Кәсіптік бағдар көкжиегі

0 121

Елбасы Жолдауында кәсіптік-техникалық бағдарды дамытуға байланысты бірқатар тапсырмалар жүктегені белгілі. Осыған байланысты кеше Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Индус­триалдық парк аумағында орналасқан «ҚазТехЭкспо» сауда-өндірістік кешеніне барып, осында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Шараға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі  Біржан Нұрымбетов, Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Жалпы бұл өндіріс орны жаңа технологияларды қолдана отырып, машина жасау және тоқыма өнеркәсібі бойынша дуальды оқыту процесіне, кәсіптік стандарттар мен білім бағдарламаларын әзірлеуге белсене қатысады. Мысалы, кешенде тігін және тоқыма бұйымдарын қолма-қол дайындап шығаратын кәсіпорын бар. Мұнда «Zoje» брендінің заманауи тігін қондырғылары орнатылған. Өндірісті жаңашыл кәсіпкер Сәуле Бақтайқызы басқарады. Ол жоғары оқу орындары мен колледж жастарына киімді қалай тігіп, пішуді, жаңа қондырғылармен қалай жұмыс істеу керектігін жан-жақты үйретеді.

Бұдан кейін сауда-өндірістік кешені ұжымының алдында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы 2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканың алты негізгі саласы бойынша 10 колледж бен 10 жоғары оқу орны техникалық және кәсіптік-техникалық бағдар бойынша білікті кадрларды дайындауды қолға алғанын, бұл тәжірибе еліміздің басқа да оқу орындарында қолданылатынын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Елбасының 2017 жылдан бастап, тегін кәсіптік білім беруді енгізу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында еліміздің тоғыз өңірінде 5-11-сынып аралығындағы 20 мыңнан астам оқушыны қамтитын 29 оқу-әдістемелік комбинат жұмыс істей бастағанын жеткізді. «Еліміз озық отыз елдің қатарына қосылуға талпынып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін ұрпағымыз жан-жақты білімді әрі өз ісін шебер меңгерген маман болуы қажет» деді ол.

Жиынның соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Президенттің тапсырмасын орындау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қ. ТОҚТАМҰРАТ, astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 16 =