Картоп неге қымбаттады?

0 80

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Қазақстанда картоп жеткілікті. 11 маусымдағы жағдай бойынша республикада 70 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар. Дегенмен неге картоп бағасы қымбаттап отыр?Белгіленген тұтыну нормаларына сәйкес, елдегі картоп қоры жарты айдан астам уақытқа жетеді, яғни жылына халықтың жан басына шаққандағы тұтыну мөлшері 95 келі болғанда, елімізде күніне 4,9 мың тонна картоп пайдаланылады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жыл басынан бері картоптың құны 48,6 пайызға өскен. Бұл өсім маусымдық сипатқа ие. Мысалы, 2020 жылы дәл осы күні статистика органдары 46 пайызға жуық өскенін тіркеген.
Министрліктің қазіргі бағаларға қатысты берген мәліметі бойынша күнделікті баға мониторингі картоптың 1 келісінің бөлшек сауда бағасы 138-450 теңге аралығында болатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда ең төмен баға Қостанай (138 тг/кг) және Ақтөбе облыстарында (166 тг), ал ең жоғарғысы Нұр-Сұлтан қаласында (225-450 тг), Солтүстік Қазақстан облысында (320-340 тг), Шығыс Қазақстан облысында (335 тг) және Қарағанды облысында (270-310 тг) тіркелген. Елордалық базарлар мен сауда нысандарының мониторингі бүгінгі күні картопқа деген сұраныс жоқ екенін көрсетті. Ассортиментте былтырғы жылғы да, жаңа дақылдың картоптары да бар және сатылып жатыр. Сонымен қатар, тауарлардың жеткілікті болуына байланысты баға төмендеп келеді. Өткен жылғы картоп сапасына қарай, келісі 120 теңгеден 200 теңгеге дейін сатылады. Биылғы өнім елордадағы «Шарын» және «Шапағат» сауда орталықтарында 280-320 теңгеден, «Евразия», «Магнум» және «Смолл» сауда орталықтарында келісі 400-450 теңгеден сатылады.
Жағдайды талдау маусымдық бағаның өсуіне делдалдар мен сауда объектілерінің үстемені көп қосқаны әсер еткенін көрсетіп отыр. Маусым айынан бастап оңтүстік аймақтарда ерте пісетін көкөністер мен картоптың жаңа өнімі жаппай жинала бастады. Мұнда биылғы картоптың бағасы тоннасына – 175-200 мың теңге аралығында. Жақын арада жаңа өнімдерді жеткізу нарықтағы бағаға едәуір оң әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына ерте пісетін картопты Түркістан облысынан сатып алу ұсынылады. Биылғы картопты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының нарығына жеткізуді ұйымдастыру үшін оператор ретінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ны іске қосу қажет. Сондай-ақ әкімдіктерге ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен жеткізе отырып, жәрмеңкелер ұйымдастыру ұсынылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 17 =