Карантинде қалай құрбан шаламыз?

0 29

Құрбан айт мерекесі құтты болсын, қадірлі жамағат!
Биыл да ұлық мейрамымыз – Құрбан айтты еліміздегі мұсылмандар қауымы екінші жыл карантин жағдайында өткізуде. Әлбетте, үлкен айт күндері Алланың берген рызық-несібесіне шүкірлік еткен әр мұсылманды: «Карантинде қалай құрбандық шаламын?» деген сауал ойландыратыны анық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл құрбан шалу рәсімінің екі түрлі жолмен: офлайн және онлайн жүзеге асырылатынын жұртқа хабарлады. Осыған толығырақ тоқталайық.Бас қалада офлайн құрбандық шалуға бола ма?

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова қол қойған қаулыға сәйкес, санитарлық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, адамдардың жаппай жиналуын болдырмай, міндетті түрде бетперде кию және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, арнайы бөлінген орындарда (мал соятын жерлерде) құрбандық шалу қарастырылғаны мәлім. Елордадағы мұндай қасапхананың бірі – Шанхай базарында орналасқан. Ол жерге «қызыл» және «сары» белгісі бар азаматтар жіберілмейді, тек «көк», «жасыл» белгісі бар азаматтар ғана кіреді. Қала басшылығы «ASHYQ» мобильді қосымшасы аясында халық арасындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қасапханаға кіретін адамдардың дене қызуы (37 градустан жоғары болмауы тиіс, міндетті түрде бетперде киіп, антисептик ұстайды) өлшенеді, ғимараттың толымдылығы 30 пайыздан аспайды. Ол жерде кем дегенде 1 метр ара қашықтықты көрсететін сызықтар сызылып, ақпарат тақтасына құрбандық шалушыға қажетті мәліметтер жазылады. Сондай-ақ, қауіпсіздік ережелері, мал соятын жердің тазалығы, санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады. Тұмау және өзге де ауру белгісі бар адамдардың, 65 жастан асқан қарттардың, балалардың қасапханаға бармағаны жөн. Офлайн құрбан шалушылардың арнайы тізімі жасалады. Қасапханаға әркім өзінің кезегімен барады және 1 сағат уақыт беріледі.

«Раббың үшін құрбан шал!» акциясы жалғасады

Көзі қарақты оқырман елордада «Раббың үшін құрбан шал!» атты қайырымдылық акциясының былтыр да өткенін жақсы біледі. Сол ізгі шара биыл да жалғасады. Індеттің биыл да кең таралуына байланысты ҚМДБ құрбандық шалу рәсімін онлайн форматта өткізуге шешім қабылдады. Аллаға деген ізгі ниетін, мұсылмандық міндетін орындағысы келген кез-келген азамат не азаматша qurban2021.kz­ сайты арқылы тапсырыс бере алады. 15-22 шілде аралығында тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін бұл сайт ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елдегі пандемия жағдайына байланысты ашылған болатын. 2021 жылдың 19 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша, еліміздің түкпір-түкпірінен құрбан шалуға және көмекке мұқтаж отбасылардан құрбандыққа сойылған малдың етін алуға 6500-ге жуық өтініш түсіпті. Нақтырақ айтсақ, сайтқа 31 227 адам тіркелсе, соның 1460-сы – құрбандық шалуға тапсырыс бергендер, ал 5039-ы – ет алуға өтініш бергендер.
612 тапсырыс беруші төлем жасап үлгерген болса, соның 448-і қой малын, 88-і ешкі, 22-сі ірі қараға, сондай-ақ 7 адам бірігіп 68 ірі қараны құрбан шалуға тапсырыс берген. Төлем жасап, құрбан малын нақтылаған тұрғындардың басым көпшілігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан. Мәселен, елордалық 141 тұрғын онлайн құрбандық шалуға тапсырыс беріп үлгерген.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Мүптіәділұлы елордада, бірнеше қалаларда тұрғындардың қашықтан құрбан шалуына барлық қолайлы жағдайлардың жасалғанын айтады. «Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасады. Онлайн құрбандық шалу рәсімі арнайы белгіленген орындарда өтеді. ҚМДБ, мешіттер, имамдар құрбандық шалу міндетін мойнына алып, халықтың тапсырысын орындайды. Қашықтан құрбан шалу деген жаңалық емес. Қажылыққа барған кісілер бұл рәсімді жақсы біледі. Қажылыққа барғандағы уақыттың тығыздығына байланысты олар құрбандық шалу рәсіміне қатыса алмайды. Бұл шаруаны олар арнайы өкілдерге тапсырады. Бұл жолғы қашықтан құрбан шалу да тура солай. Тапсырысты қабылдаған ҚМДБ өкілдері мал соятын жерде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, шариғат жолымен құрбандық шалады. Мысалы, бір адам тапсырыс берді делік. Имам оның тапсырысы бойынша малды сатып алып, қасапшының көмегімен сояды. Бұл рәсім толық бейнежазбаға түсіріліп, құрбан шалушының жеке нөміріне жіберіледі. Мүфтият рұқсат еткен мал базарлары ғана ашық болады. Ол жерге құрбандық шалуға қатысатын адамдар ғана кіреді» деп түсіндірді ол онлайн рәсімді.
qurban2021.kz сайтында барлық ақпарат бар. Мысалы, «Сұрақ-жауап», «Статистика», «Байланыс» деген бөлімдерден өзіңізге керектіні таба аласыз. Тапсырысқа байланысты ақша аударымын тек Kaspi Gold картасы арқылы жасай аласыз.

Құрбандық малының құны қанша?

Әрине, әр адам құрбандыққа сойылатын малдың құнын алдын-ала білгісі келеді. Биыл Нұр-Сұлтанда 1 қойдың құны – 70 000 теңге, 1 ірі қара малдың құны – 420 000 теңге. Ескеретін жайттың бірі, малдың құны әр өңірде әртүрлі. Құрбандықты қай өңірден шаламын десеңіз де, еркіңіз. Бір кісі ірі қараны 420 000 теңгеге немесе 7 кісі бірігіп, 420 000 теңгеге құрбандық шала алады.
Айт күні шалған құрбандықтарыңыз, берген садақаларыңыз, жасаған әр ізгі амалдарыңыз қабыл болсын, қадірлі ағайын!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − five =