«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кедейлікке көнбістік жоқшылықтан арылтпас

жазылған жайдың жаңғырығы

0 398

Мырзагелді КЕМЕЛ

Газетімізде жазушы-ғалым Мырзагелді КЕМЕЛ ағамыздың сұхбаты жарияланғалы («Қазақ баласының барлық проблемасы –кедейліктен», «Астана ақшамы», 16.08.2018 жыл) редакциямызға қоңы­рау шалғандар да, сұхбатқа қатысты ой-пікірін жазып жолдағандар да аз болған жоқ. Әр ойын тереңнен қозғап айтатын тұлғаның сөзін құптағандар да, ұқпа­ғандар да табылды. Атап айтсақ, сұхбаттағы «Қазақ баласының барлық проблемасы – кедейліктен. Ал кедейлік – мәдениеттің кем­шіндігінен, ойсыздықтан» деген сөзге келіспейтінін біл­дірген оқырмандар көп еді. Олар әлеуметтік желідегі сұхбаттың сілтемесінің астына да «бұл – қате, жаң­сақ пікір» деген өз ойларын жазып жатты. Осыған орай, профессор Мырзагелді КЕМЕЛ өз жауабын ұсынған еді.
Кеше ғана №51 автобус­та қолдарындағы пакеттің барлығы қарақатқа толы, біреуінде – үш, біреуінде екі бес литрлік ыдыстары бар, жас шамасы 35-40-тардағы екі әйел отырды. Жөн сұра­дым. «Екеуміз абысынбыз. Маусымның басынан бері қала сыртындағы бақтардан бүлдірген, қарақат жинадық. Соңғы кездері қарақатты көше жиегіндегі орындарда бір килосын 1000-1500 теңгеден саттық, кейде ыдысымен 2000 теңгеге бердік. Осылай еңбектеніп, жазғы каникул кезінде 1 миллион 700 мың теңге жинадық. Мақсатымыз – күзге дейін 3 миллион теңге табу. Сөйтіп екі бөлмелі үй алып, екі жанұя бірге тұрмақпыз, 5 баламыз бар. Бұл үй үлкеніміздікі болады. Келесі жылы бірге жинаймыз. Өзіміз Ташкенттен көшіп келдік» деді жанымда отырған әйел.
Міне, кедейлікпен күресуші, үй қамын ойлаған адам осылай болуы керек. Біз әлі де біреу аузыма су тамызады деп күтуге бейімбіз. Әркім қолынан келген істі атқарса болады ғой.
Бір шәкіртім сабақтан босай қалса ағылшын тілін үйренді, сөйтіп 4 жылда бакалавриат­ты бітірген соң, бір жыл Канадаға барып тіл үйренді, сол жақта түнде даяшы болып, ақшасын жинап, келген соң бір машина сатып алды. Қазір қонақүйде менеджер, жұмыстан бос кезде аудармашы, таксиші.
Той мен құдалықты қарызға өткізіп, ипотекаға үй алып, қымбат көлікті несиеге алып, ол ақшадан құтыламын деп пәленбай жыл қарызға батып жүреміз. Еселеп құн төлеп, жем болып жүргеніміз содан.
Қазақ бүгін: «Қашанғы кедей қалпында жүрмекпін» деп алдына мақсат қойып, барын қарыштап, күнделікті және ұзақ мерзімді шығындардың тамақ пен киімнен басқасын қоя тұрып, құдалық пен тойлардағы бәсекеге ермей, балаларының білімге құштарлығын оятып, тапқан-таянғанын кемелді білім алуына мүмкіндік жасаса деймін. Оқуға, шынымен, құнты жоқ баласын көпке еріп, жалған намыстың жетегінде босқа қаржы жұмсап оқытқанша, бір кәсіпке үйретсе деймін. Өзі үйрете алмаса, ісін ұсталықпен атқаратын адамға шәкірт болуға баласын көндірсе (бұл да оңай болмай тұр қазіргі кезде) болмас па?! Сонда ғана кәсіптің бір-бір тұтқасын өзгелерге ұстатып қойып, әр істің төл маманы өзіміз болатын едік қой.
Уақытша бір жұмысқа шыдап, басқа армандарды жинап тастағанша, барынша ертерек бір кәсіппен айналысқан тиімді. «Мен қашанғы кедей болуға тиіспін? Менің маңдайыма кедейлік жазылған ба?» деп өзімізге сұрақ қоялық. Соның жауабын ізделік. Соның бір жолы – кәсіппен айналысу, мамандану, ерінбеу, ешқандай жұмыстан арланбау.
«Ойсыздық, мәдениеттің жетіспеуі» дегенде мен осыны айтқым келген. Айналамызда жақсы мысал бола алатын адамдар көп, әрине. Бірақ өзін еңбек етуге жігерлендірмейтіндер одан да көп. Еңбек етем дегенге жұмыс та, бастапқы қаржы да табуға болады. Тек қана жігер мен ұмтылыс қажет. Шынымен, еңбек еткісі келетіндерге мемлекеттен де қолдау көрсететін бағдарламалар бар. «Жатқан тастың астына су жүгірмейді» деген орыс мәтелі қайдан шыққан деп ойлайсыз?!
Әрекетке – берекет!
Осы ойды тұжырар болсақ, барлық ілімгерлер «кедейліктің себебі оны мойындаудан, соған төзуден болады» дейді. Мен де солай ойлаймын. Қандай адам болуын адам өзі таңдайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды