Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

0 78

Астана қаласы мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясында елордадағы шағын және орта бизнестің жай-күйі, оларды дамыту мен қолдаудың шаралары туралы мәселе талқыланды. 

Кезекті сессияға қатысқан қала әкімінің орынбасары Қ.Сұлтанбеков күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасады. Ол алдымен Астанада шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдайлардың жасалып жатқандығын айтып өтті. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда бас қалада кәсіпкерлікпен айналысушылар қатары артып отыр. Бұл елорда халқының әл-ауқатын жақсартып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, жалақының уақытында төленіп отыруына септігін тигізетіні сөзсіз. Жалпы, шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру де осы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесінде екені белгілі. Ал, Астана – бүгінде әлемдегі үдемелі даму үстіндегі қалалардың бірі. Мұнда экономиканың барлық түрі өркендеуде. Әсіресе, экономикамыздағы ең табысты сала болып табылатын шағын және орта бизнес қарқын алып келеді. Қ.Сұлтанбековтің айтуынша, бүгінгі таңда осы салада165 мың астаналық еңбек етуде. Мәселен, экономиканың нақты секторында өткен жылы 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, олардың 11 мыңға жуығы шағын кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүр. Бұл ретте бас қалада «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік- 2020», «Экспорттаушы-2020», «Агробизнес-2020» атты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде тек біздің қаламызда ғана 2012 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін несиелендіру 170,5 млрд теңгені құраған.

Елбасы Жолдауында Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайтыны, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын беретіні, сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың сындарлы жаңа идеологиясын түзуіміз қажеттігі айтылған болатын. Осыған орай, қаламызда кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызылып, бүгінгі таңда Астанада шағын кәсіпкерлік белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салық көлемінің артуына ықпал етіп отырғанын атап өткен депутат Алмаз Ким мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жүрген кәсіпкерлердің көп екенін, дегенмен шешімін күткен мәселелердің де жоқ еместігін алға тартты. Мәселен, түнгі уақыттарда көптеген көлік жүргізушілердің қала тұрғындарын тасымалдаумен айналысатындары белгілі. Соның нәтижесінде елордадағы такси қызметі дамымай отыр. Сауда-саттық саласында да осындай оқиғалар аз емес. Супермаркеттердің иелері қаншама ақша жұмсап, бизнестерін өркендетуге тырысқанымен, кейбір тұрғындар өздеріне қажет заттарды үлкен дүкендерден емес, үйінің маңындағы еш жерде тіркелмеген шағын дүкендерден алуды әдетке айналдырған. Құрылыс саласында да осындай жағдай жиі кездеседі.

«Әрине, кәсіпкерлікте бәсекелес­тік­тің болғаны жақсы. Бірақ, заңды түрде тіркелген кәсіпкерлермен жұмыс істеген жөн» деген депутат сауда орындарында ұрлық жасаушылардың көптігін, кейде оларды ұстап алып, аудандық ішкі істер органдарына тапсыратындықтарын, өкінішке қарай, біздегі заңдардың солқылдақтығынан оларға тиісті жазаның қолданылмайтығын айтты. Сондықтан осы мәселені мәс­­ли­­­хат­тың келесі сессиясында қарауды өтінді. Осыған орай, Астана қаласындағы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын бұдан былай «Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі басқарма» деп атауды ұсынды.

Одан кейін Астана қаласы мәс­­ли­хатының әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі тыңдалды. Сонымен бірге Астана қаласы мәслихатының 2012 жылғы 6 желтоқсандағы «Астана қаласының 2013-2015 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Қалалық мәс­ли­хаттың кезекті сессиясында айтылған сын-ескертпелер есепке алынып, келесі сессияның төрағасы сайланды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 1 =