Карантиннен кейін ойымыз бен тойымыз өзгере ме?

0 90

Қазақ «Той десе, қу бас домалайды» дегенді жақсы мағынада айтқан. Той деген сөздің өзі адамға қуаныш, мереке сыйлайды. Өмірден ерте өткен Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп жырлағаны да бекер емес. Әрбір адамның жарық дүниеге келіп, жер басып жүргеннен кейін бір ұлан-асыр тойды күтіп жүретіні рас. Тойдың да түр-түрі көп. Бесік той, сүндетке отырғызу, қыз ұзату, келін түсіру… осылай кете береді. Байқасаңыз, бұрын қазақтың тойы ұлттық тәрбиенің, мәдениеттің, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің қайнары болды. Қазір де біз ата-бабамыз ұстанған дәстүрден, құндылықтан ажыраған жоқпыз. Бірақ жаңа заман, жүйрік уақыт өз жаңалығын әкелді. Уақытқа қарсы тұру да мүмкін емес. Бүгінде тойдың мән-мағынасы өзгеріп, дақпырт, даңғазалық көбейді, ысырапшылдыққа жол беріп қаламыз. Әрине, әрбір ата-ана баласының өмірдегі бір қызығы үшін қолда барын аямайды. Бірақ әр нәрсенің шегі бар, кейде біз одан асып кетеміз. Осы жайында бүгін ой қозғасақ деп едік.Иә, ой қозғасақ… Қазір жалпақ әлем коронавирус індетімен бел шешіп күресуде. Одан біз де тысқары қалып отырған жоқпыз. Елімізде екі айға жуық төтенше жағдай жарияланып, тұрғындардың бәрі үйде отырды. Қызық-думанның бәрі сап тиылып, мейрамханалар мен кафелер жабылды. Осы уақытқа жоспарланған той-томалақ тоқтатылды. Бейнелеп айтқанда, Алла Тағала адамзат баласын бір тарының қауызына жиды. Бұрын мұндайды көрмеген адамдар «енді не болады?» дегендей әрі-сәрі күй кешті. Өмір ағысы да өз арнасынан өзгерді. Бұл індеттің экономикаға, әлеуметтік жағдайға, күнделікті тұрмыс-тіршілікке тиген залалы мол. Әйтеуір, «Көппен көрген ұлы той» деген үміт көпшілікті үрейден сақтандырды. Осы карантин кезінде жан-дүниемізді де түрлі мұңды ойлар буып алды. Басқаны қайдам, өзім сондай әсерде болдым.
Бірақ адам баласы қандай қиыншылық болса да одан шығудың жолын іздеп, жанталасады. Төтенше жағдай уақытында отандық бір телеарна елордада алғаш рет онлайн той өткізген жас жұбайлар туралы көрсетті. Оған елдің бәрі елең ете қалды. Шынында да, елімізде мұндай той бұрын болып көрмеген еді. Телеарнаның мәліметіне зер салсақ, ата-анасынан бейнеқоңырау арқылы ақ батасын алып, некесін онлайн қиған екі жас неке қию рәсімін ырымдап Ұлыстың ұлы күніне жоспарлаған. Құдалық пен ұзату, неке қию Арыс қаласында 22 наурызда өтуі тиіс болған екен. «Шынын айтсақ, екі күнге дейін не істерімізді білмей жүрдік. Екі жас өзіміз барып қайтамыз ба, әлде қалай деп ойланып жүрген кезімізде үлкендер өздері шешімге келіп, зайыбымның ата-анасына хабарласып, онлайн түрде ақ батасын алды. Біз енді елімізде алғаш онлайн үйленген жұппыз деп әзілдейміз. Қазіргі қауіпсіздік шараларын сақтана отырып, өзіміздің ағайын-туыс­тың арасында, кішкентай ғана үйде келін түсіру отырысы болды. Мешіттен имам шақырып, ақ некемізді, ең бастысы Алланың алдындағы аманат пен ата-ананың алдындағы аманатты жасадық» деп айтыпты жас отау иесі.
Жақында ауылда тұратын үлкен апам: «Мына індет қашан аяқталады? Баламның тойы кейінге шегеріле ме деп уайымдап жүрмін, ол болса «келінді үйге әкеліп, құда-құдағиды шақырып, шағын той жасайық» деп айтады» деп хабарласты. Олар осы ақпан айында болашақ келінге сырға салып, қазақы жөн-жоралғысын жасап, тойды жазда өткізуге келіскен еді. Бір жағынан, қазіргі жастардың сана-сезімі, көзқарасы бөлек, олар өмірге басқаша қарайды. Ата-­анасы баласына атшаптырым той жасағысы келсе, оны қаламайтын жастар да кездеседі. Осы жерде ­этнограф Тұрар Шәкеннің айтқан пікірін келтіре кетсек:
– Бұл індет те, карантин де адамның жанталасқан өмірін бір сәт тоқтатып, көп нәрсеге басқаша қарауға үйретті. Қолда бар қаражатты үнемдеуге, сабыр­ға, төзімге үйретті. Отбасылық құндылықтардың маңызын көрсетті. Тіпті біздің тым шапқылап кеткенімізде «Тоқта! Айналаңа қара!» дегендей болды. Бұл індет бізді сынады десем болады. Қаптаған мейрамханалар емес, өнеркәсіптер болу керек екенін, жұлдыз шақырып қанша қаражат жұмсайтын тойсыз да өмір сүруге болатынын көрсетті. Оның үстіне дағдарыстың да болу қаупі бар. Сондықтан да карантиннен кейін той жасау өзгереді деп ойлаймын. Ұлан-асыр той жасауды, қыруар қаржыға әнші-биші шақыруды, ысырап жасауды тоқтату керек. Шынайы қуанышыңды бөлісетін жақындарыңа ғана жасап, жастардың аяқтан тұрып кетуіне жағдай жасау керек. Менің ұлымның досы үйленіп жатыр. Екі жақтың ата-анасы келісіп, той жасамай, жастарды достарымен Ыстықкөлге демалысқа жіберуге шешім қабылдапты, – дейді қоғам белсендісі.
Расында, көпшілік қауым баласының қызығы үшін зәулім мейрамхана алып, көл-көсір дастарқан жайып, оған қымбат асаба жалдап, әншілерді шақырып, сол үшін несие алып, той жасап жатады. Әрине, шама-шарқы жетіп жатса, солай жасай беріңіз. Бірақ оған барлығының қауқары жете ме? Бізді «Анау солай жасапты, мен неге одан қалам?» деген жалған намыс кейде көкіректеп кетеді. Сосын банктен алған қыруар несиемізді той қызығы басылғаннан кейін жыл санап, итеңдеп төлеп жүреміз. Кейін оның кесірі екі жасқа тиіп, соңы ажырасуға алып келеді. Сондықтан тойды қалтамызға, шамамызға қарап, ықшамдап өткізіп, қайта екі жастың алғашқы отбасылық өміріне сый жасаған тартымды болар еді. Оңтүстік өңірдің халқы әлеуметтік желіде 40, 50, 60 жылдық тойларды өткізбейік деп үндеу тастап, қызу талқылап жатыр. Жасыратыны жоқ, ең тойшыл қауым осы өңірде, мұнда беташар, шілдехана, тұсаукесер, құдалық шаралары тойға айналған. Мың адам сыятын үлкен тойханалар да осында. Біздің бұл ойымызды ақын-журналист Қонақбай Саттаров ағамыз толықтыра түсті:
– Біз бәрінен бұрын карантин уақытында еркіндіктің қадірін біле түстік. Еркін жүріп-тұру, қалаған кезде қыдыру, қалаған затыңды сатып алудың өзі ұлы ғанибет екенін ұғындық. Екіншіден, қолдағы барды қадірлеуді, керек кезде ұқсата білуді, тіпті артық шығын жасамай, үнемдей білуді үйрендік. Той демекші, той болмағалы да, тойға бармағалы да көп болды. Бұл материалдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да кәдімгідей байқалып тұр. «Той – құдайдың қазынасы», «Тапқаның тойға шашылсын» деген тақылеттес тілек-түсінікке бүгінде көбіміз басқаша қарай бастағанымыз анық. Енді аста-төк той жасау үшін қарызға батудың немесе жиған-тергеннің бәрін бір кештік тойға шашудың дарақылық екені білініп қалды. Қыз ұзату, келін түсіру сияқты үлкен тойларға дауым жоқ, бірақ туған күнді, әрбір 10 жасты жұртты жиып, тойлау дегенді өз басым о бастан қабылдай алмаймын. Одан да сол қаражатты басқа бір жыртығыңды бүтіндеуге немесе саяхатқа жұмсаған әлдеқайда ұтымды. Қазір балабақшадағылар бес жасын кафе не мейрамханада атап өтетін болды. Бұл не десеңіз, «бірінші юбилей» деген жауап естисіз. Бес жасын тойлаған бала кейінгі 10 жасын тойлағысы келмейді деймісіз?! Ендеше, ол солай жалғаса бермек. Бұған, әрине, бірінші кезекте ата-ана жауапты. Карантин осыған да сабақ болса игі еді, – дейді қаламгер.
Жалпы, біздің ата-бабамыз аса тойшыл болмаған, жоқ пен барды салмақтап, әр нәрсенің шегі мен шетін біліп, мөлшерінен асырмаған. Қазір оның бәрі «ескілікке» баланып, ертегідей той өткізуге құштар болдық. Ақиқатын айтқанда, қазақы той шоу-бизнестің көзі болып, дабыра мен дақпыртқа айналды. Ортақол әншілерді ­ба­қуатты тұлғаға айналдырды. Бұл осыған дейін жалғасып келді. Енді карантиннен кейін ойымыз ғана емес, тойымыз өзгеретін болар… Солай деп үміттенем.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =