Кәсіптік оқыту көкжиегі

0 36

2021-2022 оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласында техникалық және кәсіптік оқуға 9265 адам қабылданады. Соның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы 4652 орынды құрайды. Оған жергілікті бюджеттен 3602 орынға, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 1050 орынға қаржы бөлініп отыр. Соңғы үш жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс 247 орынға көбейді. Ал биыл мемлекеттік тапсырыс 100 орынға ұлғайды. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында осыны баяндаған Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова аталмыш жұмыспен таныстырды.

СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТАР АНЫҚТАЛДЫ

Оның айтуынша, талапкерлердің өздері колледждер мен мамандықтарды таңдайды. Яғни мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша нақты қабылдау қорытындыларына сәйкес орналастырылады. Бұл мемлекеттік тапсырысты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Үміткерлер тиісті тізімге кіретін колледжерді таңдай алады.
– Егер бұрын түсу емтихандарын, конкурсты колледждер өз бетінше өткізсе, биылдан бастап түсу емтихандары алынып тасталды. Ал конкурс орташа конкурстық балл бо­йынша автоматтандырылған режимде өткізілетін болады. Бұл шаралар кадрларды даяр­лау сапасын арттыруға, колледждер арасында бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Р.Иманғазинова.
Қазір кәсіптік білім беру жүйесінде еңбек нарығының қажеттіліктеріне жауап беретін оқыту бағдарламасын жетілдіру және қайта бағдарлау жүріп жатыр. Осыған байланысты елорданың әлеу­меттік-экономикалық дамуына қажет мамандықтарды анықтау үшін биылғы ақпан айында мүдделі мемлекеттік органдарға хат жіберілді. Бұл қатарда Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы, өңірлік кәсіпкерлік палатасы бар.
– Неғұрлым сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі анықталды. Білім беруге 1 мың орын, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз етуге 275 орын, қызмет көрсету саласына 600 орын, дін және теологияға 50 орын, кітапхана ісі және ақпаратты өңдеуге 15 орын, маркетинг және басқаруға 200 орын, ақпараттық-коммуникация­лық технологияға 575 орын, электроника және энергетикаға 195 орын, механика және металл өңдеуге 360 орын, автокөлік құралдарына 200 орын, өндірістік және өндеу салаларына 375 орын, сәулет және құрылысқа 582 орын, өсімдік шаруашылығына 50 орын, көлік қызметтеріне 100 орын бөлінді. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның шешімімен тапсырысты іске асыруға 24 колледжге рұқсат берілді. Бұл колледждердің тоғызы – мемлекеттік, он бесі – жекеменшік. Талапкерлермен байланыс жасау үшін виртуал­ды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Қабылдау 25 маусымда басталып, 18 тамызға дейін жалғасады, – деді Р.Иманғазинова.

ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ҚАШЫҚТАН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Талапкерлер төрт оқу орны және төрт мамандық арасында таңдап, орта буын және қолданбалы бакалавриатқа өтініш бере алады. Талапкерлер құжаттары «Электронды үкімет» порталында авторизациядан өтеді. Нұр-Сұлтан қаласы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес 17 шілдеден бастап колледждерге құжаттарды қабылдау қашықтан жүргізіліп жатыр.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектер, ерекше қажеттілігі бар балалар және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 1 пайыз, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын ауыл жастарына 30 пайыз, жетім балаларға 1 пайыз, көпбалалы отбасыларға 5 пайыз, толық емес отбасылардан шыққан балаларға 1 пайыз, қандас санатындағыларға 10 пайыз квота бөлінеді. Талапкерлерді саралау тоғызыншы сынып түлектері үшін 23 тамызға дейін, он бірінші сынып түлектері үшін 25 тамызға дейін жүргізіледі. Конкурс қорытындысы Білім басқармасының ресми интернет-ресурсында жарияланады.

ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ КӨРСЕТКІШІ – 92 ПАЙЫЗ

Қоғамдық кеңес мүшесі Владислав Сергеев колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші қандай болып жатқанын сұрады. Қазір қалада краншыларға, газ мамандарына үлкен сұраныс бар екенін айтып өтті.
– Газ мамандарына мемлекеттік білім беру тапсырысы 25 орынға бөлінген екен. Бұл тым аз. Бүгіндері елорданы газдандыру ісі қызу жүргізіліп жатыр. Демек, алда сұраныс одан сайын артады, – деді В.Сергеев.
Римма Иманғазинованың айтуынша, елорданың қарқынды дамуына байланысты осы күндері «Туризм және сервис» мамандығына сұраныс жоғары. Ал техникалық және кәсіптік білім беру орындары түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 92 пайызды құрайды. Мәселен, өткен жылы қала колледждерінен 6603 түлек түлеп ұшса, олардың 6081-і жұмысқа тұрғызылған.

ҚАЛАҒА ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚАЖЕТ

Қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Смайылов сәулет және құрылыс саласындағы нақты қандай мамандықтарға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініп отырғанын сұрады.
– Қазір қалаға краншылар, дәнекерлеушілер, бетоншылар, тас қалаушылар жетіспей жатыр. Елордада бұл күндері халықты баспанамен қамту бойынша біраз бағдарлама жүзеге асырылуда. Бірақ сонымен қатар құрылыс мамандықтарының үлкен тапшылығы бар. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелден жұмыс күшін алдыруға шектеу қойып отыр. Бұл – үлкен проблема. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Білім басқармалары осы проблемаға ерекше көңіл бөлуі керек, – деді Б.Смайылов.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова елордада құрылыс-техникалық колледж бар екенін айта келе, мемлекеттік тапсырыс негізінен техник-құрылысшы, көп бейінді құрылыс шебері, ағаш шебері, слесарь-сантехник, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары инженерлік жүйелерінің шебері, газ нысандары жабдықтарын пайдаланудың технигі, лифттер мен эскалаторлардың электромеханигі, техник-гео­дезист мамандықтарына бөлінетінін айтып өтті.

ТІГІНШІЛЕРДІ ҚАЙДА ОҚЫТАДЫ?

Қоғамдық кеңес мүшесі Жанат Нұрғалиев тігін өнеркәсібі мамандарына сұраныс соншалықты болмай отырғанын, тігіншілердің тапшылығы да жоқтығын айта келе, осы мамандықты бір жыл бойы оқымай, курс­тарда меңгеруге болатыны жайлы пікірін жеткізді.
– Бірақ тігінші өнеркәсібінің бір маманын оқыту 418 мың теңге тұрады. Ал педагог маманды даярлау 378 мың теңгені құрайды. Неге тігіншіні дайындауға көбірек қаржы жұмсалады? Қазір бізде бас­тауыш сынып мұғалімдерінің үлкен тапшылығы бар ғой. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты қайта бөлуді ұсынамын, – деді Ж.Нұрғалиев.
Римма Иманғазинованың сөзінше, мемлекеттік тапсырыс «Тігін өнеркәсібі және модельдеу» мамандығына орналастырылады. Бұл мамандыққа тиісті тапсырыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен – 663 орынға, «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасынан – 147 орынға, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан 332 орынға түскен.
– Қалалық Білім басқармасы кәсіпорындармен тікелей жұмыс істемейді. Біз тек тапсырыстың техникалық жағын орындаймыз. Кәсіпорындар сұраныстарын «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасы мен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жинайды. Тігінші (швея – А.Қ.) мамандығына 100 орын бөлінсе, біз жыл са­йын ЕЦ-165/5 мекемесіне 25 орын бөлеміз. Онда 11-сынып базасында тігін өнеркәсібі оқытылады. Оқу мерзімі – 10 ай. Тігінші (портной – А.Қ.) мамандығына 50 орын, мата модельері мамандығы 25 орын бөлінді. Оқу мерзімі 9-сынып базасында – 2 жыл. Бұл мамандықтар бойынша қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, менеджмент және бизнес колледжі, технологиялық колледж оқытады. Бұл оқу орындарының осы салада көп жылғы тәжірибесі бар. «Тігін өнеркәсібі және модельдеу» мамандығы «Жас маман» жобасы бойынша «Сұранысқа ие 100 мамандық» тізіміне кірді, – деді Р.Иманғазинова.

МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС 48 МАМАНДЫҚҚА БӨЛІНДІ

Қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның мүшесі екенін айта келе, мемлекеттік тапсырыс 15 бағыт бойынша 48 мамандыққа бөлінгенін жеткізді. Оның айтуынша, аталмыш комиссия және қалалық мәслихат депутаты Айтжан Әбдіровтің құрылыс және педагог мамандандарды даярлау бойынша айтқан ұсыныстарын Білім басқармасы ескерді.
– Меніңше, қажет мамандықтарға бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырысты бөлу аймақтың индустриалды-инновациялық дамуына сәйкес жүргізілді. Біз квотаны дәл бүгінде қат мамандықтарға бөлдік. Білім басқармасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Кәсіпкерлер палатасының талдауларын, «Жаңа мамандықтар атласын» ескеріп, тиісті тізімді әзірледі, – деді Ә.Бимендина.
Қоғамдық кеңес мүшесі Владислав Сергеев болашақта колледждерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде Құрылысшылар одағы секілді салалық қауымдас­тықтардың да ұсыныстарын жинау керектігін айтты. Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова мұны ескеретіндерін жеткізді.
– Елорда қарқынды дамып жатыр. Әрине, қалаға керек мамандықтарды даяр­лау керек. Сол үшін әр сала бойынша алдын ала талдау жасау қажет. Бірақ қазіргі жағдайды да ескерген жөн. Пандемия, карантин болатынын ешкім болжаған жоқ. Бүгіндері тігінші мамандығына оқыту маңыздырақ шығар. Сол арқылы үйде отырған әйел нәпақа таба алады. Жұмысқа орналасатын болса, онда мамандығы болады, – деп түйіндеді осы мәселені қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов.

МЕКТЕПТЕР КӨБЕЙДІ, МҰҒАЛІМДЕР ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Отырыста елордадағы білім сапасы мәселелері де талқыланды. Тиісті баяндаманы Білім және ғылым министрлігі комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бағым Көптілеуова жасады.
Қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина соңғы уақытта қалада білім беру сапасы төмендеп бара жатқанын айтты.
– Бұған пандемияның да әсері болды. Сондықтан аталмыш департаментке ұсыныстарымызды айттық. Бұл органның білім беру ұйымдарын тексеруге толық құқығы бар, – деді Ә.Бимендина.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов мұғалімдерді даярлауға көп көңіл бөлу керектігін айта келе, білім саласында шешілуі тиіс мәселелер барын айтып өтті.
– Осы қаланың байырғы тұрғыны болғандықтан, жағдайды бақылап жүремін. Соңғы жылдары мектептердің саны күрт өсті. Кезінде, астана көшпей тұрғанда мында мұғалімдерді даярлайтын институт болған. Қазір елордада 1 миллион 200 мыңнан артық халық, жүзден астам мектеп бар. Қай оқу орны мұғалімдерді дайындайды? Білім беру сапасы тікелей мұғалімдердің дайындығына байланысты. Соңғы екі-үш жыл көлемінде қалалық Білім беру басқармасының басшысы жиі ауысты. Жаңа басшы келіп бір істі бастап, аяғына жеткізбей ауысып жатыр. Бұл жағдай мектептерге де кері әсерін тигізіп отыр. Жекеменшік мектептер де бар. Баяғыда «Нұр Орда» мектебін түріктер басқарғанда, қала тұрғындары сол мектепке балаларын беруге тырысатын. Сол кезде бұл оқу орнына кезекке тұратын. Түріктер кеткен соң сапа төмендеді. Мұны ата-аналардан естіп жатырмын. Сапаны кім тексереді?

БІЛІМ САПАСЫНА НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Бағым Көптілеуованың айтуынша, қалада мұғалімдерді даярлайтын гуманитарлық колледж, басқа да бірнеше кәсіптік оқу орны бар. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Білім басқармасы жанындағы Білім беруді жаңғырту орталығымен бірге Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен мұғалімдерді даярлау бойынша келісімшартқа отырды. Құжатта білім сапасына қатысты тиісті талаптар көрсетілген.
– Колледждерді немесе жоғары оқу орындарын бітірген педагогтар «Мұғалім мәртебесі туралы» заңы негізінде біліктілік тестілеуін тапсырды. Олардың көбі қажет балдарды жинай алмады. Себебі алған білімдерінің сапасы өз деңгейінде болмады. Сондықтан Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасымен жоғары оқу орындарында оқыту сапасы тексеріліп жатыр, – деген Б.Көптілеуова мектептердің материалдық-техникалық базасын жасақтау кезінде Білім басқармасы Құрылыс басқармасымен бірігіп жұмыс істеу керектігін айтып өтті. Оның сөзінше, білім сапасына осы жағдай да үлкен әсерін тигізеді.
– Биылғы оқу жылында бізде үш мектеп лицензиясыз жұмыс істеді. Бұл – №3 арнайы мектеп, №89 мектеп-лицей және №90 мектеп-гимназия. Екеуі наурыз бен сәуір айларында лицензия алды, ал 90 мектеп-гимназия әлі лицензияны ала алмай отыр. Себебі материалдық-техникалық базасы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес біліктілік талаптарына сәйкес келмейді, – деген Б.Көптілеуова оқулықтармен қамту жағынан да мәселелер барын жеткізді. Аталмыш мәселелерді бірігіп шешуге шақырды. Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов жекеменшік мектептердің оқыту сапасын тексеру керектігін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − three =