Карантиннен кейінгі әлем

0 51

PwC талдауы бойынша (Консалтинг және аудит саласы қызметтерінің халықаралық желісі) әлемдегі ең үздік 100 компанияның 87-сінің бизнесі карантин кезінде тұралап қалса да, көп уақыт өтпей тез қалпына келген, бірақ нарықтың тұрақсыз­дығы әлі де жоғары. Пандемия әлемді «дейін» және «кейін» деп бөліп, технологиялық компаниялардың жаңа жағдайға икемділігін сынап көрді, сонымен бірге технологиялық революцияға серпіліс беруде.

Мысалы, Оңтүстік Корея­да коронавирус жағдайы­ның қайта өршуі елдегі басқару жүйесіне әсер ете бастады. Бейсенбіде парламент жабылып, билеуші партияның кейбір қызметкерлері үйдегі карантинге алынды. Ал, осы елдегі Samsung компаниясы осындай жағдайға қарамастан фармацевтикалық бизнесті кеңейтуді жалғастыруда. Дәрі-дәрмектерді шығаратын зауыттың құрылысына шамамен 2 миллиард доллар инвестиция салған компания оны 2022 жылы әлемдегі ең ірі өндіріс орнына айналдыр­мақшы. The Wall Street Journal-дың хабарлауынша, компания коронавирус пандемиясымен байланысты өнеркәсіптің өзгеруіне орай биологиялық препараттар нарығының одан әрі өсуіне бәс тігіп отыр.

ОҢ ӘСЕР

АҚШ, Қытай компаниялары 2020 жылдың наурызынан маусымына дейінгі кезеңде бірінші тоқсанда жоғалған позицияларын қалпына келтіруде. Салыс­тыру үшін: 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша MSCI World индексі (23 дамыған экономикадағы ірі және орташа компания­лардың акцияларының динамикасын көрсетеді) 2019 жылғы желтоқсандағы көрсеткіштен 7 пайыз артта қалып, 2020 жылдың бірінші тоқсанында жоғалған позициялардың көп бөлігін қалпына келтірді. «Нарықтың күрт құбылмалылығына әкелетін жаһандық індет жағдайында барлық компаниялар инвесторлардың жағымсыз «көңіл-күйін» өткереді, өйткені инвесторлар кез-келген нюанстарға аса сезімтал болады. Алайда қазіргі пандемия технологиялық компаниялардың икемділік пен бейімділікті көрсете алғанына көзімізді жеткізді. Бұл инвесторлардың назарын аударып, олардың сенімін тудырды және нәтижесінде мұндай ұйымдардың капиталдануына оң әсер етті» деп түсіндіреді PwC Қазақстан консалтингтік серіктесі Наталья Лим.

КӨРШІ ЕЛДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ

Пандемия кезіндегі нарықтың құбылмалылығы Қытай сияқты алпауыт елге де әсер етуде. Дегенмен «жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары бар» демекші, басқасы-басқа, тап Қытайдың экономикасы әлсіреп қалмасы анық, бірақ Қытайда бірдеңе болса оның салқыны өзге елдерге тиюі мүмкін екенін ешкім жоққа шығармас.
Еconomist басылымының жазуынша, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына пандемияның зардабы тиді. «Си Цзиньпиннің ең ірі жобасы қалай аман қалады?» деп аталатын мақалада COVID-19 пандемиясының экономикалық салдары Қытайдың халықаралық бастамаларына, бірінші кезекте «Бір белдеу – бір жол» жобасына кері әсер етті дейді.
Ал, қасымыздағы көршіміз Ресей экономикасы туралы сарапшылар 2021-22 жылдары қалыпты қалпына келеді деп болжайды. Есеп бойынша, Ресейдің ЖІӨ 6 пайызға қысқарады, үй шаруашылығының жалпы тұтынуы 4.9 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 8 пайызға төмендейді. Коронавирустық індеттің екінші толқынының әсерінсіз, Ресейдің ІЖӨ өсімі 2021 жылы 2.7 пайызды құрайды, ал 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 3.1 пайызды құрайды. Ресейдегі Дүние­жүзілік банктің жетекші экономисті Апурва Санги «Жұмыссыздықтың күрт өсуі, нақты жалақының төмендеуі, салық түсімдерінің төмендеуі және әлсіреген банк секторы сияқты пандемияға негізделген рецессияның тікелей әсері бар» деп мәлімдеді.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС БОЛА МА?

Дүние жүзілік экономикада қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан сарапшылар әлемде экономикалық дағдарыс болады деп болжайды. Bloomberg баспасының мәлімдеуінше, қауіптер жоқ емес. Pacific Investment Management кеңесшісі Иоахим Фелстің айтуынша, қазір елдердің экономикасы біршама жоғарылауда, бірақ одан кейін тағы да төмен түседі. Тағы бір мәселе – коронавирустың екінші толқыны. Брукинг институтының маманы Уоррик Маккиббин әлемде вакцинацияны бастау үшін аз уақыт кетпейтінін айтады. Ол әлемдік экономикадағы пандемияның кесірінен болған шығындарды 35 триллион долларға жуықтап отыр.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ҚАЛАЙ?

ДБ сарапшылары 2020 жылдың 25 маусымында өткен «Орталық Азиядағы COVID-19: кедейлік және әлеуметтік-экономикалық салдар» атты аймақтық онлайн брифингте Орталық Азияның бес елінің үшеуінде, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанда ЖІӨ төмендейтінін көрсеткен. Түркіменстан экономикасы бұрынғы деңгейде қалмақ. 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда баяу болса да, Өзбекстан әрі қарай өсе бермек деп болжам айтты.
Ал, Орталық Азия аймағы бойынша бас экономисі Уильям Зейцтің зерттеуінше, Өзбекстанда карантин шаралары нәтижесінде жұмыс істейтіндер саны күрт қысқарған. Тәжікстандағы жағдай да осыған ұқсас, Өзбекстандағыдай мұнда да негізінен қызмет көрсету секторы зардап шеккен, сонымен бірге шетелге жұмыс күшін жіберушілерге де қиындық көп. Қазақстанда жұмыс күшіне сұраныс қатты төмендеген салалар – сауда, әкімшілік басқару, заң, бухгалтерлік есеп салалары. «Біздің болжам бойынша, 2020 жылы кедейлердің саны 1,4 миллион адамға дейін артады» дейді ол.

ТУРИЗМГЕ ТҰСАУ

Нью-Йоркте өнерсүйер­ қауым үшін карантин аяқталды: алты ай карантиннен кейін Манхэттендегі заманауи өнер музейі) өз есігін қайта ашты, Метрополитен музейі де жұртшылыққа ашылды, бірақ әзірге онда кіретін адамдар саны шектеулі болып отыр, алғашқы күні әдеттегідей 30-40 мың адам емес, 10 мың адам келді.
Сөйтіп, бір ел бұрынғы тіршілігіне көшсе, бір елде жағдай өзгерген. Әсіресе, туризммен күн көріп отыр­ған елдерге карантин әсері қатты білінуде. Жалпы алғанда биыл жаһандық туризм де талай табыстан қағылып, пайда түсімі 80 пайызға дейін азаюы мүмкін екен. Бейжіңде өткен Дүниежүзілік туризм ұйымы халықаралық конференция барысында осындай болжам айтылды. Және ол негізсіз емес. Қауіпті вирус әлем халықтарының саяхатқа шығуына тұсау болды. Ішкі туризм де біраз уақыт жабық тұрды. Жергілікті биліктегілер араласпаса, іс тіпті құрдымға кетуі мүмкін екенін ескертті. Индонезияның Бали аралы коронавирустың таралу қауіпіне байланысты шетелдік туристер үшін биылғы жылдың соңына дейін жабық болмақ.

Интернет материалдары бойынша дайындаған

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 15 =