Кәсіпкерлік мүмкіндікті кеңейтеді

0 117

Мақсат ҚОЖАМБЕК, Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы

Ел Президенті биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті, яғни, ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай ең аз дегенде, екі есеге арттыруды міндет етті. Отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру үшін қажетті барлық шараны қабылдау керектігін де алға тартты. 

Демек, жалпы кәсіпкерлік сала­сындағы бастамаларды ын­­­та­лан­дырудың жаңа жүйесі жасалатыны анық. Шағын және орта бизнесті дамытуда, инно­вациялық және әлеуметтік-эко­номикалық жобалар мен бағ­дарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол десек, қателеспейміз.

Ел экономикасының қарыштап дамып келе жатқанын ескерсек, өркендеу мен еңбек өнімділігін арттыруда жастар кәсіпкерлігін, оның ішінде инновациялық бағытты дамыту айрықша мәнге ие. Ол бар жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы түзеледі. Әйтсе де, бұған дейін жастарды осы салаға баулуға, тәрбиелеуге, тартуға деген жүйелі талпыныс болған емес. Жастар тек халықтың әлеуметтік-демографиялық ерекше тобы ретінде ғана қаралды. Бүгінде заман ағымы өзгерді. Еліміз жүйелі қалыптасу кезеңінен өтіп, дамудың жаңа сатысына аяқ басты. Сондықтан, біздің алдымызда әлеуметтік-экономикалық сапалы дамуды жеделдету, әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қата­рына қосылу, инновациялық әлеуетті дамыту міндеті тұр.

Жалпы, жастар кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдаудың әртүрлі аспектілері бірнеше нормативтік-құқықтық құжаттармен реттеледі. «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда жастар саясатындағы негізгі міндеттер мен қағидаттар тізбектелген. Алайда, мұнда кәсіпкерлік тақырыбы мүлдем қозғалмайды. Сол кездің өзінде жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту басты бағыттардың бірі ретінде айтылса да, мәселенің мәнісі терең қарастырылмаған. Осы орайда, алдымен заңнаманы жетілдіру керек. Себебі, жастар кәсіпкерлігінің бүгінгі хал-ахуалын сөз қылғанда, әлі де шешімін таппаған мәселелер ойға оралады. Атап айтсам, жастар кәсіпкерлігін инфрақұрылымдық және ақпарат­тық тұрғыдан қам­тамасыз ету, қаржылай жәр­демдесу, салаға қатысты заңнамалық базаны жетілдіру сынды мәселелер күн тәртібінде тұр.

Бүгінде кәсіпкерлікті қол­даудың бүтін бір институт­тары құрылған. Мәселен, Қазақ­станның даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Аграрлық несиелік корпорация және тағы басқа да қорлар мен компаниялар жұмыс іс­тейді. Айта кететін бір жайт, бюджеттік бағдарламалардың операторлары болып табылатын ірі компаниялар жастар кәсіпкерлігін дамытуға аса көңіл аудара бермейді. Өйткені, олар негізгі күшті ірі инвестициялық бағдарламалар мен жобаларға жұмсайды.

Жас кәсіпкерлер қызметін дамытуға ең бастысы, олардың мәртебесін заң жүзінде бекіту, жеңілдетілген қолжетімді несие, несиелеудің мемлекеттік кепілдігінің жүйесі, салық салу­дағы жеңілдіктер, ірі кәсіп­орын­дар тарапынан жастар кәсіп­керлігін қолдау, жалпы осылар арқылы қызметін дамытуда ынталандыру сипатқа ие барлық қолдаулардың кешенді шаралар жиынтығы анықтап көрсетілуі керек.
Бүгінгі жастар кешегі буын­ға ұқсамайды. Олар – өзін­дік құндылықтары мен артық­шылықтары бар осы заманның ұрпағы. Демек, кешегі кеңес заманында қолданылған жастармен жұмыс жасау тәжірибесі бүгінгі ұрпақтың болмысына келе бермейді. Бұл тәжірибені қазіргі за­ман жастарына қарай бейім­деу уақыт талабынан туындап отыр. Сон­дықтан, мемлекет жастар саясатының бір бағыты ретінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға ерекше назар аударуы керек деп ойлаймын.

Еліміз үшін шағын бизнесті дамыту – ең басты міндеттердің бірі. Шағын бизнес жұмыссыздықтың азаюына, нарықты отандық сапалы тауар­лармен жəне қызметтермен толықтыруға әрі бағасын төмен­детуге мүмкіндік туғызады, өза­ра әділ бəсекелестік ортаны қалып­тастырады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =