Кәсіпкерлік– экономиканың қозғаушы күші

0 4

Пандемия мен дағдарыс ел экономикасына айтарлықтай әсер етіп отырғаны сөзсіз. Осы жағдайға байланысты отандық кәсіпкерлікті қолдау мәселелері мемлекеттің басымды бағытына айналып, уақыт талабына қарай жаңа міндеттер айқындалып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі таңда кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.– Соңғы бес жыл ішінде шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24 пайыздан 32 пайыз­ға артты. Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін азаматтардың саны 21 пайызға, яғни 2,8 миллионнан 3,4 миллионға дейін өсті. Қазір жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұған мемлекет пен бизнесті байланыстырып отырған Ұлттық палатаның сіңірген еңбегі мол, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның үйлесімді жұмысы еліміздегі бизнес ахуалға оң әсер етіп отырғанын да атап өтті. Биыл қайта реттеуді жалғастыруды, бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуді, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуды қарастыратын заң шығару бастамаларының сегізінші топтамасы қабылданды.
– Менің тапсырмам бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін «бизнеске адалдық презумпция­сы» қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл барша даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң шығарудағы өзгерістер тиісті сот тәжірибесінде қолдау табатынына сенемін. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап менің Жарлығыма сәйкес шағын және орта бизнесті үш жылға дейін тексеруден босату туралы мораторий күшіне енді. Нәтижесінде мұндай субъектілерді тексеру көлемі 8 есе қысқарды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Қазақстандағы бизнестің үйлесімді жұмысының нәтижесінде пандемия кезінде денсаулық сақтау саласындағы және экономикадағы жағдайды бақылай алғанымызды айтты. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы теңдессіз бірқатар шара қабылданып, кәсіпкерліктің 700-ден астам субъектісі салық төлеуден босатылды немесе олар үшін салық мөлшерлемелері төмендетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы белсенді жұмыс істей бастады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында орналасқан шағын және орта бизнес субъектілері жыл соңына дейін жалға алу төлемдерінен босатылды. Сондай-ақ қатты зардап шеккен секторлар үшін бюджеттен тыс барлық қорларға аударымдар жіберу тоқтатылды. Аса қатты зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері жылына 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен субсидияланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық Банкке 2021 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын ұзартуды тапсырды. Бұл ретте жаңартылған бағдарламада бірінші кезеңді іске асыру барысында анықталған кемшіліктерді ескеру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пандемия мен дағдарыс Қазақстанның алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан мемлекет елімізде бизнес жүргізудің шарттарын жүйелі түрде жақсартуды жалғастыра береді. Президенттің тапсырмасы бойынша сапалы жаңа реттеушілік жүйе әзірлене бастады. Қолданыстағы барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және басқа да реттеуші құралдарға үлкен әрі нақты тексерулер жасалады.
Мемлекет басшысы отандық компанияларды белсенді түрде сыртқы нарықтарға шығуға шақыр­ды. Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп экспорттық әлеуеті бар салалар мен кәсіпорындарды анықтау тапсырылған. Мұндай жобаларға қаржыландыру жеңілдігі, экспорттық қолдау тетіктері, заттай грант беру секілді кешенді қолдау шаралары көрсетіледі. Қазақстан келер жылы шикізаттық емес экспорттың көлемін 29 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр.
Президент баяндамасында еліміздің экономикасын цифрландыру қарқынын сақтауға байланысты да ерекше көңіл бөлінді.
– Жақын арада жерге қол жеткізу секілді кәсіпкерлер үшін тағы да бір маңызды мәселе шешілуі керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет жер қатынастарын цифрландыру және отандық бизнестің ауыл шаруашылығына арналмаған жер ресурстарына қол жеткізуін жеңілдету жөнінде заң жобасын дайындады. Сондай-ақ заңда жер қатынастары мен сәулет саласында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету, жер учаскелерін беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту, мемлекеттік актіні, жерге орналастыру жобасын алып тастау және басқа да бірқатар маңызды мәселелер қарастырылған. Үкімет жыл соңына дейін аталған заң жобасын Парламентке беруі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтты. Сонымен қатар бұл – Президенттің сайлауалды уәделері мен басымдықтарының бірі. Сондықтан ол ұлттық бизнесті дамытуға әрқашан баса назар аударады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана ел экономикасын қалпына келтіріп, дамудың жаңа деңгейіне шыға алатынымызды атап өтті. Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бүкіл қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін білдіретін беделді құрылым болып қала беретініне сенім білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + two =