Кәсіптік білімнің көкжиегі

0 220

Бүкіл дүние жүзіне тараған COVID-19 вирусы ел экономикасының әр саласына, соның ішінде білім саласына да кері әсер еткені белгілі. Қысқа мерзімде оқыту процесін жүзеге асыру үшін педагогтер де, білім алушылар да оқытудың жаңа форматына ауысу қажет болды.Білім беруде ерекше қиындықтар туғызған білім саласының бірі – техникалық және кәсіптік білім беру (КжТБ). Себебі білім берудің басқа деңгейінен ТжКБ айырмашылығы – теориялық білім беруден гөрі тәжірибе басым болуы керек.
ТжКБ ұйымдарында қызмет атқарып жатқан педагогтер көптеген қиыншылыққа тап болды. Әсіресе тәжірибелік сабақтарды өткізіп, болашақ мамандардың кәсіби құзіретін шыңдау мәселелері, студенттердің өзіндік жұмысын ұйым­дастыру және т. б. сұрақтар бойынша көп мәселе туды.
Белең алған жағдайда оқыту әдіс­темесінде түбегейлі жаңа бағыт іздеу қажет екендігі белгілі болды. Электронды оқыту мен қашықтан оқыту технологиясын қолдану ең тиімді амал еді.
Осы орайда еліміздің ТжКБ саласының педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы біршама жұмыс істеді.
Соның ішінде «Talap» КЕАҚ оқу-тренингтік орталығы штаттан тыс тренерлерімен бірлесе отырып, қысқа мерзімде ТжКБ саласының педагогтеріне арнап екі тақырып бойынша тегін 36 сағаттық қашықтан біліктілік арттыру курсын әзірледі. Аталған курстарға тек ТжКБ саласының емес, білім берудің барлық деңгейіндегі ұстаздары қызыға бастады.
Қашықтан біліктілік арттыру курс­тарының бірі «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы қашықтан оқыту: контентқұрудан бастап оқу процесін ұйымдастыруға дейін» деп аталады.
Курстың мақсаты – ТжКБ ұйымдарының педагогтерін сапаны төмендетпей қысқа мерзімде оқыту процесін қашықтағы форматта құруға мүмкіндік беретін ең қарапайым және интуитивті құралдармен жұмыс істеуге үйрету.
Курс видео-дәрістер, тәжірибелік сабақтар, түрлі сервистерді/платформаларды қолдану бойынша нұсқаулық түріндегі оқу кешенімен қамтамасыз етілген.
Курстың басты ерекшелігі–тың­дау­шылар тек сервистерді/платформаларды пайдалану туралы нұсқаулар алумен шектелмейді, сонымен бірге әр ресурстың студенттердің білім алу қажеттіліктері мен қабілетін ескеруге мүмкіндік беретіндей етіп жасалғанында.
Біліктілікті арттыру курсының тағы бір маңызды тақырыбы – «Қашықтан оқыту жағдайында студенттердің өзіндік жұмысын ұйым­дастыру».
Күрделі жалпы мәдени және кәсіби құзіреттіліктердің дамуына байланысты қашықтан оқыту кезінде студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруға қойылатын талаптар онлайн форматта жұмыс жасау кезінде едәуір артады.
Курстың мақсаты мен міндеттері – студенттерді өз бетінше жұмыс істеуге ынталандыру үшін студенттерді қажетті біліммен қамтамасыз ету, оқу материалын студенттердің сапалы меңгеруіне және оқу міндеттерін орындауға ықпал ететін, белсенді оқыту әдістерін меңгеруге әдістемелік көмек көрсету.
Аталған бағдарламада тақырыптар бойынша материалдар видео-дәрістер, тыңдаушыларға арналған активитилер мен тәжірибелік тапсырмалар, үлестірмелі материалдар, шеберлік-сыныптар және тыңдаушылардың өз бетінше оқуына арналған әдебиеттер тізімінен құрылған.
Қалыптасқан құзіреттілік пен дағдыны бағалау үшін курстық оқытудың нәтижелерін анықтау мақсатында тыңдаушылар бағдарламалар курсының мазмұны бойынша тесттен өтеді. Біліктілікті арттыру сертификатын тесттен сәтті өткен тыңдаушылар тегін алады.
Барлық материалдар «Talap» КЕАҚ сайтында(http://kasipkor.kz), Telegram каналдарында (https://telegram.me/utcdot және https://telegram.me/utcsrs) орналастырылған.
Курстан өту үшін ресми тіркелудің, ұсыныс жіберудің қажеті жоқ. Педагогтер бос уақытында көрсетілген дерек көздерінде материалдарды игеріп, «Talap» КЕАҚ сайтында тесттен өтеді және сол жерден сертификаттарын жүктеп ала алады.
Және ерекше атап өтетін жағдай аталған курстар тек еліміздің емес, сонымен қатар Ресей секілді көрші ел ұстаздарының қызығушылығын тудырып отыр. Яғни жалғыз біздің ТжКБ саласында емес, барлық елдерде қазір қашықтан оқыту сұрақтары келелі мәселелердің бірі болып отыр.
Қорыта келе айтарым– елімізде келең алған осы жағдайда «Talap» КЕАҚО оқу-тренингтік орталығы тек біліктілік арттыру курстарын емес, сонымен қатар педагогтерге арнап тегін вебинарларды да жүйелі түрде өткізуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы қиын-қыстау кезеңде педагогтерге арнап жасалған азды-көпті көмегіміз осындай және бұл әлі де жалғасады.

Нұрдәулет Жанайдаров,
«Talap» КЕАҚ
оқу-тренингтік
орталығының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =