«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Кәсіп бастағысы келгендер әкімдікке жүгінді

0 120

Қабылдауға келген сегіз баланың анасы өз қиындықтарын ортаға салды

Астана қаласы әкімінің инвестициялық және инновациялық даму, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм саласы жөніндегі орынбасары Малика Бектұрова «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында азаматтарды қабылдады.
Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, бірқатар басқарма мен компания басшылары, сала мамандары қатыс­ты. Қала басшысы орынбасарының қабылдауына сан алуан сұрақпен келген тұрғындар түрлі мәселелерін сөз етіп, жекелеген өтініш-тілектерін де айтты. Олардың бірі жергілікті биліктен жоғын түгендеуді өтінсе, енді бірі кәсібін жандандыруға қолдау сұрады. Мысалы, асфальт пен тас­жолдарға, тротуарға еш зақым келтірмейтін, кез келген адамның қолдануына ыңғайлы мұз оюға арналған инно­ва­ция­лық құрал ойлап тапқан конструкторлық компания басшысы Мәдина Жәнібекова осы отандық өнімді көп­шіліктің пайдалануы үшін кеңірек насихаттау жағынан жергілікті биліктің қолдауы қажет екенін айтты.
Өз кезегінде Айнұр Қыдырбаева мекемелерге жөндеу жұмыстарын жүргізетін топтың жұмысын ұйымдастырып жүргенін айта келіп, ойындағы идеяларын жүзеге асырып, кәсібін әрі қарай дөңгелету үшін үлкен сомада кепілсіз несие алуға әкімдіктен қандай көмек болатынын сұрады. Алайда банк­тер­дің ішкі жұмысына ешбір құзырлы органның араласуға құқығы жоқ екенін, сондықтан бизнес бастау үшін үлкен сомадағы кепілсіз несиенің болмайтынын айтқан Малика Бектұрова Айнұр Қыдыр­баеваға кәсіпкерлер арасында өткізілетін қайтарымсыз тегін гранттың конкурсына қатысуды ұсынды. Оған қатысу үшін қандай құжаттың қай уақытқа дейін қайда тапсырылуы қажет екенін жиынға қатысып отырған құзырлы мекемелердің мамандарымен кеңесті. Жалпы, қала әкі­мі орынбасары­ның қабылдауында бол­ған барлық астаналық өзінің мәселесіне қатысты жауапты маманмен жекелей сөйлесуге мүмкіндік алып, телефон нөмірле­рімен алмасты.
Алдына келген әр адамның базынасын тыңдаған Малика Бектұрова тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырма берді. Мәселен, Ғалия Тілеуова есімді қария мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсететін орталық ашқысы келетінін, соған ғимарат қажет екенін айтса, Смақ Мәулетқари есімді зейнет­кер музыка мектебін ашу үшін қажетті нысанды сатып алуға банктердің несие бермегенін жеткізді. Сол сияқты аутизммен ауыратын балалардың мәселесімен айналысатын қор өкілдері мен аула клубтарын дамытуды қолға алуға ниетті тұрғындар да өздерінің ұсыныстарын білдірді. Ғалия Тілеуованың мәселесін Сарыарқа аудандық әкімдігіне жүк­теген қала әкімінің орынбасары Смақ Мәулетқариға қосымша білім беру ұйымын ашу­дың заңдылықтарын тың­ғылықты түрде түсіндіріп өтті. Ал 8 баланың анасы Нұргүл Қадырбаева жергілікті билік өкілдерінің алдында көз жасына ерік берді.
– Малика Ерланқызы, сізді ана ретінде менің жағ­дайымды жақсы тү­сінеді деп ойлаймын. Біз қазір 8 баламен үйсіз-күйсіз жүрміз. Жұба­йымның көп жұмысқа денсаулығы жарамсыз. Өзі күзетші болып еңбек етеді. Жалақысы – 70 мың теңге. Мен бастауыш сынып мұғалімімін. Бірақ қазір балаларыма қарап, жұмыссыз отырмын. Олардың алды студент болса, кенжеміз – 3 жарым жаста. Кішкентайымыз қазір сырқаттанып қалды. Алайда оған дәрі алатын ақшамыз жоқ. Балаларға 15 мың теңге ғана жәрдемақы аламыз. Қарнымыз ашса мешітке барамыз. Қазір Түркістан көшесіндегі пәтерлердің бірін уақытша паналап отырмыз. Мешіт қызметкерлері бірнеше күнге пәтер жалдап берген болатын. Әрі-бері көшіп-қонып жүрміз. Әбден қиналып кеттік. Бізге көмек берулеріңізді сұраймыз, – деді ол.
Көпбалалы ананың мұ­ңын тыңдаған Малика Бектұрова оның барлық өтініш-тілегін тиісті органдарға жеткізетінін айта келіп, жиынға қатысып отырған мекеме басшыларына, Есіл аудандық әкімдігіне бұл отбасыға қажетінше көмек беруді тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды