Карантинге қарамастан салық түсімдері артты

0 45

2020 жылы жоспар бойынша елорданың жергілікті бюджетіне 300 млрд теңге көлемінде салық түсімдері түсуі керек еді. Жыл қорытындысында бұл сома 332 млрд теңгені құрады. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда тиісті түсімдер 73 млрд теңгеге немесе 28 пайызға артты. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында осыны баяндаған қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Таукен ­Ошақ­баев есеп берді.– Карантин жарияланған уақыттан жергілікті бюджеттің салық түсімдері 16 миллиард теңгеге кеміді. Бұл ірі сауда орталықтарын, кинотеатрларды, театрларды, көрмелерді, спорт нысандарын мүлік үшін төленетін салықтан босату салдарынан орын алды. Осы жеңілдік туризм және қоғамдық тамақтану салалары, қонақүй қызметтеріне де жасалды. Сол себептен тағы 2,1 миллиард теңге көлемінде салықтар түспей қалды. Жеке табыс салығынан босатылған, жалпыға бірдей жұмыс режимінде жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер бюджетке салықты 1,2 миллиард теңгеге кем төледі. Сауданың жекелеген секторы, көлік және консультациялық қызметтер, ІТ сектор да алты ай мерзіміне салықтан босатылды. Мұнда салық шығындары 5,3 миллиард теңгені құрады, – деді баяндамашы.
Оның айтуынша, шектеу шараларына байланысты әуе және автокөлік қатынастарын уақытша тоқтату мен шектеу салдарынан салықтар 7,4 млрд теңгеге кем түсті. Соған қарамастан салық түсімдері бойынша жоспар асыра орындалды. Мұндай көрсеткішке шағын бизнестің корпоративті табыс салығын қайта бөлу есебінен қол жеткізілді. Мұндағы салық түсімі 76 млрд теңгені құрады. Бұған қоса, қосымша резервті өндіріп алудан 9,5 млрд теңге, камералды бақылаудан 1,5 млрд теңге, қарыздарды өндіріп алудан 3,2 млрд теңге түсті. Өндірістік төлемдерді әкімшілендіруден 1,6 млрд теңге, жалақыны өсіруден жергілікті бюджетке әлеуметтік салықтардан 8 млрд теңге түсім түсті.
– Осы жылдың үш айында жоспар бойынша бюджетке 63 миллиард теңге түсуі керек еді. Нақты көрсеткіш – 97 миллиард теңге. 2020 жылмен салыстырғанда түсім 18 мил­лиард теңгеге немесе 23 пайызға көбейді. Қалада тұрғын үйді жалға беретін 17436 салық тіркеуші тіркелді. Олардан бюджетке 9,8 млн түсті. Бұл – барлық салықтардың 0,1 пайызы, – деді Т.Ошақбаев.
«Астана» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар қосымша құн салығынан босатылған. Олар өздеріне қажет қондырғыларды сатып алғаннан кейін Мемлекеттік кірістер департаменті шығындарын өтеу керек. Бірақ 1,5 жыл болды, бұл шығындар өтелмеді. Сондықтан кәсіпкерлер қалалық мәслихатқа шағым түсірген. Мұны айтқан мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов осының себебін сұрады.
– Қомақты қаржы жиналып қалған екен. Кәсіпкерлердің көпшілігі сол себептен шағымданып жатыр. Олар «егер бұл сома біз төлеуге тиіс салықтардан шегерілсе, онда шығындарымызды өтеуді сұрамас едік» деген уәж айтып отыр, – деді Е.Каналимов.
№1 индустриалды парк құрылысына кезінде 21 млрд теңге салынған екен. Қазір бұл нысан 95 пайызға толды. Салықтың есебінен аталмыш нысаннан соңғы бес жылда 89 млрд теңге бюджетке қайтарылды. Яғни жұмсалған қаржыдан 4 еседен артық қаржы түсіп, пайда көл-көсір болды. Мәслихат хатшысы паркте тепловоз зауыты, вагон жөндеу зауыты, қорғаныс мақсатындағы оптикалық құралдар зауыты, басқа да ірі кәсіпорындар жұмыс істеп жатқанын айтты.
– Соны ескерсек, салық түсімдері кем түсіп жатқан жоқ па деген ой туады. Мұның себебі бұрын парк аумағында тексеру бекеті болатын. Қазір жүк көліктері кедергісіз кіріп-шығып жатыр. Мұндағы салық мәселесін қадағалағандарыңыз жөн. Сосын Нұр-Сұлтан қаласында құрылыспен, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер бар. Бірақ жеме-жемге келгенде, олар басқа өңірлерде тіркелген болып шығады. Салық мәселесінде осыны да бақылауға алу керек. Өйткені салықтар өзге аймақтарға кетіп жатыр» деді Е.Каналимов.
Хатшы қалада тұрғын үйлерді жалға беріп жатқан адамдардың бәрі салықты төлеп жатқанына күмәнданды.
– Жаңа 18 мыңға жуық адам пәтерлерін жалға беріп жатыр деп айттыңыз. Қазір елорданың жеке секторын есептемегенде, тұрғын үй қорында 350 мың пәтер бар. Сонда 18 мың пәтер оның 10 пайызы да болмайды. Бірақ қаладағы әр үшінші пәтер жалға беріледі деп түсінеміз. Кез келген үйді барып көріңіздер, сондағы пәтерлердің кем дегенде үштен бір бөлігі жалға беріледі. Пәтер иелері баспананы еш құжатсыз жалға беріп жатыр. Соның салдарынан мүлік иелері бірлестігін құрудан проблемалар туындады. Келесі жылдың 1 маусымына дейін ПИК-тердің бәрін МИБ ауыстыруы тиіс. Заң бойынша үйді күтіп-ұстауға пәтер иелері ақша төлеу керек. Әрине, жалға алып отырғандар төлемейді. Өткен жылы республикалық Салық комитетіне сұрау салғанымызда «елордада 15 мың пәтер иесі пәтерлерін жалға бергендері үшін салық төлеп жатыр» деген жауап алдық, – деді Е.Каналимов.
Мәслихат хатшысы чектер тілі мәселесін де көтерді. «Бірде-бір супермаркетте, бірде-бір дәріханада чектер қазақ тілінде берілмейді. Соны неге қолға алмайсыздар? Қазақ елінде тұрып жатырмыз ғой. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Бірақ бәрі орысша, ағылшынша болып жатыр. Чектерде «Благодарю за покупку!» деп жазылып тұрады. «Сатып алғандарыңызға рақмет!» деп жазсақ бірдеңеміз кете ме? Келер ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Қазақша сөйлеңіздер деп айтамыз, қазір осындай жағдайлардың кесірінен үйдегі балаларымыз қазақша сөйлемейді, – деді Е.Каналимов.
Салық органдары қызметкерлерінің жалақысы басқа органдар қызметкерлерімен салыстырғанда төмен екенін айтқан ол осы мәселені де реттеу керектігін айтты. Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Таукен Ошақбаев осы мәселе орталық аппаратта қаралып жатқанын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − seven =