КАСПИЙДІҢ АРҒЫ ЖАҒЫ, БЕРГІ ЖАҒЫ

0 118

04(8)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Иран Ислам республикасының президенті Хасан Руханимен кездесті.

Кездесу барысында қазақ-иран өзара ықпалдастығын одан әрі дамыту мен нығайтудың негізгі жолдары мен тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, экономика, энергетика, инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қозғалды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иранның арасындағы қарым-қатынас әрдайым тұрақты дамып келгенін және бүгінгі таңда бұл жарасымды ынтымақтастықтың әрі қарай өркендетуге қажетті әлеует бар екенін айтты.

Ал, Хасан Рухани өз кезегінде Иран жағы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті.

Тараптардың кеңейтілген құрам­дағы кездесуі кезінде Мемлекет басшысы Қазақстанның Иран Ислам Республикасын әлемдегі ғана емес, Каспий өңірі бойынша да маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Иранның ядролық мәселесінің де шешімін табатынына және осы елдің эконо­микасының дамуына септігін ти­гізетіндігіне сенім білдірді.

Бұдан кейін мемлекет басшылары баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Елбасы Иран президенті Хасан Руханидің елімізге сапары маңызды екенін айта келіп, «Иран – әлемдегі аса ірі және маңызды әріптесіміз әрі Каспий жағалауындағы тату көршіміз» деп атап өтті.

Қос тараптың келіссөздері барысында қандай мәселелер талқы­ланғанын атап өткен Елбасы көлік-транзит саласын дамытуға басымдық берілгенін жеткізді. Осыған байланысты Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы теміржол магистралі биылғы қа­раша айында ашылатыны белгілі болды. Егер осы ірі жол торабы іске қосылса, еліміздің бидай экс­портының көлемі 5 есе ұлғаймақ. Жаңа магистраль 10 миллион тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстанның Парсы шығанағындағы барлық мемлекетке шығуына жол ашады.

Иран Президентінің Қазақстанға сапары аясында бірлескен мәлім­демелер қабылданды. Атап айт­қанда, екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасында ынты­мақтастық туралы бесжылдық бағдарлама құру, жолаушылар мен жүктердің халықаралық авто­мобиль тасымалы туралы және ын­тымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы төңірегінде келісімдер жасалды.

Бұдан кейін президенттер Қазақстан-Иран бизнес-форумына қатысып, «Назарбаев универ­си­тетіне» барды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 10 =