Кәсіпкерлікті ашу жеңілдеді

0 183

Елбасының бизнес саласында мемлекеттік органдардың бақылауын азайту және тексеруді оңтайландыру жөніндегі тапсырмасы кәсіпкерлік саласында бірқатар жеңілдіктерді алып келді. Бұрын кәсібін ашқысы келетіндер талай табалдырықты тоздырып, әуреге түссе, енді үйінде отырып-ақ мақсатына жете алады.
Елімізде жеке кәсібін ашқысы келген жеке тұлға кәсіп ашу үшін Салық комитетіне өтінішін өткізіп, мемлекеттік төлемді төлесе жеткілікті. Бір аптаның ішінде патентке ие болады. Бұдан кейін банктен есепшотын және кәсіпорын мөрін алады. Ал жауапкершілігі шектеулі серіктестік болса, сәл өзгешелеу, бірақ бұл да қиын емес. Олар алдымен Әділет департаментіне, сосын Салық комитетіне барады. Егер құжаттары түгел болса, бірер аптаның ішінде кәсіпкерлікке қол жеткізеді.
Биыл 9 қаңтардан бастап, «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, күшіне енгені белгілі. Осыған байланысты бүгінде әр азамат үйінде отырып-ақ, бизнесін 15 минуттың ішінде аша алады. Ол үшін электрондық үкіметтің порталына кіріп, қажетті сауалдарға жауап беріп, заңды тұлға ретінде тіркеледі. Тіркеу қорытындысында сұраныс жіберген азамат заңды тұлға болып тіркелгені жөніндегі анықтама алады.
Заңды тұлғаны тіркеу үшін өтініш беру, оған электрондық цифрлық қолтаңба қою, аталған қызметті төлем шлюзі арқылы төлеу – порталдағы «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорында жүргізілетінін естеріңізге саламыз.
Ағымдағы жылдың алғашқы тоқ­санында 600-ге жуық шағын кә­сіп­керлік субъектісі осы портал арқылы тіркеліп, уақыты мен қара­жатын үнемдеген екен.
Әрине, бүгінде кәсіпкерлікті ашу оңай, бірақ, оны жабу қияметтің қиыны болып тұр. Сондықтан тиісті органдар бұл мәселені де жеңілдету үшін заңға өзгерістер енгізуді ұсынатынын жеткізді.

Қымбат НҰРҒАЛИ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 6 =