Кәсіп қолдаса көктейді

0 43

– Ең ежелгі кәсіптің бірі наубайшы дер едім. Елордамызда алғашқылардың бірі болып, осы тірлікпен айналысып жүргелі қоғам өмірінен де тыс қалған емеспіз. Оны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп түсінемін. Халықтың басына қандай қайғы келсе қолымыздағымен бөлісіп отырдық. Арыс, Мақтаарал тұрғындарына, жыл сайын тұрмысы төмен отбасының балаларына шамамыз келгенше мектеп құралдарын алып беріп отырмыз. Бұл, әрине, мемлекет тарапынан болған қолдаудың арқасында шығынымыз­ды жауып, пайдамызды бөлісудің де сәті түсті. Осыдан бірнеше жыл бұрын ДАМУ қорынан қомақты несие алып, нан пісіретін цехымызды жаңа құралдармен жабдықтадық. Бүгінде Түрік, Италияның жаңа технологиялары нан сапасының артуына әсерін тигізді. Мұның өзі нан бағасын бір қалыпты ұстап тұруға әсерін тигізді. Екі жыл бұрын бір бөлке нанымыз 75 теңгенің көлемінде болса, бұл бағаны содан бері көтергеніміз жоқ.
Шағын кәсібімізде 60-тан астам адам жұмыс істейді. Алпысының бақуаты менің жұмысымның орнықты жүруіне тығыз байланысты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтып, бизнестің тынысын ашатын бірқатар шараны қарастырғанына көп үміттеніп қалдық. «Қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау – басты басымдық. Сондықтан осы кезеңде көбірек зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты жеңілдету маңызды болып отыр. Бизнестің осы санаты бойынша еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдерді жыл соңына дейін тоқтатуды тапсырамын» деді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бизнес ахуалына тоқтала келіп, орташа және шағын кәсіпкерлікті атқарушы билік тарапынан тексеру жүргізуге тыйым салған үш жылдық мораторийдің тиімділігін айтты.
Рас, Мемлекет басшысы қоғамдағы болып жатқан келеңсіз мәселелерді білмей отырған жоқ. Оның да жолын кесудің де амалдарын қарастыруда. Оның дәлелі: «Бұл ретте сыбайлас жемқорлық мейлінше жиі туындайтын сәулет-құрылыс қызметі, санитарлық-­эпидемиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардан бастау керек» деп көрсетті.
Бұл ретте Мемлекет басшысының шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуді бастауға тапсырма беруі, елдегі кәсіпкерлікті жаңа белеске алып шығады деп ойлаймын.

Хасан ШАРИПОВ, кәсіпкер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =