Кедейлік – байлық екен

0 186

Жуырда белгілі сықақшы-ақын Көпен Әмірбекпен әңгімелесіп отырып ой-олжаға кенелдік.

«Кедейлік – байлық екен. Біз оқуға түскенде тобымызда бес-алты байдың баласы болып еді. Көбіміз соларға қызығып қарайтынбыз. «Неге біз де сондай ауқатты отбасының балалары болмадық екен» деп ойлаушы ек. Қазір енді байыптасам, кедейлік – байлық екен ғой. Әлгі қалталы азаматтардың балалары сабақтан кейін қыдырды, ақшасы болған соң, алаңсыз еркін жүрді, сөйтіп, ақырында оқудан шығып кетті. Ал біз болсақ, қыдырайық десек, ақша жоқ, тойып тамақ та іше алмадық. Амал жоқ, сабақтан бас көтермедік. Өйткені, білім қуудан басқа бізге жол жоқ еді…» – деді Көпен ағам.

Мына сөз ойлантып тастады. Расында, көбіміз алдымыздан сығырайған жалғыз үміт үшін ғана жанталаса жұмыс істеп, алға ұмтылатын секілдіміз. Ол, әрине, тұрмысты түзеу, балаларға жағдай жасау, елге еңбегі сіңген еңселі азамат болу тұрғысындағы үміт. Еңселі азамат болу үшін адами тұрғыда өсу де қажет етіледі.

Біліммен қаруланып, өмірге бейімделу, ешкімге басыңнан шерткізбеу, тізесін батыртқызбау, түптеп келгенде, өмірден өзіңе тиесілі үлесіңді алып, ырзыққа кенелу – тірі жан біткеннің мүддесі.

Әйтсе де… «дұшпандар – қайрақ, мен пышақпын» деген екен бір қазақ. Шынымен, адамның алға ұмтылып, адами тұрғыда дамуы үшін кедейлік қамшы бола ма?.. Ол қайта адамның еңсесін түсіріп, ұнжырғасын баспай ма? Ал, кедейшілік адамның өмірін 8 жылға қысқартады деп жүрген бүгінгі ғалымдар нені мегзейді?.. Тіпті, кедейшілік, шынымен байлық болса, онда ауылдағы ағайындар, оқымақ, білім алмақ түгілі, емделуге қаржы таппай қиналып жүрген азаматтар неге ұшпаққа шықпайды?

Қайтадан Көпен ағаның сөзі санаңды торлайды. «Кедейлік – байлық екен!»

Кім біледі, рас та шығар. «Тамағы тоқ­­тық, жұмысы жоқтық, аздырар адам бала­сын» деп Абай ақын босқа тол­ға­ма­ған шығар.

Ендеше, не көрсек те, тағдырымызға шүкір дейік. Тұрмыста қандай тар­шы­лық көрсек те, балаларымызды құ­дай жігерсіздік пен санасыздықтан сақ­тасын!

Назира БАЙЫРБЕК,
bairbek-n@mail.ru

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 1 =