Кәсiпкер, саған айтам…

0 90

«Астанада ұлттық нақыштағы асхана  жоқ».  Ерiнбеген екiнiң бiрi айтатын сынның бiрегейi осы. Ұлттық деп отырғанымыз – қазақтiкi.
Астана астана болғалы айтылып келе жатыр. Айтылады-ау…
Бiрақ, сол айтқаннан нәтиже шықса, кәне?
Санаулы күн бұрын қалада бiр қонақүйдiң ашылуына куә болдық.
ХVIII –ХIХ ғасырдағы орыс ұлтының тұрмыс-тiршiлiгiн насихаттайтын мәдени орынның бiрi. Олай дейтiнiмiз, есiгiнiң тұтқасына қарап-ақ ұлттың сол кездегi демiн сезiнесiң. Iшiде солай. Көзiң түсiп кеткен жердiң барлығы ұлы халықтың ұлттық болмысын көрсетiп тұр…
Қонақүйдiң қожайыны керек қаржыны «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберiнде мемлекеттен алыпты. Сөйтiп, билiктiң бизнеске көрсетiп отырған қолдауына ие болыпты.
Әншейiнде жаңғырығы жер жаратын қазақ кәсiпкерлерi осы бағдарламаны неге пайдаланбайды? Қазақы на­қыштағы мейманхана болмаса да, бiр мейрамхананың iргесiн қалауға болады ғой. Грузиннiң «Багратионы», өзбектiң «Алашасы» мен «Ташкентi», ағыл­шынның «Челсиi» мен итальяндардың «Иль-патиосы»… Осылардың қата­рында қазақтың бiр асханасы тұрса тақиямызға тар келе ме? Қазақтың жерiндей дархан дастарханымыз, тарихымыз бен мәдениетiмiз ешкiмнен кем емес.
Кiндiк қалада «қазақ осы» деп ұлтымыздың тарихымен таныстырып, тағамынан дәмiн татқызатын бiр кешен салып… «Астанада ұлттық асханасы жоқ» деген жылдар бойы қалыптасқан стереотиптi бұзатын кез келдi емес пе?
Қазақты таныту үшiн… кәсiп­керлерге айға ұшудың, ақшаны оңды-солды шашып, шетелден жұлдыз шақырудың қажетi жоқ. Бiр тамақтану орынын ашып-ақ,  өзiн де, ұлтын да, дәстүрiн де дәрiптеуге болар…

Айнұр ШОШАЕВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + seventeen =