Карантинде кәсібімді қалай өзгерттім?

0 63

Жалпақ әлемді ғана емес, елімізді де алаңдатқан ауыр індет адам өмірін біраз өзге арнаға бұрды. Карантин кезінде кейбір мамандар қызметімен қоштасып, Үкімет берген 42500 теңгеге жан бақса, керісінше, бұл жағдайға жылдам бейімделіп, табыстылардың қатарын толықтырғандар да бар. Қалай айтса да, қашықтан жұмыс істегендер қаражат жағынан қиналмаса да, оңай болмағаны анық. Жалпы, осы қысылтаяң шақта адамдар не істеді, дағдарысты қалай еңсерді деген оймен бірқатар сала мамандарының пікірін білген едік. Сауалнамаға әртүрлі саланың кәсіп иелері қатысты.

Абай Мағзұм, сатушы:

– Карантинге дейін фаст-фуд сатумен айналыстым. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін жұмыссыз қалып, күн көру үшін тамақ тасуды кәсіп қылдым. Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істегендердің көбісі табыссыз қалды. Мен де жұмыссыздардың қатарына қосылдым. Содан тамақ жеткізу қызметіне келдім. Әрине, басында оңай болмады. Бірақ үйреніп алған соң, ұнады. Бұрын бір жерде тұрып, тамақ сатсақ, қазір оны қала бойынша тарату қажет. Бірде велосипедпен, бірде жаяу жүремін. Қазір жұмысқа бейімделіп қалдым. Карантинде көбі үйінде отырған соң, тамаққа тапсырыс артты. Сұраныс барда, жұмыс істеп қалу керек. Екі айдағы таза табысым – 240000 теңге, көңілімнен шығады. Бірақ колледжде аудармашы мамандығын меңгергенмін. Болашақта білімімді шыңдап, дипломмен жұмысқа кіргім келеді.

 

Тілек Тілеуберді, аяқ киім шебері:

– Карантинге дейін күніне 4-5 мың теңге түсетін. Кіріс айына – 100 мың, кейде 150 мың шамасында. Жалдап отырған жұмыс орныма соның 60 мыңын төлеймін. Ай сайынғы таза табысым 80-90 мыңға жуық. Ал карантин уақытында жұмыссыздар қатарын толықтырдым. Төтенше жағдай аяқталған соң, жұмысқа кірістім. Бүгінде 2-3 мың теңге ғана табыс түседі, оның өзі екі күнде бір рет. Өте аз, шығынымды өтемейді, жоқтан бар әйтеуір.

 

 

Жанар Абдрахманова,
даяшы:

– Төтенше жағдайға дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы 5 жұлдызды мейрамханаларда даяшы болып қызмет атқардым.Табысым сағатына – 700 теңге, 12 сағатқа 8400 теңге еді. Сонымен қатар, қонақтардың сапалы қызмет үшін қалдыратын шайпұлы бар. Айлық жалақым 150000 теңгеден кем болмайтын.
Ал карантинде курьер болдым. Жеткізіп салу қызметінде бір аптаның ішінде тапқан табысым – 15000 теңге. Сырттай оңай болып көрінгенмен, өз басым ауыр жұмыс екенін түсіндім. Қалай болса да, тапсырысты діттеген жерге дер кезінде жеткізуің керек. Бір аптадан артық істегенім жоқ. Қазіргі таңда даяшылыққа қайта оралдым. Пандемия маған үнемдеуді, табандылық пен жан-жақтылықты үйретті. Дегенмен коронавирус­тың қайта өршімеуіне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан алдағы айдан бастап табысымның 3/1 бөлігін жинау жоспарда бар.

Елдос Әлімбеков, кәсіпкер:

– Кішігірім оқу орталығым бар, қазір аты ғана қалды. Карантинге дейін орталықта 30 оқушы оқыды. Олар 35 мыңнан 4 пәнге төлейді. Содан айына – 1050000 теңге. Оның 450 мыңы мұғалімдердің жалақысына жұмсалады. Жалдап отырған орынға – 300 мың, ал өзіме 200 мыңдай табыс түсетін. Төтенше жағдай орын алғанда 20 оқушыдан айырылдық, өйткені ютуб, әлеуметтік желілерде тегін сабақтар қаптап кетті. 10 оқушыға онлай сабақ беруге көштік. Оқу ақысын жеңілдетуге тура келді. 20 мыңнан 4 пәнге төледі. 140 мыңы – мұғалімдердің жалақысы. Қазіргі таза табысым 60 мың теңгені құрайды.
Әріптестеріме де ауыр тиді деп айта алмаймын. Өйткені дәл сол кезеңде табысқа кенелген таныс­тарым жетерлік. Онлайн білім беру кезінде сапаға жауап беру қиын. Сол үшін, онлайн оқыту жүйесіне аса қатты бет бұрмадым. Тек биылғы мектеп түлектерін жарты жолдан қалдырмайық деп, ҰБТ-ға дейін онлайн оқытудамыз. Олар болмағанда оқу орталығы жабылатын еді. Араға 2-3 ай салып жаңа оқу жылында іске қайта кірісеміз. Егер қыркүйекте коронавирус қайта өршісе, онда кәсібім құрдымға кетеді, өкінішке қарай.

Балабек Сақтағанов,
психология ғылымдарының докторы:

– Карантинде күйзеліске түскен, ішімдікке салынып, тіпті суицидке дейін барған адамдармен онлайн жұмыс жасадым. Қызмет құнын көтергенім жоқ, 8 мың теңгенің шамасында. Отбасындағы ұрыс-керіс мәселесі, бір-біріне көңіл толмау мәселесімен көп хабарласты. Телефоныма дамыл болмады десем де болады. Тіпті 42500 теңге жәрдемақыны ала алмағандары үшін өмірден түңіліп кете жаздағандар болды.
Қолдан келгенше көмектесуге тырыстым. Екі күнде бір рет сағат 22:00 мен 23:00 аралығында инстаграм желісінен тікелей эфирге шығып отырдым. Жалпы, қашықтан жұмыс жасадым. Тұрақты жұмысымнан түсетін табыс бар. Ақшаның соңына шам алып түскенім жоқ, сын сағатта, мұқтаж адамдарға дұрыс жол көрсету – менің міндетім.

Наргүл Исина, шаштараз:

– Төтенше жағдай орын алғанға дейін күніне аз дегенде 10-15 мың теңге табыс түсіп отырды. Ал карантинде жұмысымыз тоқтады. Сәйкесінше табыссыз қалдым. 42500 теңгемен күн көрдім. Жұмыс істеуге рұқсат берген күні ғана сұраныс артты. Ал қазіргі таңда бұрынғыдай емес. Күніне 2-3 адамға ғана қызмет көрсетудеміз. Аптасына 35 мыңға жуық қаражат тауып отырмын. Карантинге дейінгі табысыммен салыстырсам, біршама аз.

 

 

Ильмира Дүйсенова, ХҚКО маманы:

– Карантинде біз қа­шық­тан қызмет көрсеттік, жұ­мысымыз біраз ауырлады. Десе де, пайдасы да бар. Тұрғындар egov порталында жұмыс істеуді үйреніп алды. Қанша жылдан бері үйрене алмай жүр еді, әлеуметтік көмектің арқасы ғой. Табысым сол күйінде, өзгерген жоқ. Карантинге дейін қалай болса, карантинде де солай 100% жалақы алып отырдым. Қазіргі таңда, жұмысымыз бірталай жеңілдеді. Себебі бұрын ХҚКО-на қашан барсаңыз да, ұзын-сонар кезек болатын. Қазір карантиннің арқасында қызметіміздің көбі онлайн. Орталықта артық адам жоқ.

 

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ,
студент

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − eight =