«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіпкерлік көшін бастап тұр

0 172

Бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлерді бағалаудың жаңа рейтингінде Астана қаласы жеңіске жетті. Бұл тұрғыда Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова «Елорда тынысы» радиохабарында қонақта болып, елордадағы кәсіпкерліктің дамуы инвестициялық саясат, смарт-қала, цифрландыру тақырыптарын қаузап, бас қаладағы жүзеге асып жатқан және болашақтың еншісіндегі бірқатар жобалар жайлы әңгімеледі.

БИЗНЕС ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

Әңгімесінің әлқиссасында қазіргі уақытта елордада 316 мың адамның бизнеспен айналысатынын айтқан Малика Бектұрова Астана кәсіпкерлік саласы бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда көш бастап тұрғанын атап өтті.
– Астанада Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық бар. Сол орталықта бизнес бастаушылар кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттің қандай бағдарламалардың бар екені, қай бағдарлама арқылы субсидия ала алуға болатыны туралы қажетінше барлық ақпаратқа қанық болады. Сонымен қатар жұмысын жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер есепші мамандығын жүргізу жөнінде, сол сияқты бизнес жоспарды, яғни идеяны қалай жүзеге асыруға болатыны туралы ақпарат пен заң тұрғысындағы тегін кеңестерді де ала алады. Сондай-ақ оларға түрлі оқыту курстарына қатысуға да мүмкіндік қарастырылған. Бұл да елордадағы бизнес климатқа әсер етіп, қаланың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосады. Мысалы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жүргізіп отырған «Astana» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорация­сы, «Astana Invest» орталығы сияқты еншілес компаниялар бар. Бизнес бастаушылар осындай компанияларға да иық тіреп, идеяларын жүзеге асыруға болады. Тек инвесторлар, жоба құрастырушылар – бәрі керек уақытында бір-бірін таба білуі қажет. Ол үшін біз еншілес компаниялардың сайттарында, әлеуметтік желілерде осындай хабарландыруларды үнемі жариялап отырамыз, – дейді М.Бектұрова.
Сұхбат барысында Малика Ерланқызы «Астана жастар» бағдарламасы мен әйелдер бизнесі жайлы да айтып өтті.
– «Астана жастар» бағдарламасы 29 жасқа дейінгі жастарды қамтиды. Бұл бағдарлама бойынша жастарға кепілдік қарастырылып, банктер сол кепілдік негізінде несие ресімдейді. Жалпы, екінші деңгейлі банктерде әртүрлі бағдарламалар бар. Кейбірінде тек қана әйелдер бизнесін қолдауға арналған бағдарлама да қарастырылған. «Даму» қорында да мұндай бағдарламаны кездестіруге болады. Бірақ қала әкімдігі бизнесті бөліп-жарып қарамайды. Олар жастар ма, әлде әйел адамдар ма айырмашылығы жоқ. Бастысы, қаладағы кәсіпкерлік саласы дамыса болғаны, біз кез келген кәсіпкерді қолдаймыз, – деген қала басшысының орынбасары, – «1000 орын» бағдарламасы аясында жеміс-жидек, көкөніс, гүлдер саудасы, фастфуд сияқты кәсіп түрлері бойынша бүгінде 547 жер учаскесі кәсіпкерлерге жалға берілді. Келісімшарт уақыты – 7 жыл. Бұрын көше бойында заңсыз сауда жасап келгендердің кейбірі осы бағдарламаның арқасында заңды түрде кәсіппен айналысуға мүмкіндік алды. Бизнестің барлық түрі бойынша үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Жалпы, аталмыш бағдарлама барлығына ыңғайлы етіп жасалған, – дейді тағы бір сөзінде.

«СЕРГЕК» ҚАЛА ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАЙДЫ

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы сөз қозғаған қала әкімінің орынбасары мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асқан алғашқы жобалар туралы да айтты. Солардың бірі – «Сергек» бейнебақылау құрылғысы.
– «Сергек» бейнебақылау құрылғысына көліктердің қозғалысын фотосуретке, бейнетаспаға түсіріп, жол ережесін ғана қадағалап, тек айыппұл салуға арналған құрал деп қарауға болмайды. «Сергек» бейнебақылау құрылғысы көшедегі ұрлық-қарлық, бұзақылық, төбелес сияқты қылмысты да әшкерелейтінін естен шығармау керек. Яғни, «Сергек» қаланың қауіпсіздігін бақылауда маңызды қызмет атқарады. Бастапқыда бейнебақылау «камералар жұмыс істемейді» деген көпшіліктің күмәнді ойы болғаны да жасырын емес. Бірақ ол орнатылғаннан кейін де тексерістен үнемі өтіп тұрады. Қазіргі таңда барлық камераның жұмыс істеп тұрғанын нық сеніммен айта аламыз. Әлі де көше жолдарының бойына күніне 50-100 камерадан орнатылу үстінде. Алайда «Сергек» арқылы айыппұл салынса, ол әзірге хат ретінде тиісті мекенжайға пошта арқылы ғана жөнелтіледі. Ал пошта қызметінің 7 күн уақыт алатынын ескерсек, бұл кезде сіз айыппұлды тез арада төлеп, 50 пайыздық жеңілдікке ие болу мүмкіндігінен айырыласыз. Сондықтан алда бұл жағын да ыңғайлы етуді қарастырудамыз, – деген Малика Бектұрова расымен де «Сергек» бейнебақылау құрылғыларының бағасы қымбат екенін, бірақ оның бәрі мемлекеттің бюджетінен емес, инвестордың жеке қаржысына жүзеге асқанын тілге тиек етті.
Оның айтуынша, «Сергек» бейнебақылау камералары арқылы салынатын барлық айыппұлдардан түсетін қаржы инвестордың қалтасына кететін көрінеді. Егер жол ережесі бұзылмаған жағдайда инвестор құралақан қалатынын, бұл жөніндегі келісімшарттың қатаң екенін айтады шаһар басшысының орынбасары.

Businessman holding red dart push on target. Business strategy planning success target goals. Business development concept

БӘСЕКЕЛЕСТІК БАР ЖЕРДЕ САПА ДА ЖОҒАРЫ

Радиохабар барысында тыңдармандардың бірі әлеуметтік желі арқылы Версаль тұрғын үй кешеніндегі хостелдің тұрғындарға жайсыздық тудыратындығы туралы, осындай мәселені шешуде қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны жайлы сауал жолдаған болатын. Бұл сұраққа Малика Бектұрова былай деп жауап берді:
– Версаль тұрғын үй кешенінің тұрғындары менің жеке қабылдауымда болған. Оларды алаңдататын бұл мәселемен таныспын. Әрине, алаңдайтындай себеп те бар. Бұл тұрғын үйдегі бір ғана кіреберіс пен бір ғана лифттің тұрғындарға жайсыздық тудыратыны анық. Сондықтан осы тұрғыда қалалық әкімдікте арнайы жұмыс тобы құрылып, аталмыш мәселе бойынша тікелей жауапты құзырлы органдарға, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне хат жолданды. Жалпы, осы кәсіп түрін дамытуға атсалысып жүрген бизнесмендер хостелдердің жеке ғимаратта орналасуын немесе тұрғын үй кешендерінде орналасқан жағдайда тұрғындарға бөгет жасамауы үшін кіретін есіктерді негізгі кіре берістен бөлек қылуды қарастыруда. Дегенмен бұл жөнінде ортақ нормативтік құқықтық база болмайынша біз мұндайда ешқандай шара қолдана алмаймыз. Сондықтан ҚР Инвестиция және даму министрлігінде де арнайы жұмыс тобы құрылып, бұл мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қарап жатыр. Жақын арада арнайы нормативтік құқықтық акт жасалады деп күтілуде. Сол бойынша алда тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Сонымен қатар «Смарт-қала – қауіпсіз, жайлы қала» жобасын сөз еткен шенеунік қалалық әкімдіктің еншілес компаниясы «AstanaInnovation» АҚ-тың жұмысына да тоқталды. Жақын күндері «Open data Astana» порталының іске қосылатынын сөз еткен Малика Бектұрова бұл жобаны жүзеге асыру «AstanaInnovation» АҚ-тың еншісінде екенін атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде жекеменшік бизнестің пайдасы туралы айтқан қала әкімінің орынбасары елордалықтарды «AstanaInnovation» АҚ-ға тиесілі е-ПИК қосымшасын қолдануға шақырды.

«1000 орын» бағдарламасы аясында жеміс-жидек, көкөніс, гүлдер саудасы, фастфуд сияқты кәсіп түрлері бойынша бүгінде 547 жер учаскесі кәсіпкерлерге жалға берілді. Келісімшарт уақыты – 7 жыл. Бұрын көше бойында заңсыз сауда жасап келгендердің кейбірі осы бағдарламаның арқасында заңды түрде кәсіппен айналысуға мүмкіндік алды

– Бес компанияның е-ПИК қосымшасы бар. Бірақ олардың бесеуінің де жүйесі бір. Әр тұрғын алдымен өз кооперативіне хабарласып, осы бес қосымшаның қайсысын жүктеу керектігін анықтап алуы қажет. Содан соң бұл қосымшалар арқылы ПИК жұмысын бақылап, алдағы уақытта коммуналдық төлемдерді де кезекте тұрмай, үйде отырып-ақ төлеуге болады, – деген Малика Ерланқызы, – жекеменшік бизнестің пайдасы көп. Ол біріншіден, бәсекелестік тудырады. Ал бәсекелестік бар жерде сапа да лайым жоғары болады, – дейді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды