©2020 Астана Ақшамы
Кәсіптік білім жайы пысықталды
Кеше Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті мәжілісінде білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина баяндама жасады.
«Бүгінгі баяндамамды біздің жетістіктерімізден бастағым келеді. Мысалы, қаламыздағы №60 мектеп-лицейі «Еуропалық сапа» сертификатын алса, халықаралық «Мирас» мектебінің директоры Елена Хамитова ТМД елдері бойынша «Ең үздік мектеп директоры» деген марапатқа ие болды. Сондай-ақ, №38 мектеп-лицейінің жеке сайты осымен екінші мәрте «Еліміздің ең үздік мектеп сайты» мәртебесіне қол жеткізіп отыр…» деді Әсима Темкеқызы. Кәсіптік-техникалық мекемелерде жоғары білікті кадрлар даярлау жұмысы туралы қаулының орындалу барысын атап көрсеткен баяндамасынан кейін оған комиссия мүшелері тарапынан салмақты сұрақтар қойылды. Нақты дәлелдермен байыпты түрде қайтарылған жауаптарға ешкімнің таласы болмады. Жоғары оқу орындарын айтпағанның өзінде, қаламыздағы орта оқу ордаларының артықшылықтары басым екен.
«Қазір Астанада 12 мемлекеттік орта оқу орны бар. Өткен жылы мемлекеттік колледждерге 2988 түлек қабылданса, 6 мыңдайы жекеменшік оқу орындарына түскен. Биыл тағы бір кәсіптік-техникалық тұрғыдан арнаулы білім беретін кезекті колледждің құрылысына 800 миллион теңге қаражат аударылды. Білім саласының өзге де қажеттіліктерін өтеуге қаржы аз жұмсалып жатқан жоқ. Мемлекеттік тапсырыстар рет-ретімен орындалуда. Алдағы уақытта да қолдан келген мүмкіндіктердің бәрінен аянып қалмаспыз» деді басқарма басшысы.
Сөз соңында мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов пен білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина орта оқу орындарының кейбір күрмеулі мәселелерін шешу үшін тиісті қаражат көздерін қарастыратын болып келісті.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ