десең балық бер, аш қалмасын десең балық аулауды үйрет» деген қазақтың көне нақылына келіп тіреледі.

Ықылас ОРАЗБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − 3 =