Кәсіпорын жұмысы қалай жанданады?

0 69

Елордада санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары мен Нұр-Сұлтан қаласының Инвестиция­лар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бірлесіп карантин тәртібінің жеңілдеуіне орай кәсіпкерлік қызметтің бірқатар нысандарын аралады. Кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға дайындығын тексерді.Мобильді топ «Технодом» тұрмыстық техника және электроника дүкені, «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығы, «FERRUM» мейрамханасы, «Керамика әлемі» сауда орны мен «Aisha Bibi» қонақ үйін аралап, аталмыш нысандарда санитарлық қорғаныс құралдарының (санитайзерлер, тепловизорлар, маскалар және т.б.) бар-жоғы және тиісті талаптардың орындалуын тексерді, барлық санитарлық талаптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Біз бас санитардың қаулысына бағынамыз, қонақтар мен қызметкерлерге бетперде береміз, барлық жерде санитарлық қорғаныс құралдары орнатылатын болады. Бүгін айтылған ұсыныстар мен ескертпелер – біз үшін маңызды. Беттұмша тағу тәртібін қадағалап отыру қажет. Сауда орнының сыйым­­дылығы 30 пайыздан аспайтын болады» деді «Технодом» дүкені қалалық бөлімшелер бірі директоры Бөтагөз Баймұхан.
Мобильді топ мүшелері келесі кезекте «Хан шатыр» сауда ойы­­­­н­­-сауық ­орталығына жол тартты. «Сауда үйіне кіре берісте өздігінен жұмыс істейтін температураны бақылауға арналған құрылғы орнатылған. Бүгінде сағат 17:00-ге дейін қызмет көрсетіледі, дәріхана мен супермаркет қана жұмыс істеп жатыр» деді «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының операция­лық менеджері Темірбек Шоқанов.
Сондай-ақ оның айтуынша, дезинфекция жүргізетін компания­мен қосымша шарт жасалыпты. Демалыс күндері орталықта ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізілмек.
Ал «FERRUM» мейрамханасында арнайы мамандар қызметкерлерге жұмыс істеу алгоритмі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын түсіндірді.
«Біз қонақтардың әлеуметтік арақашықтықты сақтауы үшін еденге арнайы белгілер орнаттық. Егер олар бетпердесіз болса, бір реттік масканы ұсынамыз, температурасын өлшейміз. Дене температурасы 37 градустан жоғары болса, ішке кіре алмайды. Кешірім сұрап, сыпайы түрде мейрамханадан шығып кетуін өтінеміз. Зал 40 адамға есептелген, бірақ қазір 24 орынға дейін қысқарды» дейді «FERRUM» мейрамханасының әкімшісі Раушан Әшімхан.
«Aisha Bibi» қонақ үйінің басқарушы директоры Наталья Цой санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталатынына сендірді. Айтылған сын-ескертпелерге құлақ асып, аз уақытта жөнге келтіретінін айтты. «Бізде антисептиктер мен маскалардың сапасына арналған арнайы сертификаттар бар, тек қана тексерілген медициналық антисептикті қолданамыз. Бүгінде қонақ үйде 15-ке жуық қызметкер жұмыс істейді. Келушілер аз, банкет залы жабық, тек жазғы терраса жұмыс істейді. Жазғы террасада 30-дан аса орындық қойылған, мұны реттейміз. Арақашықтық сақталмаған орындарды жөнге келтіреміз» деді ол.
«Керамика әлемі» сауда орнының жетекшісі барлық талаптарға сай жұмыс істеп жатқанын жеткізді. «Дүкен қызметкерлері, келушілер барлық санитарлық талаптарды сақтайды. Адамдардың ағыны аз. Қазір 10 қызметкер жұмыс істейді, ауысым бойынша кезектеседі, санитайзерлер мен антисептиктер орнатылды. Сатып алушылардың әлеуметтік арақашықтықты сақтауы үшін еденге арнайы белгілер орнату қажет, оны тез арада түзетеміз» деп уәде берді сауда үйінің директоры Коркмазова Мөлдір.
«Бүгін біз бизнес нысандарының жұмысымен таныстық, санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жүргіздік. Қазіргі кезде эпидахуал­ жақсарып келеді. Сондықтан қалалалық бизнес нысандары бас санитар мен мемлекеттік комиссия шешім шығарған соң, жұмысын жандандырады. Мемлекеттік комиссияның соңғы шешімінен кейін қай кәсіпорындардың қайтадан жұмыс істейтіні белгілі болады. Бүгін алдын ала тексердік, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз» деді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев.
Оның айтуынша, елордалық бизнес нысандары карантин тәртібінің кезең-кезеңімен жеңілдеуіне орай дайындық жұмыстарын жүргізуде. «Санитарлық-эпидемиология­лық сала мамандарымен бірге кемшіліктер анықталды. Оны түзетуге де уақыт бар. Менің ойымша, әр кәсіпкер коронавирус қаупін түсінеді және санитарлық талаптарды сақтауға жауапкершілікпен қарайды. Ал қала тұрғындары аталған талаптарға бағыну қажет» деп түйіндеді Ерлан Бекмырзаев.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 4 =