Кәсіподақ көмекке келеді

0 134

 20 ақпан күні Астана кәсіподақ орталығының ұйымдастыруымен елорданың жұмыспен қамту орталығында «Лайықты жалақы – лайықты еңбек» шарасы өтті.


– Шараны дәл осы күні өткізуіміз кездейсоқтық емес. 20 ақпан – Бүкіләлемдік әлеуметтік әділдік күні. Яғни бұл күнді БҰҰ «қарапайым адамдардың әл-ауқатының артуына кепілдік беретін, кедейлікті жойып, адам бостандығы мен құқығының тапталуына жол бермейтін күн» деп бекіткен. Соған орай, осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Жалпы, адамдар өздерінің құқықтарын жақсы білуі қажет. Сонымен қатар, олар кәсіподақтың не екенінен, оның атқаратын жұмысынан да хабардар болуға тиіс. Өйткені бүгінде жұмыс берушілер тарапынан өз қызметкерлеріне әділетсіздік танытатын жағдайлар жиі орын алып тұрады. Бұл тұрғыда қарапайым жанның құқығын кәсіподақтар қорғайтын болады, – дейді Астана қаласы аймақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Тастанбек Есентаев.
Оның айтуынша, мұндай шараларды өткізіп тұрудың маңызы зор. Сонымен қатар, кәсіподақтардың беделін көтеру керек. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде Астанада 105 мыңдай адам кәсіподақ бірлестіктерінде мүшелікте екен. Айта кету керек, ҚР кәсіподақтар қауымдастығының ресми сайтында жақында арнайы айдар ашылыпты. Онда кәсіподақ мүшесі болмаса да, кез келген оқырманға мамандарға көкейлеріндегі сауалдарын жазуға немесе шағымдануға мүмкіндік берілген.
Таңертеңгілік сағат 10.00-ден кешкі жұмыс уақытының соңына дейін жалғасқан шара барысында жұмыспен қамту орталығына келушілердің барлығы еңбек заңдылығы туралы ақпараттан құлағдар болып, оларға арнайы дайындалған кітапшалар таратылды.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + eleven =