Кәсіпкерлер қамқорлықсыз қалмайды

0 14

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика БЕКТҰРОВА «Астана» телеарнасындағы Elorda Live бағдарламасында цифрлық технологиялардың азаматтардың өмірін қалай жеңілдететіндігі жайында, сонымен бірге цифрлық технологияның конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етудегі және жергілікті органдар жұмысының тиімділігін арттырудағы ролі қандай екендігі туралы айтты.

– Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар цифрландырудың қаншалықты маңызды екенін сезінді, өйткені көптеген адамдар қашықтан жұмыс істеуге ауысуға мәжбүр болды. Еліміздің бас қаласында цифрлық қызметтерді дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Нұр-Сұлтан қаласындағы цифрландыру өмірдің барлық салаларын қамтиды. Бұл – әкімдіктің мемлекеттік қызметтері және оған қарасты кәсіпорындар, сондай-ақ монополистер көрсететін қызметтер. Бүгінгі таңда 160 мемлекеттік қызметтің 83 пайызы немесе 133 қызмет толықтай онлайн режиміне көшкен. Бұл тұтынушылар үшін ыңғайлы, ешқайда барудың, тіркелудің, кезек күтудің қажеті жоқ. Біз қалған қызметтерді жылдың аяғына дейін цифрландырамыз және оларды онлайн арқылы алуға мүмкіндік береміз.
Елордада монополистер­дің электрмен, сумен жабдықтауға қосылу қызметтері – «Астана су Арнасы», «Астана-РЭК» және басқалары цифрландырылған. IQala.kz порталы бар. Бұл – қарапайым азаматтар мен бизнеске арналған портал. Сіз осы портал арқылы суға, жарыққа қосылуға, меншік құқығын қайта тіркеуге, қоқыс жинау қыз­меттерін ұсыну туралы келісімшартқа қол қоюға, ұялы байланыс операторларына интернеттегі «жеке кабинет» форматында интернет пакеттерін, кабельдік теледидарды ұсынуға келісім жасай аласыз. Сізде «жеке кабинет» арқылы130-дан астам қызмет алуға болатын мүмкіндік бар.
– Карантин кәсіпкерлерге айрықша әсер етті. Көбісі өз қызметін тоқтатты, сол себепті шығынға ұшырады. Әкімдік қиын уақытта кәсіпкерлерге қалай көмектеседі?
– Негізінен, шағын және орта бизнес жалға беру негізінде жұмыс істейді. Ай сайынғы жалдау ақысын, коммуналдық қызметтер ақысын төлейді. Біз кең көлемде, сондай-ақ әр бөлшек сауда нүктелері үшін кезек-кезек түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, көмек сұраған өтініштердің мәнін зерттедік және төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты жалдау ақысын төлеуден босату мүмкіндігі туралы хабардар еттік. Бұл жалдау шарттарында нақты көрсетілген: яғни форс-мажор деген ұғым бар. Пандемиямен байланысты туындаған жағдайлар форс-мажор деп саналады. Түсініспеушілік не жанжал туындаған жағдайда, жалға беруші жалға алушыны жалдау ақысын төлеуден босатуға дайын болмаған кезде біз әкімдіктен заң кеңестерін ұсындық, төтенше жағдай режиміне байланысты қол қойылған заңнаманы, бұйрықтарды, жарлықтарды түсіндірдік. Барлық жағдайларда жалға беруші жалға алушымен өзара мәмілеге келді және бұл мәселе заңға сәйкес реттеліп отырды.
– Көрерменнен, көпбалалы анадан, кәсіп ашқысы келетіндерден сұрақ түсті. Олар грант алуы үшін не істеу керек деп сұрайды.
– Бұл – жиі қойылатын сұрақ. Бизнесті дамытуға арналған гранттар бар және онда «Халықтың әлеу­меттік осал топтары» жеке санаты қарасты­рыл­ған. Көпбалалы отбасыларға, аналарға басым құқықтар беріледі. Көпбалалы аналарға белгілі бір квота бар. Егер ол бизнеспен айналысқысы келсе, грантқа өтініш беруі керек. Қазір грант сомасы 5 миллион теңгеге дейін. Биыл карантинге байланысты конкурс сәл кешірек басталады, біз құжаттарды шамамен тамыз айының басында қабылдай бастаймыз. Пандемияға байланысты грант қаражаттарына сұраныстың артуына байланысты қызмет түрлеріне шектеу­лер қойылмайтын болды. Азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін 10% өз қаражатымен қатысу талабы алынып тасталды. Гранттық өтінімдерді қабылдау­дың нақты күні біздің барлық байланыс арналарында жарияланады. Бағдарлама басталғаннан кейін екі апта ішінде әкімдік сайтында онлайн өтініштер қабылданады. Әр кәсіпкерге презентацияны өткізу күні мен уақыты белгіленеді. Тұсаукесерлер Facebook-те тікелей көрсетіледі. Грант жеңімпазын анықтайтын әділқазылар алқасына мемлекеттік қызметшілер кірмейді. Барлық үміткерлер бір-бірінің презентацияларын көре алады. Цифр­ландырудың арқасында біз онлайн-дауыс беруді қамтамасыз еттік. Қазылар алқасының барлық мүшелері дауыс бергенде кімге дауыс бергенін білмейтін болады. Цифрландыру енгізілгеннен кейін осы гранттық байқауларды өткізудің біржақтылығы не әділетсіздігі туралы мәселе жойылды. Байқау жарияланғаннан кейін бір ай ішінде құжаттарды жинауға мүмкіндік бар, презентацияға қалай дайындалу керектігі туралы кеңестер алу үшін Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен байланысыңыз, өйткені бұл – көпшілікке арналған презентация.
– Төтенше жағдай енгізілген кезде адамдар тапшылықтан қорқып, тамақ өнімдерін жаппай сатып ала бастады. Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлікпен қамтамасыз етілуінің қазіргі жағдайы қандай?
– Төтенше жағдай кезінде азық-түлік және азық-түлік емес тауарлармен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты болды, қазір де солай. Мүлдем үзіліс болмайды. Жеткізуде қиындықтар болған жоқ, өйткені алғашқы күннен бастап жүк көліктері үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылды. Қалада «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кеше­нінің орнатылғандығын ескере отырып, әзірлеу­шілер қосымшамен толық­тырылып, «Пост» жеке есепке алу жүйесін құрды. Жүк тасымалында тауарлар түрі, қанша тасымалдайды, қандай бағамен, қайда апаратыны көрсетіліп, тіркелу арқылы жүзеге асырылды. Мұның бәрі бізге тұрақты бақылауды қамтамасыз етті, біз ешқандай кептеліс, кедергі жоқ екенін көрдік. Бүгінде жағдай дәл сондай бірқалыпты. Ешқандай келеңсіз жағдай орын алған емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =