КӘСІП ІЗДЕГЕНДІ ҚАЛА ҚАҚПАСЫНАН ҚАРСЫ АЛАДЫ

0 115

пункт

Қалалық теміржол вокзалы мен сапаржай аумағында «Жастарды жұмысқа орналастыру пункті» қанатқақты жобасы өз жұмысын бастады.

Кім-кімді де толғандыратын өзекті мәселелердің бірі – оқу аяқтаған соң, кәсіби маман иесі болу. Күн сайын жұмыс табу қамымен немесе өз кәсібін жетілдіру үшін қаламызға келушілер қарасы көп. Оларды, ең алдымен, елорданың еңбек нарығы жөніндегі ақпарат қызықтырады. Қала ішін жете білмейтін жанның босқа сандалып жүріп қалатыны, әлде кездейсоқ жұмысқа арандап қалатыны жасырын емес. Осыған орай Астана қаласы әкімдігі мен Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастарды ақпараттандыру және жұмыспен қамту мәселесін шешуді қаланың қақпасынан бастау­ды жөн көріпті. Вокзал аумағында ашық кеңестер жүргізілсе, сапаржай мен жолаушылар пойыздарында ақпараттық стендтер орнатылып, кітапшалар таратылуда. «Мен бұл кітапшаны балам үшін алып отырмын. Ол – студент. Осы ақпараттар арқылы жұмыс тауып кетеді деген үміттемін» дейді Шығыс Қазақстан облысынан келген Баян Қайырбекова. Бұл іс-шара жастарға қаладағы бос жұмыс орындарын жылдам табуға, тәжірибеден өтуге және түлектерге елордада сұранысқа ие болашақ мамандықтарды таңдауға мүмкіндік береді. Жастар жұмыс берушілердің сауалдамаларын толтырып, келіссөздер барысында қысқа психологиялық кеңестер алып, құжаттарды дұрыс рәсімдеуді үйренеді. «Біз жұмыс беруші мекемелерге барып, қандай қызметкерлер, мамандықтар қажет екендігін сұрастырып, алдын ала келісеміз. Кейін ақпараттарды жастарға таратып, түйіндемелерін алып, екіжақты келісім орнатуға тырысамыз» дейді «Астана жастары» ұйымының жетекшісі Қайырболат Сахметов. Жұмысқа орналастыру пункттері жаз бойы ашық тұрады. Алғаш рет жүргізіліп жатқан бұл жоба оң нәтиже көрсетіп жатса, ұйымдастырушылар оны жыл бойы жалғастыруға да қарсы емес екен.

Сапарғали ҚАНАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + five =