«Кәсіпкер ана» жобасы көмектеседі

0 30

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жүзеге асыра бастаған «Кәсіпкер ана» жобасы аясында көпбалалы және жалғызбасты аналар үйден шықпай-ақ, массажшы, фотограф және маникюр шеберлері сынды мамандықтарды игере алады.Жаңа мамандықтар тегін онлайн-курстар арқылы дайындалады. «Кәсіпкер ана» кәсіпкерлік негіздерін үйрететін қашықтан оқыту курстары басталғалы үй шаруасындағы әйелдер арасында жүргізілген арнайы сауалнама ең танымал мамандықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Сауалнама нәтижесінде аналар мына кәсіптерге дауыс берді: массажшы, маникюрші, фотограф, жаттықтырушы, психолог, аспаз, кондитер аспаз, СММ-маман, копирайтер, графикалық дизайнер.
«Бұл жобаның басты артықшылығы – біздің студенттеріміз кез келген уақытта оқи алады. Мәселен, әйел баламен жүріп, уақыты болмаған жағдайда жіберілген тапсырманы кейін де көріп, бос уақытында таныса алады» деп атап өтті онлайн оқыту әдіскері Андрей Федоров. Тегін онлайн-курсқа өтінішті көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбие­леп отырған жалғызбасты аналар, сондай-ақ әлеуметтік көмек алып отырғандар бере алады. «Жобаға әйелдер тегін қатыса алады. Біз әкімдікке үлкен алғысымызды білдіреміз, себебі онлайн оқыту жобасының демеушілерін табуға көмектесті» дейді «Кәсіпкер ана» жобасының кураторы Мадина Ыбыраева. Ботагөз Сұлтанова – қарауында ерекше қажеттілікті балалары бар отбасылар мәселесімен айналысатын «Бақытты шаңырақ» қоғамының төрайымы. «Көптеген ата-аналардың үйден жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Өйткені балалар үнемі назар аударуды және күтімді талап етеді. Ал ақша қажет: емделуге, тұрғын үйді жалға алуға. Сондықтан біз өткен жылы мамандық алу бо­йынша онлайн-курстар ұйым­дас­тыру мәселесімен әкімдікке жүгіндік. Сол кезде «Кәсіпкер ана» жобасы туралы білдік. Мен көпбалалы, жалғызбасты аналар курстарға баратынын көрдім. Біздің аналардың алға қойған жоспарлары ауқымды. Бұл курстар біз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады» дейді Б.Сұлтанова. Оның өзі жаттықтырушы-психолог мамандығын оқуды жоспарлап отыр. Бірнеше құрбылары өздеріне шағын кәсіп ашуға мүмкіндік беретін тігінші, аспазшы, кондитер мамандығын таңдаған.
«Кәсіпкер ана» жобасының барлық курстары сұранысқа ие болып отыр. Мен олардың жақсы өтетініне сенімдімін. Біздің аналар курстарды мүмкіндігінше тезірек бастап, сертификат алып, өз ісін ашуды қалайды. Өйткені әрбір ана өзіне сенімді болуы және өз өмірін өзгертуі, өзін бақытты сезінуі, осы өмірде өзін табуы тиіс» дейді Ботагөз Сұлтанова.
Қазіргі уақытта жобаға қатысуға 600-ге жуық ана өтінім берген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + five =