Кәсіптік білімнің беталысы қандай?

0 47

 

Елордада қазір 26492 адам техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған. Соның 14085-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытатын 34 колледжде оқиды. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған жоспары бекітілген. Басым бағыттардың бірі – дуальді оқытудың тетігін жетілдіру.

Қазіргі таңда қаладағы 26 колледж 34 мамандық және 60 біліктілік бойынша дуальді оқытуды енгізді. Осы оқытуға шаһардың 189 кәсіпорнын тарту арқылы 3575 студент бұл оқумен қамтылды.

ӨНДІРІСТІК ТӘЖІРИБЕ УАҚЫТЫ ЕҢБЕК ӨТІЛІНЕ ҚОСЫЛАДЫ

Қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында осыны қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шәкәрім Сейсенбай баяндады. Аталмыш жиын бас қалада дуальді оқытуды дамыту және колледж түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелеріне арналды.
– Қазіргі таңда қаладағы 26 колледж 34 мамандық және 60 біліктілік бойынша дуальді оқытуды енгізді. Осы оқытуға шаһардың 189 кәсіпорнын тарту арқылы 3575 студент бұл оқумен қамтылды. Яғни, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде дуальді оқытуға іліккен колледж студенттерінің үлесі – 24,7 пайыз. Соңғы бес жылда дуальді оқытумен қамтылған студенттердің саны 3424 адамға артты. Мәселен, 2016 жылы бұл жүйеде 151 студент қана тіркелген еді, – деді Ш.Сейсенбай.
Оның айтуынша, Білім басқармасы, Кәсіпкерлер палатасы, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында өзара ынтымақтастық, жұмысқа орналасу және өндірістік практикадан өту туралы 312 меморандумға қол қойылған. Орташа алғанда бір оқу орны 30 кәсіпорнымен келісімшартқа отырған. Бірақ әлеуметтік серіктестер одан да көп болуы мүмкін. Мысалы, технологиялық колледжде 52 серіктес, қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде 38 серіктес бар.
– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, дуальді оқытуға қатысатын кәсіпорындардың 97 пайызының колледж түлектерінің даярлығына көңілі толады. 2020 жылы қала колледждерін 6603 түлек бітірді. Соның 6081-і немесе 92 пайызы жұмысқа орналасты. Былтыр дуальді оқытумен жиыны 728 адам қамтылды. Осылардың жұмыспен қамтылу деңгейі – 91 пайыз. Қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігінің 50-бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Соған сәйкес дуальді оқыту кезінде студенттердің өндірістік тәжірибеден өту уақытын еңбек өтіліне қосу жоспарланып отыр. Бұл шара колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Баяндамашы бұл бағыттағы шешілуі тиіс мәселелерді де жасырмады. Соның бірі – орта және шағын бизнес кәсіпорындары колледж түлектерін тобымен немесе шағын топпен жұмысқа қабылдай алмайды. Яғни, осындай бір кәсіпорынға екі-үш түлек қана жұмысқа тұра алады. Кәсіпорындар жанындағы жұмыскерлердің біліктілігін арттыру орталықтары да жеткіліксіз.

Осы жылдың басынан 1877  жас азамат  жұмысқа орналасуға өтініш беріп, 1530 адам немесе жастардың 81,5 пайызы әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған.

ЛОГИСТИКА – ЖАҢА МАМАНДЫҚ

Елордадағы жоғары көлік және коммуникация колледжінің дуальді оқытуды енгізгеніне он жылға жуықтады. Осы оқу орнының директоры Зұлпыхар Ғайыпов колледждің бұл бағыттағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, колледж осы тараптағы жұмысты 2012 жылы бастаған. Сол жылдың қараша айында Білім және ғылым министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және колледж арасында үш жақты келісім жасалды. Сол арқылы дуальді оқыту төрт мамандық бойынша жүргізіле бастады. Бұл – электрмен қамтамасыз ету, теміржолдың жылжымалы құрылымдарын пайдалану және жөндеу, теміржол көлігімен тасымалды ұйымдастыру және осы көлікті басқару, теміржолда жолдар мен жолдар шаруашылығы құрылысы мамандықтары.
– 2017 жылы біздің колледжді 179 түлек бітірді. Олардың барлығы келісімшартқа сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бөлімшелеріне жұмысқа орналасты. Бүгінгі таңда осы төрт мамандыққа тағы екі мамандық қосылды. Оның біріншісі – есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, екіншісі – логистика. Бұл – жаңа мамандық. Сонымен қазір колледждегі 14 мамандықтың алтауы бойынша дуальді оқыту жүргізіліп жатыр. Дуальді оқытудың мақсаты – теориялық білім ғана емес, өндірісте тәжірибе жинақтау, – деді З.Ғайыпов.
Бір жақсысы, осы оқыту арқылы белгілі бір кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтетін аталмыш колледж студенттері студент кезінен жұмысқа қабылданып жатыр. Оқу жоспары да әлеуметтік серіктестермен бірге бекітіледі. Қазір 9 студент бас қаладағы электровоз құрастыру зауытына жұмысқа тұрған. Әрқайсысы 120 мың теңге көлемінде өтемақы алады.
Колледж директоры дуальді оқытудың артықшылықтарын да атап өтті. Оның пікірінше, біріншіден, студенттер ерте бастан еңбек етуге бейімделеді. Екіншіден, түлектердің жұмысқа тұру мүмкіндігі артады. Ал үшіншіден, жұмыс беруші студенттің өндірістік тәжірибеден өту кезінен оның өзін көрсетуіне қарай керек маманды таңдай алады.
– Дуальді оқытудың әлсіз тұстары да бар. Кәсіпорындар кадрларға деген қажеттілікті болжай алмайды. Оларда сондай арнайы бөлім жоқ. Бұл – тиісті кәсіпорындарда ғана емес, жалпы алғанда қалалық, тіпті, мемлекеттік деңгейдегі үлкен проблема. Индустрия саласындағы шағын кәсіпорындардың
дуальді оқытуға қызығушы­лығы төмен. Бұл да – бір мәселе. Бизнес өкілдерінің жас мамандарды ынталандыруға құлшынбай, бұған шығындағылары келмейтіні де бар, – деді З.Ғайыпов.

ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫ КЕРЕК

«Astana Polytechnic» жоғары колледжінде дуальді оқыту 2013 жылы енгізілді. Осында қазір бес мамандық бойынша үш бағытта 308 студент осы оқытумен қамтылған. Бұл – жалпы білім алушылардың 16 пайызы. Осыны айтқан аталмыш колледж директоры Қасымхан Сенғазыев бұл студенттердің барлығы өтемақыдан бөлек стипендия алып жатқандарын жеткізді.
– Колледжіміздің серіктестері – қалада тұрақты жұмыс істеп жатқан 26 компания. Құрылыс саласындағы бір ғана серіктес – «Bazis Construction» компаниясы. Екінші бағытымыз – автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу және пайдалану, ал үшіншісі – байланыс және телекоммуникациялар. Бұл бағыт бойынша «Қазақтелеком», «Қазпошта» сияқты ірі компаниялармен және осы саладағы басқа да серіктес­тіктермен қарым-қатынас орнаттық, – деді колледж директоры.
Оның айтуынша, 2019-2020 оқу жылында 355 колледж түлегі дуальді оқыту жүйесімен қамтылды. Соның ішінде белгілі бір кәсіп­орында өндірістік тәжірибеден өткен 241 адам немесе түлектердің 67,8 пайызы сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Ал 43 адам немесе 12,1 пайыз жоғары оқу орындарына түсіп, 69 адам әскерге шақырылды.
– Түлектердің жұмысқа орналасу үлесі – колледждің ұлттық рейтингідегі негізгі көрсеткіштердің бірі. Дуальді оқытудың нәтижесі мен тиімділігі жақсы. Бірақ бүгіндері осы оқытуды кеңейту мәселесі серіктестерден емес, оқу орындары тараптарынан ғана көтеріледі. Осы орайда өңірлік кәсіпкерлік палаталарының бұл бағыттағы жұмысын жандандыру қажет деп санаймын. Еңбек нарығына талдау жасау мәселесі де бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұл нарықты зерттейтін, зерделейтін ұйым керек. Мұнымен Жұмыспен қамту орталығы немесе үкіметтік емес ұйымдар айналыса ма, әйтеуір бір жолын табу қажет. Ол ұйым үнемі мониторинг жүргізіп, Білім басқармасы немесе колледждерге тиісті ақпаратты беріп отырса, жақсы болар еді. Бұл жұмыста жаңа мамандықтар мен кәсіптердің атласын және бекітілген аумақтарды дамыту бағдарламасын қолданғаны жөн, – деді Қ.Сенғазыев.
Колледж директоры студенттердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл іс дуальді оқытудың көкжиегін кеңейтеді. Себебі қазір 15-16 жасар жасөспірімдерді кейбір кәсіпорындар өндірістік тәжірибеден өтуге қабылдаудан аяқ тартып отыр. Бүгіндері колледж студенттерінің біліктілігін арттыру тетіктері әлі пысықталмаған екен. Бұл тараптағы нормативтік-құқықтық құжаттар әзірленбеген.
– Осыған байланысты Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының тәжірибесін ескеріп, Нұр-
Сұлтан қаласында техникалық және кәсіптік білім беру орталығын құру керек. Өйткені қазір Білім басқармасында осы салаға екі-ақ адам жауап береді. Оның бірі – бөлім басшысы, екіншісі – бас маман, – деді колледж директоры.

Құрылыс компаниялары кірпіш қалау­шылар, сантехниктер, электриктер жетіспейтінін де айтып жатыр. Жақында елордада 400 автобус жүргізушісі жетіспейтінін білдік.

ҚАНША ЖАС ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ?

Осы жылдың басынан 1877 жас азамат жұмысқа орналасуға өтініш беріп, 1530 адам немесе жастардың 81,5 пайызы әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. Соның ішінде 540 адам тұрақты жұмысқа тұрып, жастар практикасына 223 адам (жоғары оқу орындарының 176 түлегі, колледждердің 47 түлегі) қабылданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 30 адам орналасып, қоғамдық жұмыс­тарға 715 адам жіберілді. Мұны қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина баяндады.
Оның мәлімдеуінше, SMM менеджері, кондитер, тігінші, аспаз, шаштараз, контролер-кассир секілді қысқа мерзімдік оқытуға 22 жас жіберілген. Жеті адамға 200 АЕК немесе 583400 теңге көлемінде жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға мемлекеттік гранттар берілді. Соның ішінде гранттар қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, көтерме және бөлшек сауда, өндіріс және өнеркәсіп, тігін өнеркәсібі, ақпараттық қызмет салаларына бөлінген.
– Карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты бос орындар жәрмеңкелері онлайн режимінде өткізіледі. Жыл басынан бері осындай алты жәрмеңке ұйымдастырылды. Апта сайын жұмыс берушілермен онлайн кездесулер өтіп тұрады. Жастар практикасына жіберілетіндер қолға 80 мың 433 теңге алады. Бұл практикамен биылғы жоспар бойынша 900 адамды қамтымақпыз. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы қолға алынды. Бұл жоба 29 жасқа толмаған жұмыссыз, жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға, білім беру ұйымдары түлектеріне арналады. Жоба бойынша адам 2 жыл мерзіміне тұрақты жұмысқа тұрғызылады. Айлық 58 мың 340 теңгені құрайды, – деді С.Нұрғожина.
Оның айтуынша, өткен жылы қаланың жоғары оқу орындары мен колледждерді 20952 түлек бітірді. Соның 13730-ы жұмысқа орналасты. Ал биыл техникалық және кәсіптік білім беру орындарын 7043 адам бітіреді. Болжам бойынша, солардың 1466-сы Жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Жастар практикасына 677 орын, алғашқы жұмыс орнына 90 орын және жетім балаларға 322 жұмыс орны дайындалды.

ТӘЛІМГЕРЛЕР ТАПШЫЛЫҒЫ НЕМЕСЕ ЖАҢҒЫРТУ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАЛАҚЫ НЕГЕ ТӨМЕН?

Қалалық мәслихат депутаты Нұрдәулет Оразханов шетел кәсіпорындарында екі студентке бір тәлімгерден бекітілетінін, ал Нұр-Сұлтанда бір тәлімгер 14 студентті үйретуге мәжбүр екенін айта келе, неге бұлай екенін сұрады.
– Елордада тәлімгерлерді дайындайтын орталықтардың тапшылығы мәселесі бар. Бұл мәселе қазір Білім және ғылым министрлігі деңгейінде қаралып жатыр. Түптің түбінде осы проблема қаржының бөлінуіне барып тіреледі, – деді осы сұраққа жауап берген Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шәкәрім Сейсенбай.
Депутат Айтжан Әбдіров­ті дуальді оқытуға қатысатын кәсіпорындарға қандай талаптар қойылатыны қызықтырды. Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинованың айтуынша, оларда тәлімгер, оқу сыныптары және жұмыс орындары болу керек. Бас­тысы, тиісті кәсіпорындар Кәсіпкерлер палатасының тізіміне тіркелуі қажет.
– Тәлімгерлер мәселесін айтып жатырмыз. Білім басқармасы жанында жаңғыр­ту орталығы бар екенін білеміз. Неге бұл орталық тәлімгер мәселесімен айналыспайды? – деген сауал қойды депутат Ләззат Разбекова-Төлеуханова.
Жаңғырту орталығы қыз­меткерлерінің жалақысы төмен болғандықтан, оған тәжірибелі мамандар жұмысқа келмейтінін айтқан Ш.Сейсенбай осы орталық қызметін жетілдіру керектігін жеткізді.
– Жаңғырту орталығы әдіскерлерінің жалақысын көтеру керек. Содан соң біліктілігі жоғары мамандарды тарту қажет. Өйткені осындағы қызметкерлер мұғалімдерге сапалы қызмет ұсына алмай отыр. Бұл, жалпы алғанда, елдегі проблема. Осы орталыққа мұғалім бола алмай қалған адамдар жұмысқа келеді. Мекеме штатында 90 адам болуы керек. Бірақ қазір 40 адам ғана 1,5 ставкамен жұмыс істеп жатыр, – деді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы. Оның сөзін толықтырған қалалық білім беруді жаңғырту орталығы басшысының міндетін атқарушы Сындар Дәуешова қазір осы орталықта техникалық және кәсіптік білім берумен үш әдіскер ғана айналысатынын жеткізді.

ҚҰРЫЛЫСШЫ МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Колледж түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткіші қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовты сендірмеді. Оның пікірінше, түлектер өздерінің алған мамандықтары бойынша жұмысқа тұрып жатыр ма, қай салаларда мамандар тапшылығы бар, гранттарды қай мамандықтарға бөлген жөн, ең алдымен, осыған көңіл бөлу керек.
– Бұрын көпбалалы аналар жеңілдікпен грант алатын. Былтырдан бері олар грант алушылар қатарынан түсіп қалды. Сондықтан бұл мәселені талқылауымыз керек. Сосын шетелдерде кәсіп­орындар табыстың 40 пайызын өздеріне керек мамандарды оқытуға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жұмсайды. Ал біз тәлімгерді бергені үшін тиісті компанияларға мемлекет қазынасынан неге қаржы төлейміз? Тізімді қарап отырсам, арасында «Hyundai Premium Astana», «Bazis Construction» сияқты ірі компаниялар бар. Бұл кедей компаниялар емес қой. Оларға мамандарды дайындаймыз. Оның үстіне тәлімгер үшін шығындаламыз, – деді Е.Каналимов.
Оны мәслихат депутаты Талғат Нәрікбаев қолдады. Оның айтуынша, екі жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінің «Адал білім» жобалық кеңсесі аясында зерттеу жүргізілген. Бұл зерттеу колледж түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткіші өте төмен екенін, 40 пайыздан аспайтынын көрсеткен.
– Сол кезде Ішкі істер министрлігінен қылмысқа және құқықбұзушылықтарға негізінен колледж оқушылары баратыны жөнінде анықтама алдық. Сондықтан Қазақстан колледждерінде білім қаншалықты сапалы беріліп жатыр деген сұрақ туады. Ал мемлекет техникалық және кәсіптік білімге жыл сайын қыруар қаржы бөледі. Соған қарамастан, құрылыста Өзбекстан азаматтары жұмыс істейді. Мейрамханаларға да колледж түлектері қабылданбайды. Сондықтан техникалық мамандықтарға бөлініп жатқан мемлекет қаржысы қаншалықты тиімді жұмсалатынын тексеру керек, – деді Т.Нәрікбаев.
Ерлан Каналимов елордада жыл сайын 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін айта келе, құрылысшы мамандардың жетпей жатқанын айтты.
– Қаладағы арнайы экономикалық аймақта мұнаралы крандар шығарыла бастады. Ал жақында краншылар жалақыларының аздығын желеу етіп, екі рет ереуілге шықты. Қазір осы мамандық иелері қалада жетіспейді. Құрылыс компаниялары кірпіш қалаушылар, сантехниктер, электриктер жетіспейтінін де айтып жатыр. Жақында елордада 400 автобус жүргізушісі жетіспейтінін білдік. Олардың жалақысы – 400 мың теңге. Сонда да жүргізушілер табылмай жатыр. Жарайды, Нұр-Сұлтан – шенеуніктер қаласы дейік. Бұл тарапта да «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» секілді ұлттық компаниялар сұранысын зерттеуміз керек. Ал арнайы экономикалық аймақ қаланың экономикасын өрлету үшін құрылған. Мұнда тиісті мамандар жеткілікті болса, аймақ жұмысында серпін пайда болар еді, – деді мәслихат хатшысы.
Отырыс соңында депутат Батыр Котырев қаланы газдандыруға байланысты газ мамандарын дайындау керектігін айта келе, теміржолда да жұмысшы мамандардың тапшылығы бар екенін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 15 =