Кассалық аппарат – бақылау мен есепке алудың кілті

0 1  091

Қазіргі кезде еліміздегі заңи тұлғалар мен жеке кәсіпкер­лердің негізгі бөлігі қолма-қол ақшамен есеп айырысатын сауда операцияларын жүргізіп, қызмет түрлерін көрсетеді. Мұндай операциялардың өсуіне байланысты қолма-қол қаражаты айналымына фискалды органдар тарапынан қатаң да тиімді бақылау орнату қажеттілігі туындайды. 

Тұтынушылармен есеп айырысу барысында қолма-қол ақшаны қабылдап, есепке алуды тәртіпке келтіру, салық төлемдерінің бюджетке толықтай әрі уақытылы түсуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының салық заңдары қолма-қол ақша, банктік төлем карточкалары, чектер арқылы сауда операцияларын жасау немесе қызмет түрлерін көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысуға міндетті түрде фискалды жады бар кассалық-бақылау машинасын (КБМ) қолданып, бақылау чегін беру тәртібін белгіледі. Осылайша, КБМ кәсіпкердің табысын толық көлемде есепке алу тетігіне айналды.

Кассалық-бақылау машиналары дегеніміз – тауар сату, қызмет көрсету, жұмыс атқару барысында жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысу туралы ақпаратты тіркеп, ашып көрсететін фискалды модульдер, фискалды жады бар электронды қондырғылар және (немесе) компьютерлік жүйелер. Уәкілетті орган фискалды жады бар, Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат етілген Кассалық-бақылау маши­на­ларының мемлекеттік реестрі мен оны қолдану ережесін бекітеді.

КБМ-дарды тіркеу ҚР Қаржы министрінің 19.12.2007 ж. №469 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің бірі болып саналады. Салық кодексіндегі 645-баптың 4-тармағының 1-тармақшасына сәйкес КБМ-ды салық органында тіркеу қолма-қол ақша арқылы есеп айырысуға байланысты қызмет басталғанға дейін жүргізіледі. Тіркеу есебіне КБМ-ды уақытылы орнатпаған ретте, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 215-бабына сәйкес, салық төлеушілерге қатысты әкім­шілік шара қолданылады. Кассалық аппаратқа байланысты тақырып – бақылаушы органдар үшін ауқымды әрі өте «табысты» ендік. Өкінішке орай, мұндай түленнің түгін тартып, май соратын алақол тірліктен салық қызметі де сырт қалмай жүр. Салық қызметі органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою басты міндеттердің бірі саналады. Осы проблеманы түбегейлі шешу үшін ұзақ мерзімді стратегиялық шараларды да, жедеғабыл нақты амалдарды да қолға алу қажет. Сыбайлас жемқорлық салық қызметі органдарының беделіне қара дақ салып, жұртшылық сенімін ірітеді, мемлекеттің нарықтық қарым-қатынастарды дамыту мұратына нұқсан келтіріп, экономикалық және ұлттық қауіпсіздіктің іргесін шайқалтады.

Сыбайлас жемқорлықтың келең­сіздіктеріне жол бермей, оларды туындататын құқық бұзушылық көріністерінің алдын алу мақсатында салық қызметі органдарының қызметкерлері ҚР ҚМ салық комитеті төрағасы­ның 30.09.2006 ж. №474 бұйры­ғымен бекітілген Кәсіби этика кодексінің және аталған коми­теті басшының 26.11.2007 ж. №689 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының салық қызметі органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясының» талаптарын қатаң сақтайды.

Салық органдары қызметкер­лері арасында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы заңдарды оқып, арнаулы бап талаптарын бұзатын іс-әрекеттерге жол бер­меу жөнінде семинарлар өткізіледі. Салық органдары қызметкерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттері жөнінде кез келген салық төлеушінің хабарласуына мүмкіндік беретін сенім телефондары жұмыс істейді. Сөй­те тұра, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау туралы» 12.01.2007 ж. №221-3 заңына сәйкес «домалық арызшылардың» талап-шағым­дары қаралмайды.

Салық органының атауы:                                                             Сенім телефоны:
Астана қаласы бойынша салық департаменті                                         773 – 190
Сарыарқа ауданы бойынша салық басқармасы                                  773 – 225
Алматы ауданы бойынша салық басқармасы                                          376 – 803
Есіл ауданы бойынша салық басқармасы                                             678 – 131

Раушан БЕЙСЕНОВА,
Сарыарқа ауданы бойынша салық басқармасы тіркеу бөлімінің бастығы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 15 =