Кастингтен көз ашпаған заман-ай

0 135

Телеарна арқылы миллион көрерменді жіпсіз байлаған «Суперстардан» белең алған эстрада мания  «X-фактор», «Жұлдызды сәтпен» жалғасып, көзге түскісі келетіндердің көсегесін көгертіп-ақ жүр. Құдды, грек  мифологиясындағы Пегас тұяғының тебінгенінен пайда бола қалған Ипокрена дерсің… Талант таңдау науқанынан табыс­ты шыққандар  әйтеуір күндердің күнінде шоу бизнестің шылауында кете барады. 

Осы да жете ме десек, жақында тағы сондай бір музыкалық бай­қау басталады екен. «Зажги звезду» деп аталады. Ресейде өтетін «Зажги свою звезду!» телевизиялық байқауына жолдама беретін қазақстандық псевдожобаны ұйымдастырушы қандасымыз, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург мемлекеттік «Зазеркалье» театрының әншісі Сәуле Ысқақованың сөзіне қарағанда, бұл да сол шарты бірінен-бірі аумайтын шараға ұқсайды. Яғни, тағы да әу дегенін әншілік деп түсінетіндер аузы-басын қисайтып, өндіршегін созып алдарындағы үш-төрт әділқазының кекетіп күлгеніне, миықтан мысқылдағанына (әсіресе, бес биенің сабасындай болып, өмірі сондай рөлден түспейтін Нағима Есқалиева ханымның оғаш қылықтары сондай жағымсыз – Ә.Ж) қарамастан, даңқ мәресіне дейін дамбалшаң жүгіріп баруға дайын десек артық айтқандық емес. «Ұялмаған әнші болады» деген осы. Кейде Ютуб (www.youtube.com) сайтын қарап отырып, сол «Суперстар», «X-факторлардың» іріктеу кезеңдерінен тұтылып, көпшіліктің ақақу-уақақу күлкісіне, келемежіне нысан болғандардың видеоларын ұшырастыра қалсақ, «е, байғұстар-ай, досқа күлкі, дұшпанға таба боп несі бар еді?» деп мүсіркейміз.

«Жұлдыз» болғысы келетіндер сұмдық көп бізде. Түнде жамырайтын жұлдызға теледидар-радиодан күнде жамырайтын «жұлдыз» жетеқабыл қазір. Ал, осы тектес телевизиялық байқаулар желігі басылмаған жастардың әнші-әртісті идеал көруіне кәдімгідей дем береді. Олар сол шетелде, Ресейде әбден жалықтырған жоба­лардың патентін сатып алып, оңай рейтинг жинағысы келетін телеарналардың әшейін қолбаласы болғанын сезіне ме екен?

Өткенде «Үйрек. Инфо» сайтынан «Ақтөбеде 11 жасар бала той-томалаққа тасып, ақша тапқызуға мәжбүрлеген ата-анасынан сот арқылы алпыс бес миллион табысын даулапты» деген ақпаратты оқығанда жағамызды ұстай жаздап, әдейі ұйымдастырылған қауесет екенін естіп «ееее» дескенбіз. Бірақ осы әзілдің астарынан бір шындықты шырамытамыз ғой. Қазір ата-аналардың өнерге ден қойған баласын ана байқауға бір, мына байқауға бір сүйрелеп, «жұлдыз» қылуға құмартатыны өтірік емес. Сосын әп-әжептәуір атын шығарып алғаннан кейін той жағалап, өз баласына өзі пайдакүнем продюссер болатындар да баршылық. Психологияда үнемі кішкентайынан жеңіске, жетістікке кенелген жандардың өмірдің бұралаң соқпағында қиындыққа тап болғанда, жанып кететінін жазады. «Комплекс отличника» дейді мұны. Егер арнайылап терсең, ондайға мыңдап мысал табылар еді. Бұрнағы жылы НТВ арнасынан көрген «Маленькие звезды: последствия» деген бағдарлама маған кәдімгідей ой салды. Іздеп тауып көрсеңіздер болады. Сондықтан «жұлдыз» болудың да жауапкершілігі бар екенін ескерейікші.

Әділбек Жапақ,
adikezh87@gmail.com

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + fourteen =