Карантин тәртібін бұзғандарға айыппұл салынады

0 48

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен бейнебайланыс арқылы коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі қалалық штаб отырысы өтті.Отырыс барысында COVID-19-ға қарсы әрекет ету комиссиясының жұмыс барысы, аудандық мониторинг топтарының санитарлық-эпидемиологиялық және шектеу шаралары талаптарының сақталуы, сондай-ақ елорда дәріханаларындағы дәрі-дәрмектердің бағасы мен қолжетімділігін бақылау мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағында аудандық мобильді мониторинг топтары құрылған. Топтардың міндеті – жүргізіліп жатқан карантин шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, санитарлық қорғаныс құралдарының (санитайзерлер, тепловизорлар, маскалар және т.б.) бар-жоғын тексеру, кәсіпкерлік нысандардың карантин режимін бұзу фактілерін анықтау.
– 5 -20 шілде аралығында мобильді мониторинг топтары 335 кәсіпкерлік нысанның санитарлық норманы сақтауына қатысты тексеру өткізді. Соның барысында 159 нысанда бұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті карантин шаралары кезеңінде жұмыс режимін бұзғаны 20 әкімшілік материал толтырып, әкімшілік айыппұлдар салынды. Шағын кәсіпкерлік нысандарының әрқайсысына 230 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленді. Егер төлем 7 күн ішінде жасалса, қысқартылған тәртіппен – 115 АЕК, орта бизнес – 310 АЕК, қысқартылған тәртіппен – 155 АЕК төлейді, – деді қала әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі сараптамалық-мониторинг тобының жетекшісі Шыңғыс Қуатбеков.
Елордада өткен тәулікте полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіретін мобильді топтар 78 карантин тәртібін бұзушыны анықтады. Оның 57-і маска тағу және әлеуметтік қашықтық сақтаудың міндетті талаптарын бұзған.
– Барлық мемлекеттік органдар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды қоғамдық орындарда санитарлық нормаларды сақтауға шақыруы керек. Демалыс күндері тұрғындар топтық ойын-сауық ұйымдастырып, елорда шетіндегі көлдерде карантин режимін ғана емес, қоршаған ортаны да ластауда, – деді Б. Мәкен.
Отырыс соңында әкім орынбасары аудан әкімдіктеріне полиция департаментімен және Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментімен бірлесіп, қала маңындағы аймақтарда рейд жүргізуді және карантин режимі мен қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы тұрғындармен профилактикалық әңгімелесу жүргізуді тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 16 =