КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ күшейеді

0 125

Осыдан екі аптадай уақыт бұрын Үкімет мүшелерімен кеңейтілген отырыс өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын орындаудағы оралымсыздықтарды атап өтіп, отандық кәсіпкерлікті қолдау ісіне көңілі толмайтынын жеткізген еді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандарды бақылауда асыра сілтеулер орын алғанын, соның ішінде 2 мыңнан астам негізі жоқ тексерулерге жол берілгенін айтты.

Бұрнағы күні ҚР Президенті жанын-дағы Орталық коммуникациялар қыз­метінің брифингіне қатысқан Өңір­лік даму вице-министрі Серік Жұман­ға­рин, Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов, «Даму» кәсіп­керлікті қолдау қорының директоры Мирас Бей­сенбаев және Өңірлік даму министр­лі­гінің Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев аталған кемшіліктерді жоюға бағытталған жұмыстармен бөлісті.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен 36 мыңнан астам кәсіпкер қамтылған. Оны іске асыру барысында бұрыннан бар 170 мыңнан астам жұмыс орындары сақталып, 58 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Бағдарламаның үш бағыты бойынша 3376 жобаға 810,4 млрд сомасында субсидия берілді. Осындай жалпы мәліметпен таныстырған Серік Жұманғарин соңғы екі жылда бағдарламаға үш пакет өзге­рістер енгізілгенін және төртінші пакеті де әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенін жет­кізді. Оның айтуынша, осы пакеттер бағдарламаға неғұрлым көбірек кәсіп­керді тартуға мүмкіндік беріп, соңғы әзірленген пакет алдағы қараша айында Үкімет қарауына жіберіледі.
Бағдарламаның ел аудандарында өз деңгейінде жүрмеуін ол үш себеппен түсіндірді. Соның бірі – кәсіпкерлерде кепілдікке салатын бағалы мүліктің болмауы болса, екіншісі – екінші деңгейлі банктердің аудан кәсіпкерлеріне несие беруден тартыншықтайтыны, ал үшіншісі – кәсіпкерлерде бастапқы капиталдың жоқтығы. «Жағдайды ретке келтіру үшін барлық аудандарда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылады, кепілдемелер мен гранттарды бөлу бойынша қаржы құралдары енгізіледі, шағын несиелеу жүйесі жетілдіріледі» деді Өңірлік даму вице-министрі. Гранттарды бөлудің жаңа құралдары 2012 жылдың соңында енгізілген де екен. Бүгінгі күнге кәсіпкерлікпен жаңадан айналыса бастағандарға 408 млн теңге сомасына 137 грант берілсе, бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.
Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов 2 мыңнан астам заң­сыз тексерістерге жол берген орган­дардың 200-ден астам қызметкері жауапқа тартылғанын, соның ішінде 185-і тәртіптік, 19-ы әкімшілік жаза тартқанын, олардың 90 пайызы санитария мен эпидемиология, төтенше жағдайлар, ветеринария және экология салаларына келетінін жеткізді. Осы айдың аяғына дейін жергілікті про­ку­рорларға жазаланбаған азаматтарды жауапкершілікке тарту үшін қосымша шаралар қабылдау ұсынылғанын айтты. «2012 жылы заңсыз тексерулердің саны 26 мың болса, биыл олардың саны 2 мыңға азайып отыр. Сонымен бірге жалпы тұрғыда прокуратура органдары биыл 11 мың кәсіпкердің құқығын қорғап, мың адамды жазаға тартты» деді ол. Бас прокуратура кәсіпкерлердің құқығын қорғау жобасын да әзірлеген екен. Бұл жоба үш бағытта жүргізіледі. Бірінші және негізгі бағыты – заңсыз тексерістерді болдырмау мақсатында әрбір облыс, қала, аудан прокуратураларының жанынан мобильді топтар құрылған. Осы органның 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бизнес тірегі» бағдарламасы бойынша кез келген кәсіпкер 115 телефон нөміріне қоңырау шалып, тексеру туралы ақпарат ала алады. Мұндай қызметті және ғаламтор мен ұялы байланыстың 1012 нөміріне смс жіберу арқылы пайдалана алады.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =