«КАZsport» қанат қақты

0 132

Кеше «Қазмедиа» орталығында «КАZsport» мемлекеттік тұңғыш спорт телеарнасының ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға бел­гілі қазақстандық спорт­­шы­лар, Олимпиада ойын­­дарының чемпион­дары, халықаралық және рес­пуб­ликалық спорт жа­рыс­тарының жеңімпаздары, спорт ардагерлері қатысты.

Телеарнаның алауы жа­ғылар сәтте сахнаға қазақ спортының төрт буынынан өкілдер шығарылды. Ал­дыңғы буын өкілі ретінде грек-рим күресінен 1980 жылғы Мәскеу олимпиа­дасының чемпионы Жақсы­лық Үшкемпіров сөз сөйле­ді. Балуанмен бірге бүгінгі Мәжіліс депутаты, 2000 жыл­ғы Сидней олимпиадасында чемпион атанған Ольга Шишигина, екі дүр­кін олимпиада чемпионы Илья Ильин, шахматтан оқушылар арасында төрт дүркін әлем чемпионы Бибі­сара Асаубаевалар телеарна алауын тұтатты, ыстық лебіздерін білдірді.

Шара аяқталысымен «КАZsport» арнасының басшысы Диас Ахметшәріп журналистер сұрағына жауап берді. Оның айтуын­ша, «КАZsport» те­ле­ар­насының таралым ауқымы қазақстандық көрермен­дердің 70 пайы­зын қамти­тын болады. Сөзін жалғай келе ол: «Ар­на тәулiгi­не 20 са­ғат ха­бар таратады және эфир­лiк кестемiзге сай Қа­зақ­стан­ның iшкi жарыстарымен қатар, шетелдiк iрi додаларды да тiкелей эфирде трансляциялаймыз. Ол жалпы бағдарламалардың 70 пайызын құрайтын болады, қалған 20 пайызын – жаңалықтар, iшкi өнiм, бағдарламалар, 10 пайы­зын деректi фильмдер құ­райды» деді.

Телеарнадағы бағдар­ла­малардың 50 пайызы – орыс, 50 пайызы қазақ тілінде жарық көреді.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 15 =