Карантиннен шықты

0 12

Үстіміздегі жылдың екінші ақпанында Ухань қаласынан эвакуацияланған 83 қазақстандық пен шетелдік азаматтар үшін карантин аяқталды.Осыдан екі апта бұрын коронавирус тараған Қытай қаласынан 83 қазақстандық (олардың 80-і – студент), бес Беларусь азаматы мен бір Армения азаматын әкелген болатын. Бұған қоса, 18 қырғызстандықты эвакуациялады, оларды арнайы бортпен Бішкекке жіберді.
Қазақстанға келгендер Нұр-Cұлтан қаласынан жеті шақырым жерде орналасқан көпсалалы ауруханасы жанындағы арнайы бөлінген инфекцияға қарсы корпуста 14 күндік карантинде болды.
Республикамызда жұқпалы ауруларды зерттейтін жетекші маман Динагүл Баешева коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдаймен таныстырды. Жағдай бақылауға алынғанмен, босаңсуға болмайды. Егер ыстығыңыз көтеріліп, жөтел болып, тағы басқа да тыныс алу жолдары ауруының белгілері білінсе, медициналық көмек алуға тырысыңыз. Бұл ар­қылы жақындарыңыз­дың денсаулығын сақтайсыз, тіпті коронавирус инфекциясы анықталса да, асқындырып алмай, дер кезінде емін аласыз. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының жағдайға байланысты нұсқауларын орындап, азаматтық жауапкершілігімізді арттырғанда эпидемияға қарсы тұра аламыз.

Гүлбақыт БОЛАТБЕК, емделуші:

– 22 қаңтарда эпидемияға байланысты қаланың жабылғаны туралы оқып жатқан оқу орнынан және қала тарапынан жіберілген СМС хабарландырудан білдік. Сол күннен бастап университеттің кампусында болдық. Бұл жерде студенттер мен оқытушылар орналасқан аймақ. Өз бөлмемізде болып, азық-түлік сатып алу үшін ғана сыртқа шықтық. Онда да талап бойынша тұмшаланып алып, денемізде ашық жер қалдырмай қорғаныс амалдарының бәрін сақтадық.
Елге келгеннен карантинге байланысты мамандардың қатал қадағалауында болдық. Зертханалық талдаулар үшін қан тапсырып отырдық. Карантин деген аты болмаса, күндеріміз шипажайдағыдай өтті. Тамағымыз құнарлы, жатын жайларымыз таза. Қажет болғанда мамандармен сөйлесіп, шынайы қамқорлықты сезіндік. Осы орайда аурухананың барлық қызметкерлеріне алғыс айтқымыз келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды