Карантиннен кейін қанша жұмыс орны ашылады?

0 43

Коронавирус індеті жаһан экономикасының жаппай дағдарысқа ұшыруына әкеліп соқтырды. Нарықты ілгері сүйрейтін тұтас салалар тоқырауға түсті. Қазірдің өзінде 400 миллионнан астам кәсіпорынның тағдыры қыл үстінде тұр. Дүние жүзінде еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар әлем экономикасы соңғы жүз жылда болмаған деңгейге құлдырайды деп топшылап отыр.

Мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысында ел Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаев осындай алмағайып заманда Үкімет қабылдап жатқан маңызды шаралардың бірі – жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» екенін айтты.
– Біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Оған дейін 5 мамырда ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық жиынында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мәселелері қаралған болатын. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазіргі жағдайға байланысты баяндама жасады.
«Бағдарламаның негізгі шарттары – қызмет көрсетушілердің және пайдаланатын құрылыс материалдарының кем дегенде 90%-ы отандық өндірушілер мен мердігерлерден болуы тиіс, құрылып жатқан жұмыс орындарына жұмыссыз жүрген, әсіресе жұмыссыз жастардың кем дегенде 50%-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиіс» деді Б.Нұрымбетов.
Республика бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 6 506 жобаны ұсынылды. Оның 2 703 жобасы – әлеу­меттік инфрақұрылымға, 1 039 жобасы – тұрғын-үй шаруашылығына, 1 799 жобасы инженерлік-көлік инфрақұрылымға және 695 жоба елді мекендерді абаттандыруға қатыс­ты. Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда жаңадан 255 мың жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Қазақстанда қолға алынып жатқан барлық бағдарламалардың әлеуетін ескере келе, 2020 жылы 1 млн 220 мың адамды жұмысқа тартуға мүмкіндігі бар екенін айта кеткен жөн.

Астанада қандай бағдарламалар жұмыс істейді?

Республика бойынша әр облыс, қала, аудан және ауыл деңгейінде халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары жасалып, әр жобаның паспорты әзірленді. Осыған орай елордада «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары (ЖҚЖК) жүзеге асырылады.
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктілік алудың тиімді жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға және еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған, – деді «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Бақытбек Қабжанов.
Оның айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіптік оқуға қатысу, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттен грант алу, шағын несие беру бойынша кеңес алу ұсынылады. Сондай-ақ астана тұрғындары Халықты жұмыспен қамту орталығының (Орталық – авт.) ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыстар бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 2020-2021 жылдары инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталды. Қазіргі кезде оған қажетті білікті мамандар іріктелуде.
ЖҚЖК аясында алдағы екі жылда келесідей жұмыс түрлері мен нысандар бойынша инфрақұрылымдық жобалар қолға алынатын болды:
– әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту;
– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту;
– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту, салу;
– қалалық нысандарды абаттандыру.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында барлығы 15 253 адамды еңбекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Оның 7627 адамы Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық арқылы жұмысқа орналастырылатын болады. Бұл жерде ең бірінші жұмыссыз жүрген жастарға баса назар аударылады.
Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 2017-2021 жылдары аралығында 4 585 адамды жұмыспен қамту жоспарланған: оның ішінде жастар тәжірибесі – 1370, қоғамдық жұмыстар – 3065, әлеуметтік жұмыс орны – 150.
Айта кететін бір жайт, осынау қысылтаяң шақта мемлекет мүгедек жандарды жұмыспен қамту жайын да назардан тыс қалдырмаған.
– Орталық қызметкерлері жұмыс берушілермен жүйелі түрде жұмыс орындарының квотасын сақтау бойынша түсіндіру кездесулерін өткізіп отырады. Мүгедектерді жұмысқа орналастырудың негізгі түрі жұмыс орындарын квоталау болып табылады. Соған сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының ұйымдарында ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардан басқа қызметтердің тізімдік санының 2-ден 4 пайызын құрайтын мөлшерде жұмыс орындарының квотасы белгіленді. Квоталауға меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдар жатады.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысады. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары ерекше сұранысқа ие, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Аймира Муксулова.
Сонымен қатар, төтенше жағдайларға байланысты ресми түрде тіркелген жұмыссыздарға автоматты түрде 2 АЕК тағайындалды. Жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1-6 айға дейін әлеуметтік төлемдер алады. Төлем МӘСҚ қаражаты есебінен жоғалған табыстың 40% мөлшерінде беріледі. Төлемдерді алу үшін Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.
Бос жұмыс орындары туралы ақпарат www.enbek.kz. электрондық еңбек биржасында көрсетілген. Сонымен қатар www.cz.astana.kz. ресми сайтында жарияланады.
Карантин кезеңінде қала тұрғындарына онлайн-кеңес беру үшін call-орталық операторларының саны арттырылған болатын. Жұмыспен қамту орталығының барлық қызметтері онлайн режимінде, egov порталы, call-орталық, электрондық пошта, ұялы байланыс құрылғылары арқылы көрсетіледі. Толық ақпарат Орталықтың ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде қолжетімді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =