Карантиндегі ораза

0 18

Бұл ораза бұрынғыдан өзгерек…

Мұқым мұсылмандар асыға күтіп, қимай қоштасатын жыл он екі айдың төресі биыл өзгеше болды. Оразаның басталуы COVID-19 індетінің таралуына орай жарияланған төтенше жағдай мен карантин уақытына дөп келді. Сол себептен оразаға (ораза тұту, ауыз­ашар беру, тарауық оқу, пітір садақа беру) қатысты бірқатар шектеулер енгізілді. Мәселен, жамағат биыл тарауық намазын мешітте емес, өз үйлерінде отбасымен бірге оқыды. Дәмхана, мейрамханалар жабылып, ауызашар беруге тыйым салынғандықтан, кейбір мешіттер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін ауызашар қалташаларын үйлеріне жеткізіп берді. Биыл қазақстандықтар алғаш рет пітір садақа мен зекетті kaspi.kz, halykbank.kz, KIWI мобильді қосымшалары арқылы мешіттерге берді. Бір адамның атынан берілетін пітір садақаның мөлшері 370 теңге болып бекітілгені мәлім.Сауаптың есігі жабылған жоқ

Рамазан – жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұңлы-мұқтаждардың қабағын кірбіңнен арылтатын шынайы жанашырлық айы. Сауапты айда жақсылықтан жарысуды ойлаған жандардың бәрі ауыз бекіткен адамдарға, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізіп, қаржылай қолдау көрсетті. Төтенше жағдай мен карантин сауапты амалдар мен игілікті істерге кедергі болған жоқ. Мысалы, еліміздегі мешіттер тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетілді.
Ораза айымен тұспа-тұс келген Мақтааралдағы су апаты да халықтың бірлігіне, тұтастығына сын болғаны анық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) «Зекет» қорының ұйымдастыруымен, облыстардағы мешіттердің көмегімен «Түркістан корпоративтік әлеуметтік даму қорына» 10 млн теңге аударды. Сондай-ақ 30 тонна ұн жеткізілді. Бұл жаңалықты жуырда Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жария етті. Бас мүфти «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асырылған қайырымдылық шарасына қатысып, Мақтаарал ауданындағы баспанаға зәру үш отбасына екі үйдің кілтін тапсыр­ды. ҚМДБ Төлеби ауданындағы тасқын судан зардап шеккен қазақстандықтарға да қайырымдылық көмек көрсетті.

Онлайн Құран мен онлайн бата

Биылғы оразаны «онлайн-ораза» деуге болады. Себебі оразаға қатысты барлық іс-шаралар онлайн тәртіппен өткізілді. ҚМДБ muftyat.kz сайтында «Рамазан энциклопедиясы» парақшасын іске қосты. Ол парақшада оразаға қатысты толық ақпарат орналастырылды. Ал қазақ, орыс тілдеріндегі рамазан айының кестесі порталға шығарылды. Имамдар 30 күн бойы «Хикмет» студиясы арқылы «30 күнге – 30 уағыз» атты онлайн-дәрістер оқыды. Осы студия арқылы 24-ші сәуірден бастап күн сайын Әзірет Сұлтан мешітінде күніне 1 сағат арнайы Құран-хатым оқылып, қасиетті Қадір түнінде хатым дұғасы жасалды.
Бір қызығы, биыл дұға жасау рәсімі де онлайн тәртіппен өткізілді. Muslim.kz сайты инстаграмдағы парақшасы арқылы имамдармен бірге рамазан айының алғашқы күнінен бастап әр 15 минут сайын Әзірет Сұлтан мешітінде онлайн тәртіппен дұға жасау рәсімін өткізді.

Қадір түнін үйде өткізді

Биылғы қасиетті Қадір түні мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келді. Осыған орай ҚМДБ: «19 мамырда мешіттер таңғы сағат 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Осы үндеуге түсіністік танытып, карантин талаптарын сақтайсыздар деген сенімдеміз» деген үндеу жариялады.
«Хикмет» студиясы Қадір түнінің құрметіне ҚМДБ-ның youtube каналы және Instagram-дағы парақшасы арқылы 00:30-дан 02:40-қа дейін «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» атты онлайн бағдарламасын көрсетті. Тікелей эфир ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Қадір түніне арналған құттықтау сөзімен ашылса, Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Бақытжан Ертаев т.б ел ағалары мерекелік лебізін білдірді. «Әзірет Сұлтан» мешітінде 24 сәуірде басталған «Рамазандағы Құран хатым» атты онлайн хатым оқу шарасы түйінделді. Сондай-ақ, Қадір түнінде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы жылдағы игі дәстүрінен жаңылмай, 22:00-ден бастап таңсәріге дейін тікелей хабар таратса, «Qazaq radiosy» 18:10-нан бастап арнайы шығарылым ұсынды.

Мешіттер ашылды, бірақ…

18 мамыр күні еліміздегі бірқатар мешіттердің есігі ашылды. Алайда ораза біткенше ешбір мешітте жамағатпен бес уақыт, жұма, тарауық намазын оқуға рұқсат берілген жоқ. Әуелі бас қаладағы 12 мешіт ашылды. Онда барған адамдарға 1,5 метрлік ара қашықтықты сақтап, тек 15 минут жеке құлшылық жасауға, құран оқытуға (бөлмеге 10 адамнан артық кірмейді), неке қидыруға (бөлмеге 4 адамнан артық ) ғана рұқсат етілді.
ҚМДБ хабарлағандай, карантинге байланысты биыл ораза айт намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әр адам айт күні күн ұясынан шыққаннан кейін өз үйінде екі не төрт рәкағат нәпіл намазын жеке оқи алады.
Айт күні сәресін ішпейді, күндіз ауыз ашық болады. Ораза айтта ата-ана, отбасы, балалар, туған-туыстарға сыйлық беру – сауап­ты іс. Баршаңызды ораза айт мейрамымен құттықтаймыз!

Челлендждерге толы ай…

Шыны керек, карантиндегі ораза біздің бұрынғы өмірімізге өзгеріс енгізді. Қасиетті айдың табалдырығынан аттағанымыз­ға дейін тыйылу, шектеу талаптарына бой үйреттік. Әуелі дүниенің дүрмегінен алыстадық. Бұрын оразада күн сайын ауызашарға барып, қым-қуыт тірліктің қазанында қайнап жүріп, пенденің шын ықыласымен тәубаға келетін айдың қалай өтіп кеткенін аңдамай қалатынбыз. Бұл оразада рухани кемелденуге көбірек көңіл бөлдік. Үйде отырып, ой-санамыз­ды жүйелендіріп, нәпсілік қалауымызды тізгіндеп, Жаратқанға құлшылығымызды арттырдық.
Тағы бір өзгеріс, аста-төк астардан, ысырапшылдықтан тыйылдық. Ысырапшылдық та – нәпсінің бір түрі. Бұрын көп адамның басын қосып, зәулім мейрамханаларда ауызашар өткізетін жұрт бұл жолы ризық-несібесін өз отбасына жұмсады. Карантиннің өзі әр адамның отбасына дұрыс көңіл бөлуіне, жақын-жуықтарымен емен-жарқын әңгімелесуге керемет мүмкіндік берді. «Бүгін үйдегілермен әңгімелестім. Бәрі өте жақсы адамдар екен» деп жазды әлеуметтік желілерді пайдаланушылар қалжыңға бұрып.
Ораза әр отбасындағы татулықты, сүйіспеншілікті, бауырмалдықты арттыра түсті. Белгілі бір уақытта үйдегілермен бірге тамақтану, бір уақытта сәресіге тұру, тарауық намазын оқу, жақын сырласу адамдарды жақындастыра түсті. Отбасы мүшелері бір-бірін күту, құрметтеу, бағалау сияқты сезімдерге ерекше көңіл бөлді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мынадай хадисі бар: «Бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне жаны ашуда, бір-бірлеріне мейірімділік танытуда мүминдер тұтас бір ағза сияқты. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері де қоса сыздайды». Осы оразада бір дастархан басына жиылған отбасы мүшелері береке, бірліктің қадірін терең түсінді.
Бұл жолғы ораза бәрімізді кітап оқуға, сол арқылы сансыз нығметтердің қадірін білуге үндеді. Мұның бір дәлелі – әлеуметтік желілерде «Қандай кітап оқып жатырсыз?» деген челлендждердің бірден қолдауға ие болуы. Сауапты айдағы ізгілікті істерді жария етуге ұмтылдық. Мысалы, Facebook-ті қолданушылардың бірі Ерлан Құсайын «Жақсы істерді жария ету» атты челлендж бастады. «Қазір челлендж сән болып тұр ғой. Мен де біреуін бастағым келіп отыр. Бұл төтенше жағдай кезеңінде өздеріңіз куә болған немесе бір басылымнан оқыған жақсы істерді жария ету челленд­жі. Өзіңіз пост жазыңыз немесе сілтемесін салсаңыз да мархабат» деп жазды ол. Шынын айтсақ, бұл айда жұрттың көпшілігі алуан түрлі челлендждерге ден қойды. Оның ішінде, ән салу, өлең оқу, сақал-мұртты қоя беру, шашты тақырлап алып тастау, үйде спорттық жаттығулар жасап таңқалдыру, табиғат аясында түскен суретті жариялау, жартылай жалаңаш жастықпен суретке түсу және т.б. бар.
Міне, осылайша карантиндегі ораза да өтті. Хақ-Тағаланың мейірім, шапағаты асып-тасатын арықша айда жасаған дұғаларымыз бен құлшылықтарымыз қабыл болғай! Алла Тағала жаман індетті жойып, барлық мешіттерді жамағатқа толтыратын күнге аман-есен жетейік!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =