Кәсіптік білім бәсекеге лайық па?

0 11

Жақында қаламыздағы «Кәсіптік колледжі» ғимаратында Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Кеңесте қаралған бірнеше келелі мәселелердің көшбасында елордадағы кәсіптік білімнің жағдайы және келешектегі даму жоспары болды. Отырысқа қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, Қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина және білім саласының қызметкерлері қатысты.Елбасы 2015 жылы халыққа арнаған Жолдауында «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасын жолға қойды. Өйткені техникалық білім мен кәсіптік бағдар берудің өңір экономикасының өркендеуіне тигізер әсері зор. Сондықтан әрбір қазақстандық азаматтың алғашқы техникалық білімді тегін алуын қамтамасыз ету – келелі іс. Бүгінгі еңбек нарығында жұмысшы мамандығына құрылысшы, дәнекерлеуші, тігінші, аспаз мамандығына сұраныс өсіп отыр. Әсіресе, құрылысшылар мен дәнекерлеу­шілер, электриктер мен темір жонушылар аса қажет. Алайда бізде мұндай мамандықтарды игергісі келетіндер аз. Дегенмен қаламызда 35 колледж болса, техникалық тегін білім беретін колледждер саны 25-ке өскен. Өткен жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 4380 орын биыл 4602-ге ұлғайып, бүгінде 13 652 студент тегін оқумен қамтылған және оның 229-ы – мүмкіндігі шектеу­лі жастар. Ал жалпы елордадағы арнайы орта оқу орындарында 26 643 жас кәсіптік білім алып жатыр.
Бұл орайда кеңесте сөз алған қалалық білім басқармасының басшысы колледждің білім сапасын көтеру бағытындағы жоспарларын да айтып өтті.
Шолпан Қадырова, Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы:
– Техникалық колледждерде білім берудің инновацияларын іске асыру қажет. Ол үшін әрине, ең алдымен сапалы кадр мәселесін дұрыс жолға қойған дұрыс. Бүгінде қаламыздағы барлық колледждерде 1536 педагог болса, олардың 497-ден астамы жоғары санатты, 386 педагог – бірінші санатты, 226 маман магистратураны аяқтаған. 17 ғылым докторы мен ғылым кандидаттары бар. Осыған қарамастан әлі де кадр тапшы. Оған басты себеп, жалақының төмен болуы. Енді биылдан бастап еңбекақылары өседі. Талантты мұғалімдер өз орындарына келеді деген үміт бар.
Басқарма басшысы бірнеше өзекті мәселелермен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыруды әлі де болса жетілдіру керектігін айтып өтті. Сөз соңында жұмысшы мамандығына деген талапкерлер талпынысының аздығына себеп болатын басты кемшіліктерді атады. Олар – колледждегі көпбейінділік, кәсіби біліктіліктің жеткіліксіздігі, материалдық-техникалық базаның өте төмен жағдайы. Кеңесте осы кемшіліктердің орнын толтыратын алдағы жоспарлар да бекітілді. Соның ішінде колледж мәселесімен тікелей айналысатын арнайы жаңа кәсіптік техникалық бөлім құру көзделді.
2019 жылы қала колледждерін 6474 түлек аяқтаса, 2707 студент мемлекеттік тапсырыс арқылы оқыған. Мамандардың айтуынша 92,6 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал жұмыспен қамту орталығы арқылы 21 жас Жастар практикасымен еңбекке аралас­ты. Сандар осылай дегенмен, жұмыс таба алмай сабылған жастар да аз емес. Тіпті кеңеске қатысушылар жауапты басшылардан бүгінгі күні елордаға нақты қандай мамандар қажеттігін сұрады. Алайда қазіргі таңда оны білу мүмкін емес деген жауап алды.
Әсима Бимендина, Қоғамдық кеңес мүшесі:
«Колледж мақсаттарының бірі – түлектерін еңбекпен қамту. Егер түлек маман ретінде жұмысқа орналаса алмаса, бізге мұндай колледждер қажет пе? Ал еңбек нарығында сұранысы жоқ мамандарды біз неге оқытамыз? Бүгінгі жұмыс берушінің де талабы жоғары. Біз осы жағын ойлауымыз керек? Сондай-ақ колледждің білім-тәрбие жұмысына ата-аналарды араластыруымыз қажет. Өйткені тәрбиеге де үлкен реформа керек».
Кеңесте сөз алған Еуразия университетінің оқытушысы Дихан Қамзаның пікірі ойға қонымды екенін айта кеткен жөн. «Кез келген дамыған елде қаланың басшысы өңірге қандай маман керек екенін зерттейді. Осының жүйесін білуіміз керек. Мысалы, мен жұмыс істейтін оқу орнында биотехнология маманы бар. Бірақ біреуі де дипломммен жұмыс жасамаған.
Осы қалада 24 жылдан бері тұрамын. Мен екі сұранысты көрем, бірі медицина маманы, өйткені халықтың көп пайызы ауру. Екінші елордаға туристер көп келеді. Кәдесый жасайтын қолөнер шеберлері керек».
Кеңес отырысында осылай келелі пікірлер мен ұсыныстар айтылып, кәсіптік техникалық білім беруді жан-жақты дамыту үшін ортақ іс пен жауаптылық керектігіне тоқталды.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды