Кәсіби машық маманды білікті етеді

0 121

Жаһандық деңгейде аса зор беделге ие саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің болашаққа қарай қадамын айқындап, ұлт дамуының шешуші бағыттары мен оны қайта жаңғырту мәселелерінің ерекшеліктеріне тоқталды. Елбасының кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың басым бағыттарына тоқталып, отандық заманауи білім беру жүйесі үшін маңызды міндеттер қоюы жоғары білім беру саласы өкілдері үшін зор мәнге ие. Жолдаудың кең ауқымды бағыттары еліміздің экономикалық қуаты мен мерейін асыруда бәрімізге міндет-мақсаттар жүктейді.

Жоғары білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі – сапалы білім беру мен қазақстандық студенттердің бәсекеге қабілеттігін арттыру болып саналады. Осы орайда Рудный ин­дустриялық институтында 2012-2013 оқу жылында теориялық білім­ді тәжірибемен ұштастыруды күшейту үрдісі айтарлықтай қайта жаң­ғыр­тылды. Мамандықтардың оқу-жұмыс жоспары студенттерге тәжі­рибе жұмыстарын пысықтауға мүм­кіндік туғызатын біздің басты әріп­тес­терімізбен келісіле отырып жасалады. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамы мамандарының қолдауымен оқу үрдісін ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі жұмыстардың әдістемелері, түрлері жыл сайын жетілдірілуде. Ортақ кеңестер, дөңгелек үстел отырыстары, студенттер сауалнамасының нәтижелерін талқылау, кәсіпорынның білікті мамандарын лекциялық және тәжірибелік сабақтарға тарту және студенттердің дипломдық, курстық жобаларына жетекшілік ету секілді жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда Президент тапсырмасына сәйкес институттың техникалық мамандықтарды игеретін студенттерінің оқу-жұмыс жоспарына «Кәсіпкерлік негіздері», «Инновациялық кәсіпкерлік», «Кіші және орта бизнес негіздері» пәндерді енгізу мәселесі көтерілді.

Тәжірибелі маман – жарқын болашақ кепілі. Рудный индустриялық институтында барлық мамандықтар бойынша студенттердің кәсіптік тәжірибесі екінші курстан бастап жүргізіледі. Үстіміздегі оқу жылында техникалық мамандықтардың кәсіптік тәжірибесінің сағаты 40 пайызға ұзартылды. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі – тәжірибелік сабақтар үшін ең ірі, әрі сенімді база болып саналады. Бұл бағыттағы жұмыстар студенттерді бірлесіп тәжірибелік даярлықтан өткізу жөніндегі білім ордасы мен кәсіпорынның ұзақ мерзімді келісімі аясында жүргізіліп келеді. Кәсіпорын басшылығы тәжірибеден өтетін орынды ұсынып, жетекші тағайындайды және студенттердің тәжірибеден өту барысын өз бақылауына алады.

Қазақта «Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт» деген тамаша сөз бар. Шынымен де, «Қазақстан – 2050» стратегиясы техникалық мамандықтарды заманауи тұрғыда дамытуда нақты мүмкіндіктерді ашпақ. Бүгінде Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі мамандарының белсене араласуымен студенттердің кәсіби машығын акредиттеу жөніндегі Сараптау Кеңесін құру жобасын әзірлеудеміз. Бұл Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кадрларды мақсатты даярлауды жүзеге асыруда әріптесіміздің жаңа тетіктерді қосуына жол ашады деп білеміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев білім беру үрдісінің жаңа әдістері мен технологияларын дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді. Гарвард, Принс-тон сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері қашықтықтан және онлайн режимде білім беру арқылы 100 мыңдаған аудиторияны өзіне тартып отыр. Әрине, жақын болашақта сапалы онлайн білім беру ауқымы тек қана өсе бермек. Бұл бағытта Рудный индустриялық институты 2000 жылдан бері қашықтықтан оқытудың заманауи технологиялары бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Білікті маман даярлау үшін оқу үрдісінде ең үздік оқытушылар мен сарапшыларды көптеп тарту мәселесі де өз шешімін тауып отыр.

Институт Ресей мен шетелдің бір-қатар елдерінің жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, жуырда ғана білім ордасы Чехия мен Польшаның алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарымен екі жақты келісімдерге қол жеткізді. Бұдан былай институт оқытушылары мен студенттері аталмыш елдердің университеттерінде біліктіліктерін арттырып, тәжірибелерін шыңдауға зор мүмкіндік алып отыр.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жоғары білім жүйесін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидасы негізінде дамыту қажеттілігі айтылды. Соңғы жылдары біз кәсіпорындардың, әсіресе, стратегиялық әріптестік тапсырысы бойынша мамандарды мақсатты дайындау ісінде біраз тәжірибе жинақтадық. Институт Қазақстан мен Ресейдің 150 кәсіпорнымен әріптестік қарым-қатынаста және студенттердің кәсіптік тәжірибеден өтуі бойынша 130-дан астам келісім-шарт жасасқан. Президентіміз айтқандай, жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет. Қазіргі таңда институттың «білім-ғылым-инновация» сызбасы бойынша жұмыс беруші кәсіпорындармен өзара ықпалдасуы нақты нәти-жеге бағытталып отыр. Рудный индустриялық институтындағы оқытушылар мен студенттердің іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулері оқу үрдісінің ажырамас бөлігі іспеттес. Келешекте жоғары оқу орны білім беру үрдісі, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер, талдау-сараптамалық ісі, кәсіби және қоғамдық талқылау алаңы және технологиялық инновациялар жобасын жүзеге асыру біріктірілген интерактивті ортаға айналмақ. Кез келген жоғары оқу орнының ғылыми көрсеткіші негізінен өндіріске енгізілген әртүрлі ғылыми бағыттардың түйісер тұсындағы пәнаралық зерттеулермен және әзірлемелермен анықталады.

Жоғары оқу орнында ғылыми-зертханалық базаны қайта жаңғырту жөнінде айтарлықтар жұмыс атқарылды. Институт ғалымдары – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысы аясындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің орындаушылары. Бүгінде олар пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеудің тиімділігін арттыру, технологиялық үрдістерді автоматтандыру және электрмен қамтамасыз ету, қалпына келетін энергия көздері, аймақ кәсіпорындары мен ұйымдарындағы экономикалық мәселелер және т.б. тақырыптарда ғылыми зерттеулер жүргізуде. Білім ордасында гранттық бағдарламалар шеңберіндегі бастамашыл және тәуекелді ғылыми зерттеулер орындалып, ұлттық компаниялармен және экономиканың нақты секторының өкілдерімен шаруашылық келісім жұмыстарын жасау тәжірибесі жалғасып келеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында ұсынған «Жасыл көпір» бастамасы дүние жүзі бойынша экологиялық таза экономиканы іс жүзінде дамыту және тарату проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Бастаманы көптеген әлем елдері қолдап отыр және ол Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы серіктестікті нығайтып, қолданыстағы аймақ-тық бағдарламалардың тиімділігін арттырмақ. Семей ядролық полигонын жабу арқылы Қазақстан әлемге ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде танылды. Енді Елбасының экологиялық мақсаттағы жаңа бастамасы да төрткүл дүниенің белгілі саясаткерлері мен дуалы ауыз сарапшыларының назарын тікелей аудара бастады. «Жасыл көпір» экологиялық бағдарламасы шеңберінде студенттеріміздің энергияны тиімді пайдалану мен үнемдеу саласындағы білімдерін кеңейту мақсатында «Экологиялық инжиниринг және энергияның балама көздері мен биоқалдықтарды қолдана отырып тұрақты даму» атты Еуропалық ТЕМПУС жобасы жүзеге асырылып жатыр. Себебі, тек қана «жасыл» энергетика күннен-күнге артып бара жатқан сұранысты тиімді әрі аз шығынмен қамтамасыз ете алады.

Заманауи технологияларды трансферттеу мүмкіндігі бар салааралық секторды анықтайтын ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациялануына байланысты шаралар институтымызда әлдеқашан жасалына бастады. Қазіргі таңда біз Қостанай облысындағы ерекше маңызды жоба – аймақтық технопаркті құру жөніндегі жоба жұмысымен айналысып отырмыз. Бизнес, ғылым, мемлекет пен қоғам өкілдері, Қостанай облысының инновациялық дамуына барлық мүдделі топтардың белсенділік танытуы жобаның табысты жүзеге асуының маңызды факторы. Біз тек қана технологиялық инновациялармен шектеліп қана қоймай, әлеуметтік және экономикалық инновацияларды дамытып, жас ғалымдар мен кәсіпкерлердің жаңа жобаларын іске асыратын боламыз. Ал базалық кафедралар, бизнес-инкубатор, кәсіпкерлік жөніндегі мамандандырылған жүйе студенттер мен жоғары оқу орны түлектерінің кәсіпкерлік белсенділі-гін қолдаудың маңызды тетігіне айналмақ. Бизнес-инкубатор жанында студенттердің бастамасын қолдау қорын құру да жоспарда бар. Технопаркті құру ғылымды көп қажет ететін инновациялық жобаларды тиімді жолмен ілгерілету мен қолдау жүйесіне оң әсер етіп, ғылыми идеяның тууынан бастап өнімді шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын технологиялық үрдіске жол ашады.

Осының барлығын ескере келе, Ел Президенті алға тартқан ауқымды тапсырмаларды іске асыру үшін білім беру саласында айтарлықтай іс іргесі қаланды және қажетті қор мен механизмдер бар деп ойлаймын. Дәл бізге, қазақстандықтарға, әр азаматтың мұң-мұқтажын жақсы сезінетін және кез келген күрделі мәселенің ең тиімді шешімін таба білетін ғаламдық деңгейдегі Ұлт Көшбасшысының кезеңінде өмір сүру бақыты жазыпты. Сондықтан да біз Елбасының Қазақстанды қуатты әрі гүлденген мемлекетке айналдыру секілді асқақ арманын шынайы өмірде іске асыруға атсалысуымыз керек.

Әбдірахман НАЙЗАБЕКОВ,
Рудный индустриялық институтының ректоры,
техника ғылымдарының
докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 7 =