КӘСІПКЕРЛЕР ПАЙДАҒА КЕНЕЛЕДІ

0 138

Ортком жиналыс

Қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері Кеден одағынан шаш-етектен пайда көреді. Тіптен, көретін пайдасы Ресей және Беларусь кәсіпкерлерінен асып кетуі мүмкін. Мұндай ой кеше интеграциялық үдерістерге арналған Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында айтылды.

Оған қатысқан Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Асылбек Дүйсебаев Кеден одағы аясындағы байланыс жайында жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков өңірдің шекаралас елдермен сауда-саттық мәселесін қозғап, облыстың біріккен жобалары жайымен таныстырды.
Тарқатып айтсақ, Ресейдің және Беларусь Республикасының нарығы қазақстандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді. Әрине, шығаратын өнімдері сол елдерде сұранысқа ие болса. Мәселен, басқасын айтпағанда,Мәскеу нарығы жылына 5 млрд долларды құрайды екен. «Егер де шекаралық бекеттегі кедендік тәртіпті жеңілдеткенімізді және Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 40 пайызға өскендігін ескерсек, бизнесіміздің тасы өрге домалайын деп тұр» деді Ғ. Ораз­бақов.
Одан бөлек, ол Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы саланың жоспарларын айта кетті. Оның айтуынша, «Бәсекелістік туралы» Заңға олар бірқатар ұғымдарды енгізуді ұсынып отыр. Бұл ұғымдар кәсіпкерлердің қаржылық шығындарын азайтады.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 17 =