КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – ЭКОНОМИКАНЫ ӨРКЕНДЕТУ

0 193

IMG_5305

Астана экономикасының 60 пайызын құрап отырған шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай шараларды қолға алу керек? Кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілерді азайтудың жолдары қандай? Бұл жөнінде Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. 

Басты мақсат – бизнеске қолайлы ахуал қалыптастыру

Алқалы басқосуға Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Дәурен Жақсыбек пен елордалық кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

– Астана – қарқынды дамып келе жатқан шаһар. Елорданың жағдайы, тұрғындардың әл-ауқаты экономиканың дамуына тікелей байланысты. Ал осы саланың 60 пайыздан астамы – шағын және орта бизнестің үлесінде. Сондықтан біз қаланың әрі қарай өркендей түсуі үшін кәсіпкерлікті дамытуға күш салуымыз қажет. Осыған байланысты өздеріңізбен ақылдасып, кеңесуге жиналып отырмыз, – деді жиынды ашқан Иманғали Нұрғалиұлы.

Биылғы қыркүйек айында Президенттің тапсырмасына орай Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру туралы шешім қабылдаған болатын. Соның Астана қаласындағы Өңірлік кеңесінің төрағасы болып тағайындалған Дәурен Жақсыбек жаңадан қанат қаққан палатаның мақсат-мүддесімен таныстыра келе,  Кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, кәсіпкерлердің құқыларын қорғап, белсенділігін арттыруға және бизнес ахуалын жақсарту үшін әкімшілік кедергілерді төмендетуге атсалысатынын жеткізді. Бұл жиын қалалық әкімдік пен кәсіпкерлердің басын қосқан алғашқы жұмыс кездесуі болып отыр.

Биыл соңғы 9 айдың ішінде тек шағын бизнес субьектілерінен 44 млрд теңге түскен. Бұл жалпы кірістің 50 пайызын құрайды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық көрсеткіш. Қала әкімінің айтуынша, келешекте шағын және орта бизнестің үлесін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде елордада 47 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектісі бар. Қалада 800 мыңнан астам тұрғын бар десек, соның 430 мыңға жуығы – экономикалық белсенді азаматтар.

 

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары қажет

Бұдан кейін елордалық кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов сөз сөйлеп,  бизнеске қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін бірнеше ұсыныс айтты. Оның пікірінше,  шағын және орта бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерге бизнес жос­пар құрудан бастап қаржылық сауаттылықты үйрететін, құқықтық көмек беретін, жалпы алғанда, төрт бағыт бойынша жұмыс істейтін қызмет көрсету орталығы болу керек. Бұл орталық ең алдымен «бір терезе» қағидатымен жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мемлекеттің бизнесті қолдауға арналған бағдарламалары туралы толыққанды түсінік беріп,  салықтық, бухгалтерлік құжаттарды қалай жүргізу керектігін үйретуі қажет. Орталыққа банк қызметкерлері де тартылуы керек деген ұсыныс бар. «Олар кәсіпкерлерге қаржыны дұрыс игеру, сауатты жұмсау жолдарын үйретсе,  кәсібін нәсіп еткендерге үлкен көмек болар еді» дейді Мейірбек Мәжитов.

Бұған қоса,  орталық  семинар-тренингтер өткізетін, дөңгелек үстел жиындары мен  шеберлік дәрістерін, түрлі тұсаукесерлерді ұйымдастыратын басты алаңға айналады деген жос­пар бар.

Мейірбек Сабырұлының айтуынша,  елорданың іскерлік әлеуетін арттыру үшін әкімшілік кедергілерді азайтумен айналысатын, кәсіпкерлердің жұмысында қандай да бір қиындықтар туындаса, көмекке келетін Жұмыс тобы құрылуы керек. Оның құрамына мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енгізілуі тиіс. «Қазіргі таңда еңбек нарығында бірқатар кадрларға деген сұраныс жоғары. Жұмыс тобы осы мәселемен де айналысып, еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып,  кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілікті жетілдіру сынды жұмыстарды да бір ізге түсірсе деймін» деді Мейірбек Мәжитов.

 

Кәсіп нәсіпке айналса – елге де құт

Экономиканың 60 пайызын құрап отырған кәсіпкерлік саласы бюджет қоржынына да пайда әкеліп отыр. Биыл соңғы 9 айдың ішінде тек шағын бизнес субьектілерінен  44 млрд теңге түскен. Бұл жалпы кірістің 50 пайызын құрайды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық көрсеткіш.  Қала әкімінің айтуынша, келешекте шағын және орта бизнестің үлесін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде елордада 47 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектісі бар. Қалада 800 мыңнан астам тұрғын бар десек, соның 430 мыңға жуығы – экономикалық белсенді азаматтар.

– Мемлекет іскер ортаны қолдау үшін көптеген бағдарламаларды қолға алғаны белгілі. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қолға алынған шараларға  6 мыңнан аса  кәсіпкер қатысып,  жалпы сомасы 50 миллиард теңгені құрайтын  265 жоба мақұлданған. Бірақ мемлекет қолдауына қарамастан, бизнесмендер белсенділігі көңіл көншітпейді, – дейді қала әкімі. Мысалы, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету бағдарламасына бөлінген 700 миллион теңге  тапсырыс берушілердің жоқтығынан Үкіметке кері қайтарылған. Сондықтан мұндай мемлекеттік қолдаулардың бары туралы кәсіпкерлерді үнемі хабардар етіп отыру – басты міндеттердің бірі.

 

Рұқсаттама құжаттарын алу жеңілдей түседі

Жиында бизнесті дамытуға қолбайлау болып отырған әкімшілік тосқауылдар туралы кеңінен талқыланды. Елорда әкімі кейбір ғимараттарды кәсіпкерлік нысанына айналдыру, оған рұқсат алу құжаттарына екі жыл уақыт кететінін айта келіп, жуырда өткен Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының өңірлік кеңесінде айтылған ұсыныстарға сай, бұл мерзім бір аптаға дейін қысқартылғанын жеткізді. «Осыған байланысты тиісті орган өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіп, бір шешімге келдік. Мысалы,  кәсіпкер үш бөлмелі пәтерін шаштараз салонына айналдырғысы келді делік. Ол тиісті өтінішін жазғаннан кейін бір аптадан кейін жауабын алады. Өтініш қанағаттандырылмауы мүмкін. Олай болса, нақты дәлелдері көрсетілуі керек. Ал өтініш қабыл алынса, онда кәсіпкер сол тұрғын үйдің пәтер иелері кооперативі мен тұрғындарының келісімін алуы керек. Бұған қанша уақыт кетіретінін кәсіпкердің өзі біледі.  Сонымен, мұндай рұқсаттама құжаттарын алудың бірінші кезеңіне – 7 күн, екіншісіне 15 күн кетеді. Қалған мерзімі кәсіпкерге байланысты» деді әкім.

Мәселенің мән-жайын егжей-тегжей түсіндірген Иманғали Нұрғалиұлы құрылыс салуға рұқсат беру құжаттарын алу да жеңілдей түскенін жеткізді.  Айталық, құрылыс жүргізу үшін шамамен 400 қол жинау талап етіледі деген сөз бар. «Шынтуайтында, сандық көрсеткіш одан аз болғанымен, құрылыс салуға рұқсат беру құжаттарын ресімдеу мен келісудің 28 түрі бойынша шамамен 260 қол жинау керек» дей келе, қала әкімі бұл сан да қысқартылғанын атап өтті.  Бүгінгі уақытта рәсімдеудің үш түрі қысқартылып,  25 түрі қалған.  Қалған рәсімдер бойынша қол қоюшылар саны қысқартылған. Мысалға айтсақ, осыған дейін құрылыс жүргізушілер жер бөлу актісі бойынша 12 қол жинайтын болса, қазір тек бір қол қоюдың өзі жеткілікті.  Күре жолдардың сызбасын келісуге бұрын 17 қол қойылу керек болса, бүгінде  10-ға азайды.  Сыртқы желілер бойынша 34 адамның қолы керек болса, ол сан қазір 11-ге қысқартылды.

– Әрине, құжатқа қоятын қолды түгел қысқартып тастауға да болмайды. Өйткені, кез келген нысан белгілі бір талаптарға сай келуі керек. Сондықтан заң шеңберіндегі бұл мәселелерді мемлекет ескерусіз қалдыра алмайды. Бұл, ең алдымен, сапаны қадағалауға, қауіпсіздікті сақтауға байланысты мәселелер, – дейді әкім.

Кәсіпкерлікті дамытуға байланысты әкімшілік кедергілерді жоюға, бизнесті қолдауға қатысты мәселелерді талқылайтын Жұмыс тобы құрылатынын айтқан Иманғали Нұрғалиұлы оның күн тәртібінде әбден сараланып, сұрыптаудан өткен мәселелер ғана   талқылануға тиіс екендігін ескертті. Сондай-ақ,  кәсіпкерлерге онлайн-режимде қызмет көрсететін арнаулы сайт ашу қажеттігін еске салған әкім Кәсіпкерлер палатасының аудан әкімдіктеріндегі құрылымдары да болу керектігін, оларға арналған орындар  әзір тұрғанын жеткізді.

Енді Жұмыс тобының бір жылғы жоспары жасалып, әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері ай сайын кездесіп тұруға уағдаласты.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 1 =