Кавасаки қауіпті ме?

0 126

Елімізде, коронавируспен емделіп жатқан 114 баланың үшеуінен кавасаки синдромы анық­талған. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан, Петропавл қалаларында емделіп жатыр. Мамандардың мәліметінше, кавасаки дегеніміз инфекциялық аурулардың салдарынан жүрек қан тамырларының қабынуы. Яғни, негізгі қоздырғышы вирустық және бактериялық аурулар.

Кавасаки синдром белгі­лері инфекциялық аурумен науқастанғанда немесе арада 3-4 ай өткенде байқалады. Мамандар аурудың бұл түріне коронавирустің ықпалы бар екенін жоққа шығармайды. Әсіресе, балалар арасында жиі кездесуі мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекционист-дәрігері Жанар Бөкенова былай дейді.
– Ең бірінші, температура­ның өте жоғары болып, баланың денесінде бөртпелер пайда болады. Бетінде ала­қандарында, табандарында. Аяқтары ісініп, көзі қызаруы мүмкін. Бұлар – кавасакидің белгілері. Дереу дәрігерге қаралу керек.
Балалар арасында кеңінен етек алып келе жатқан ауру туралы әлем дабыл қағуда. Мысалы коронавирустың ошағын енді ауыздықтаған Италия елі кавасаки синдромымен түскен балалардың биыл үш есе көбейгенін мәлімдеген. Ғалымдардың кейбірі коронавирус инфекциясы ересектерде тромбоэмболия тудыруы мүмкін, ал балаларда кавасаки син­дромын өршітеді деген болжам жасаған. Себебі Еуропа және АҚШ-та аталмыш синдроммен ауырған балаларда ковид-19 тест нәтижесі оң болып шыққан. Кавасаки синдромын көп жағдайда дәрігерлер дұрыс анықтай алмайды. Мәселен, Марлидің демалуы өте нашарлап, дене қызуы 39 градус­ты көрсеткенде дәрігерлер мұны жәй суық тию деп бірнеше күн күтулерін сұраған. Бірақ, Марлидің жағдайы өте нашарлап, тамағында жұдырықтай ісік пайда болады. Тілі де қабынып, жүрегі айнып, денесін бөртпе басады. Осыдан ке­йін ғана дәрігерлер диагнозын қойып, емдеу шараларына бірден кіріседі. Және 6 апта бойы баланы үздіксіз емдеумен болған. Бұл індеттің симптомдары тым көп. Аяқтың ісінуі, көздің қызаруы, диарея, құсу, дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен аяқ-қолда аллергия сияқты бөртпенің пайда болуы – бас­ты белгілері. Жүрек соғысы да жиілей түседі. Мұндай жағдайда бала­лардың орта және кіші артериялары за­қымдалады. Буындар қабынып, егер уақытылы емделмесе инфарктқа де­йін ұласуы мүмкін дейді мамандар. Сондай-ақ көбінесе 5 жасқа дейінгі балалардың шалдығатыны да белгілі болды. Ресми дерек бойынша, елімізде бұл дерт жыл басынан бері 3 баладан анықталған. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Петропавл қалаларының тұр­ғын­дары. Сонымен қатар Ақтөбеде облыстық бала­лар ауруханасында жатқан 5 және 15 жастағы екі баладан да кавасаки ауруына ұқсас белгілер анықталыпты. Денсау­лық сақтау министір­лігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бұл өте сирек кездесетін ауру екенін айтты. Әзірше ауырған балалар туралы толық ақпарат жоқ. Алайда Ал Нұр-Сұлтанда ауырып жат­қан баланың жағдайын дәрі­герлер орташа деп бағалаған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =