Картон қабырғалы үйлер

Әңгіме

0 246

Елдің көбі жаңа астанаға жаңа өмір бастамаққа қоныс аударып жатқанда, Мырзаш пен келіншегінің де аңсары сол жаққа ауды. Ақыры киім-кешек, төсек-орны мен үш баласын алып, астанаға тартып отырды. Астана бұларға ұнады. Биік үйлері көп екен. Сәулеті ерекше және қаптаған әйнектері суық көрінетін ғимараттардың арасында кеңес заманынан қалып кеткен ескі үйлер көзге қораш көрінеді. Сол ескі үйлер әлдеқайдан адасып келіп өркениетке тап болып, көргенінен шошып, не алға, не артқа жүрерін білмей мәңгіріп тұрған жабайы түйелерді елестетеді.

Бұлар ырғалып-жырғалып жеткенше жалдайтын пәтер бағасы қымбаттап кетіпті. Көздері ойнақшып тез сөйлейтін риелтор мұның себебін «Алматыда жер сілкініп, ол жақтан бұл жаққа келіп пәтер іздеушілердің көбейгенімен» түсіндірді. Оның бұл сөзі «жарты Алматы көшіп келе жатыр, баспана бағасы бұдан да қымбаттайды» дегендей естілді. Пәтерді ескі ауданнан тапты. Айналада жеке үйлер көп, иелері үскірік аязы бет қаратпайтын суықта қолдарына түскенін жағып жылынады. Түтін айналаны басып қалады. Қыста пәтердің ішін түтін басып, Мырзаш бала-шағасымен қақалып-шашалып жатқаны. Сөйтіп бұлар да қалаға сіңісе бастады. Автобустағы сіркесі су көтермей тұратын қабағы қатулы жолаушыларды, көшеде жөн сұраса сүлесоқ жауап беретін немесе естімегендей болып өте шығатын адамдарды көргенде бұрынғыдай таңғалмайтын болды. Формальдегид, фенол сияқты зиянды заттардың жоғары концентрациясы жүйке жүйесіне әсер етеді, мұндай ауадан адамдарда депрессия мен шаршау болатынын білетіндіктен қабағынан қар жауғандарды түсінуге тырысады. Әр жақтан жиналған жұрт тек күнкөрістің қамын ойлап жүреді, олардың күліп, жайраңдап жүруге уақыттары да тапшы.
Қабырғалас және астыңғы қабаттағы көршілердің дауысы естіліп тұратыны басында бұларға қызық көрінген. Гүбір-гүбір, тарс-тұрс. Тура қасыңда жүрген сияқты. Мырзаш көршісі түшкірсе еріксіз «жәрәкімалла» дейді. Бұған қабырғаның ар жағындағы көршісі ерінбесе рақмет айтады. Қабырғаның жұқалығы ыңғайсыздық туғызып, келе-келе жүйкеге тие бастады. Пәтердің қабырғасы ғана емес, қабаттардың арасын бөлетін плита да жұқа болып шықты. Астыңғы қабаттағы көрші түнгі сағат 12-ден кете әлдекімге ұрысып бастап, содан таңғы төрт-беске дейін ауыз жаппай сөйлейді. Сөйлегенде айналып-толғанып, болмаса адам елтитін жақсы әңгіме айтса бірсәрі-ау, біреудің жер-жебіріне жетіп, амалсыз естіп жатқан бұлардың сүйегі қоса сырқырап кететіндей балағат сөзді қарша боратады. Мырзаш оған әдейілеп барып, тәртіпке шақырып, әлдене түсіндіріп жатуды артық санайды, өйткені сол адамның ақыл-есінің дұрыстығына күмәнданады. Осынша тоқтаусыз ұзақ әрі бейпілауыз сөйлейтін адамның жүйкесі сау болуы мүмкін емес. Бұл түнгі «дәріс» кейде қатарынан үш не төрт күнге жалғасады. Үш-төрт күннен соң барып тыншиды. Жылу батареясының бойымен судың өзара «сыбырласқаны» естілгенде барып бұлар көршілерінің ұйықтағанын біледі. Сол кезде бұлар да қуанып, жастыққа бас қояды. Бұл тыныштық кейде бір апта, кейде екі аптаға созылады. Сосын «түнгі дәріс» қайта басталады. Өздері көршісін ап-анық естіп отыратын болған соң «біздің де дыбысымыз естілетін шығар» деп ақырын, тіпті сыбырласып сөйлесетін әдет тапты. Шулап ойнайтын балалар да жаңа ережеге амалсыз мойынсұнған. Ал дәл жанындағы қабырғалас көршілері өте қызуқанды адамдар болып шықты. Еркек пен әйел бір-біріне алдымен тәтті сөздер арнап, сондай бір елжіреген құштарлықпен тілек айтып рөмке соғыстырып, екі-үш сағаттан соң ерекше шабытпен айқайласып, оның арты тарс-гүрс төбелеске ұласады. Олар таңда естерінен тана шаршап ұйықтап, түске таман қайтадан бас жазысып, құдіретті сезіммен бір-бірін кешіріп жатады. Қабырғаның ар жағындағы осынау өте шулы, сонымен бірге ынтызарлыққа толы «аса көңілді» өмір дәл осы қалыппен жалғаса берсе Мырзаштың жүйкесі әлсіз, өзі ашуланшақ келіншегінің шашы жасына жетпей ағаратын түрі бар. Қабырғасынан дыбыс естілмейтін әрі бұдан кеңдеу баспанаға көшу туралы ой төңіректей берді.
***
Тапқан пәтері тар болса да екі бөлме деген аты бар, ауданы да қатынасқа ыңғайлы. Бір қуанатыны – бұл үйде тал түсте ішіп алып қисалаңдап жүретін, киімі лас, үстінен иіс шығып лифтіге бірге мініп, әр үйдің есігін қағып жүретіндерді көрмейсің. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Көршілер бір-біріне бедірейе қарап өте береді. Бір-біріне суық. Бұл жақта қыс алты ай емес, сегіз айға созылатындықтан, күн сәулесінің жетіспеуінен адамдарда апатия бар секілді. Өздері жаңа жерге үйренісе алмай жүрген соң да солай көрінетін шығар. Әйтеуір көршілер бәріне бей-жай, немқұрайлы көрінеді. Бұл күн радиациясының төмен болғанынан ғана емес, таңға дейін мазасыз көршілерінің шуын естіп шығатындықтан, ұйқы мен ояу жүру режимінің жүйелі бұзылуынан болуы мүмкін ғой деп топшылайды іштей бұлар.
Мырзаштың бұл көршісінің әйелі ақжарқын адам болып шықты. Он алты жас шамасындағы ұлдары бар. Олардікі үш бөлме. Көрші әйел өздерінің пәтерін көрсетті, бұл кірсең шыққың келмейтін, төбе шамдары жалт-жұлт еткен, қымбат жиһаздары мысыңды басатын, жоғары талғаммен, ең бастысы мол ақша жұмсалып жөнделген тамаша пәтер еді. Әйел деген – әсершіл халық, көршінің пәтерін көріп келгелі Мырзаштың келіншегі үш күн бойы тамсанумен болды.
Кейде бұлар сол жақ қабыр­ғадан әлдекімнің өксіп-өксіп жылаған дауысын естісе де оны көрші әйел деп ойламайтын. Ақжарқын, үнемі күліп жүретін, үйі кірсе шыққысыз, тұрмысы жақсы адамды жылайды деп ойлаудың өзі қисынсыз. Бір күні түнде біреу есік қоңырауын басты. Іле-шала есікті ұрды. Қоймай ұрғыштады. Есікті ашқанда үстінде жеңіл ішкөйлегі ғана бар, жалаң аяқ, шашы дудырап, көзіне үрей толған көрші әйел тұр еді.
– Көмектесіңізші. Өтінем, көмектесіңізші. Ол баламды өлтіреді. Барып көмектесіңізші! – деді асығып-үсігіп. Дауысында жалыныш бар. Әншейінде бірден түсініп болмайтын жайбасар Мырзаш аңырап тұрып-тұрып барып, киіміне жабысты.
– Киінбей-ақ қойыңыз, – деп бұйырды қорқыныштан дірдек қаққан әйел. – Үлгермей қаласыз, оның қолында пышағы бар!
Сасқалақтаған Мырзаш көршінің үйіне кетті. Мас адамның пышағы бар дегенді естіген Мырзаштың келіншегі өз күйеуін уайымдап тұр. Көрші әйел жылаған күйі сөйлеп жатыр.
– Осыған өмірімді қор қылдым, үнемі осы, ішсе балаға тап береді. Бар өшін содан алады. Тамағына пышақ тақайды. Өзі – жолы болмаған адам. Жөндеп жұмыс та істемейді. Сол риза болсын деп ақшаның соңында жүрем, жұмыстан бөлек үйге қосымша жұмыс әкеліп істеймін, сол риза болсын деп төркініме де бармаймын. Ал ол ішуін қоймайды. Ішіп алса ұрынады, – деп өксіді әйел.
– Полиция шақырмайсыз ба?
– Олардан көмек жоқ, талай шақырдым, келеді, ештеңе істемейді. Сосын олар кеткен соң бұл тағы да өзіме тап береді. Сіздер де полиция шақырмай-ақ қойыңыздаршы, әйтпесе ол мені өлтіреді. Мені қойшы, балама бірдеңе жасауы мүмкін. Ішсе миы істемейді.
Бір-екі рет көршісінің көзі ештеңені көрмей, өзінен-өзі ыржиып келе жатқанын көргеннен бері Мырзаштың келіншегі мектепке баратын қыз бен ұлды лифтіге қарап тұрып мінгізіп, бағып тұрып кіргізіп алатын болды. Кейде көршінің ақжарқын келіншегінің кранды ашып қойып жылаған дауысынан бөлек басқа пәтердегі дауыстар да түн ішінде қосамжарласып естілетіні бар. Сол кезде бұлар өздерін үйде емес, жерден тысқары бір жерде тұрып жатқандай, түсініксіз дыбыстарға толы тылсым әлеммен байланысы бар адамдардай сезінер еді. Газоблок деген сондай материал, әр жерден қуалай шыққан дыбыстың жоғарыдан әлде төменнен екенін айыра алмайсың.

***
Қабырғасынан дыбыс естілетін, терезелері үлкен жолға қарайтын пәтерден де шаршайын деді. Кейде бөлмені желдетпекке терезені ашса болды, арылдап-гүрілдеген көліктер пәтердің ішіне кіріп келе жатқандай көрінетіні бар. Көбірек жер телімін иемденіп қалуға тырысқан құрылыс компаниясы үйді жолға тақап салған. Енді бұлар ертеректе салынған ескі үйде тұрып көрсе қалай болады деп ойлады. Ескі үйден пәтер жалдаса қабырғалары қалың, ешкімді, ештеңені естімейтініне сенеді. Адам тыныш ұйықтаса болды емес пе, басқа не керек? Пәтерді де тапты. Бағасы қымбаттау екеніне, подъезінің сылағы түсіп, сыры көшкеніне, лифтісі ескі екеніне де мән бермеді. Бастысы қабырғасынан ештеңе естілмесе болды. Балалардың мектебі осы жерден екі аттам болатын.
Пәтер иелері – ерлі-зайыптылардың екеуі екі түрлі қалыпта көрінеді екен. Күйеуі көңілсіздеу, қалың ой үстінде, ал әйелі жағасы жайлауда, көңілді көрінеді. «Біз Шұбардан 400 шаршы метрлік коттедж салып қойдық, мына пәтерді жалға береміз, тағы бір пәтерімізді сатып, ақшасын басқа құрылысқа құйсақ па дейміз» деді әйел. «Оның бәрін бізге не үшін айтып тұр?» дегенді бұлар ойламады, бәлкім, үй иесі әйелдің кедейлердің алдында аздап мақтанғысы келген шығар? Ол күйеуінің үлкен қызметте бастық екенін, өзінің атақты университетте мұғалім екенін де айта кетті. Психологияда «субъективті әл-ауқат» деген ұғым бар. Адамның өз өміріне қанағаттануына оның қызметі, жинаған байлығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы әсер етеді. Әйелдің жүзінен өз өміріне ризашылығы көрініп тұрды. Ал күйеуінің бетіндегі ешуақытта кетпейтін ұлы шаршаудың себебі неде болуы мүмкін? Екеуінің су жаңа екі көлігі, коттедждері, артық пәтерлері бар, бірақ ер адам өмірінің мәнін жоғалтып алып, соны таппай жүрген адамға ұқсап көрінетіні несі? «Ол өзі іздеген мән-мағынаны осы үйде тұрып жоғалтты ма, әлде қызметі өзіне ұнамағаннан осындай күйге түсті ме екен?» деп ойлады бір сәт Мырзаштың қияли келіншегі басқа ойлайтын түк таппағандай (бұл өзі кім боларын білмейтін, қайдағы жоқты ойлап жүретін біртүрлі қиялилау келіншек болатын. Егер шаруаны білетін пысық келіншек болса, ол қазір үй иесі әйелден жалдау құнын түсіруді ойлауы керек еді. Көрмейсіз бе, өзімен-өзі лағып, қажетсіз нәрсені ойлап тұрғанын).
Буыншақ-түйіншектерін заматта жинап, жаңа мекенге көшіп те алды. Обалы қане, пәтерден дыбыс естілмейтін. Мүлгіген тыныштық. Алғашқы күндері Мырзаш та, келіншегі де тұяқ серіппей ұйықтап жүрді. Түн ортасында біреулердің ащы дауысынан, оқыс дыбыстан оянбау да ғажап екен ғой. Жатын бөлменің терезесі аулаға қарайтын, таңертең балкон есігін ашқанда құстар шықылықтап ән салатын. Сол кезде көшедегі көліктің дыбысынан бітеліп қалған бұлардың құлағы әп-сәтте ашылып, дүниеде әрі-бері ағындаған көліктер ғана емес, торғайлар мен табиғаттың барын, тыныштықтың рахатын сезінетін. Тұрып жатқандарына бір апта болар-болмаста суық су жүретін құбыр жарылып ағыл-тегіл су кетті. Сарылдаған су кафельден асып ламинатқа жайылып, төменгі қабаттағы көршіге жетті. Оны жөндетіп бола келгенде үстіңгі қабаттағы көршісінің үйінен де су құбыры жарылып, енді бұларды суға батырды. Жатын бөлменің төбесі сары ала болып, балконның жақтауларына дейін дымқылдан ісініп кетті. «Құбырды жаңарту керек» деді сантехник. Ай сайын ақшасын алудан жаңылмайтын кооператив бұған қатыспады, «құбыр өздеріңнің шаруаларың» деп қысқа қайырды. Ауланың әр жері қазылып, жайрап ол жатыр. Үйдің қалың қабырғасынан көршілерін естімейтін болса да көбіне сусыз отыратын болды.
***
Бұл жолғы тапқаны аты дардай компанияның үйі еді. Бағасы да қымбат. Бірақ… көршімен екі ортадағы бар-жоғы он сантиметрлік қабырға теледидардың орташа дауысына да, басқа дыбысқа да тосқауыл бола алмады. Тіпті қабырғаның ар жағындағы адамның телефонын розеткадан суырғанын да, көршінің телефонына хабарлама келгенін де ап-анық естиді. Көршісі – жас отбасы. Көп өтпей сәбилі болды. Жас жігіт адам таңғалатындай балажан екен. Ала таңмен тұрып алып сәбиін айналып-толғанып ән айтады. Кеңестік мультфильмді армансыз көрген-ау, бүкіл балалар әнін шырқап шығады. «Антошка-картошка… Тили-тили…» Күнде сол. Жаңылмайды. Оның әні қабырғаның бер жағындағы Мырзаштың да көңілін көтереді. Мына жақтан Мырзаштың келіншегі де бала кезден көңілге ыстық әнге қосылып кетеді. Солай көршілер бірі қабырғаның ар жағында, бірі бер жағында жатып алып әндетеді. Кейде көршісі сөзін ұмытып қалып құр ыңылдап кеткенде мына жақтан дауыстап әннің сөзін айтып жіберетіндері бар. Мырзаштың төменгі қабаттағы көршісі де көңілді отау. Әкелері түнгі ауысымда жұмыс істеп, күндіз ұйықтай ма, әйтеуір, балалар түнімен секіріп, тарсылдатып жүгіріп ойнайды. Оған Мырзаш қабақ түймейді. Үлкендердің ұрыс-керісін естігеннен баланың шуы әлдеқайда жақсырақ!
– Көршіміз пәтерін сатады екен, – деді келіншегі бірде шай үстінде.
– Оны қайдан білесің?
– Телефонмен біреуге айтып жатқанын естідім (әне, бұл үйде бірдеңені телефонмен айту да қауіп, не жоспарың барын көршің естіп-біліп отырады).
Шынында да, көп ұзамай балажан көршісі пәтерін сатып, көшіп кетті. Осыдан кейін бұлардан маза қашты. Өйткені жаңадан келген көршілер ән айтпайтын болып шықты. Бала да жұбатпайды. Түн жарымында келіп, даурыға сөйлеп, одан әрі «ұлы той» бастайды. Бұлар көзге көрінбейтін жаңа көршінің пәтерді тәулікке жалға беріп қойғанын түсінді. Бейтаныс адамдар есік ашып жатады. Бейтаныс адамдар шығып бара жатады. Түнімен сыңқ-сыңқ күлкі, күйіп-жанған, аһілеп-үһілеген дауыстардан құлақ тұнады. Шағымданайын десе жаңа көрші ұстатпайды. Бұл пәтердің тәулікке жалға беріліп, кейде ойнастардың ойнағына айналғанын түсінді. Ақ тер, көк терге түсіп, өз қызықтарына берілген «түнгі жолбикелер» қабырғаның ар жағында біреулердің көзі бақырайып ояу отырғанынан, жүйкелері шаршағанынан бейхабар. Тіпті қабырғаны дүңкілдетіп қағып, олардың ләззатты шақтарының шырқын бұза беруге бұлар ұялатын болды. Бәрінен бұрын бұл бөлмеге балаларды жіберуге болмайтын. Полиция да ештеңе істей алмады.
Мырзаш бұдан кейін де пәтер жалдап көрді. Бірнеше рет. Соның бәрінде көршісінің дауысын, түшкіргенін, бүкіл дыбысты естиді. Астанада көршіңді көрмесең де естисің. Елдің бәрі вирустан үрейі ұшып үйге тығылған карантин кезінде оң жақ көршісінің күнде ертемен туыстарына хабарласып, әрқайсысының жағдайын сұрап, коронавирустан қорғайтын ем-дом айтқанына қабырғаның бер жағында жатып мұның жаны сүйсінді. Ал сол жақ көршісінің үйіндегі кішігірім «соғыстарды» естіп, шырылдап жылаған балаларды аяп, көңілі түсті. Бүкіл астана осылай тұрып жатыр. Қабырғаны қалың қылып салуға құрылыс компанияларына кім пәрмен бере алады? «Тым болмаса халықтың, яғни біздің атымыздан сайланған депутаттар осыны неге айтпайды екен?» дейді бір ойы. Бірақ депутаттарға да, басқаға да бұл керек емес. Олар – қабырғаның ар жағында қандай әңгімелер айтылатынын өмірі естіп көрмегендер. Адам өзі бастан кешпеген нәрсені сезінбейді. Егер Мырзаш депутат болса, ол да депутаттар қалашығындағы салтанаты келіскен үйінде, қара халықтан алыста, өзімен-өзі қамсыз жатар еді. Бірақ Мырзаш депутат емес. Жер үй салып алып оңаша тұратын да шамасы жоқ. Ол жай ғана мемлекеттік қызметкердің айлығымен жалдамалы пәтерде тыныш ұйықтаса, соған да риза. Жақында Мырзашты тағы да пәтер іздеп жүр екен деп естідік. Қабырғасынан дыбыс естілмейтін пәтер…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 8 =