Карантин тәртібін бұзғандар жауапқа тартылды

0 19

Елорда көшелерін полиция қызметкерлері қадағалап жатыр. Екі күн ішінде аумақтық полиция басқармаларына 164 адам жеткізіліп, 68 тәртіпбұзушыға әкімшілік хаттама жасалған.

164 адам жеткізілді, 68 хаттама толтырылды

Карантин режимін орындамағандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша 10 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке немесе 15 тәулікке дейін қамау жазасын алады. Көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда үш адамнан астам жиналған топтық жиналыстарға тыйым салынды.
Полиция департаменті енгізілген шектеулерді сақтау бойынша патрульдеу ұйымдастырып, карантинді сақтаудың маңыздылығы туралы дауыс зорайтқыштар арқылы хабар таратады. Карантин режимі кезінде азық-түлікке, дүкенге, медициналық мекемелерге, дәріханаға, жұмысқа немесе итпен серуенге шығудан басқа жағдайда сыртта жүрсе, карантин режимі бұзылған болып есептеледі. Ондай жағдайда полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттама толтырады.
– Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға сақтық шаралары туралы көбірек ақпарат беру. Біздің қала қауіпті вирустың таралу қаупіне байланысты алғаш рет карантинге жабылып отырғандықтан, түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Қарауылдау кезінде дауыс зорайтқышты пайдалана отырып, осы ережелер мен шектеулердің сақталуының маңыздылығына назар аудартамыз. Осылай азаматтардың денсаулығы үшін қауіп төндіретін тәуекелдерді азайтуға жұмылдырылған тәртіп сақшыларының өздері күн сайын вируспен күресте алдыңғы қатарда болып, көбіне өз денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан карантиндік режим талаптарын елемеуге болмайды, – деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінен.

Елордаға автожол бойымен өтпек болған

«Нұр-Сұлтан-Қостанай» тас жолында орналасқан өткізу пунктінен бір жарым шақырым жерде төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар ұсталды. Карантин режимі кезінде автожолдың бойымен елордаға кірмек болған Қажымұқан ауылының үш тұрғыны полиция мен әскерилерден тұратын жедел топ тоқтатқан кезде қашып кетуге тырысқан.
«Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Әр факт бойынша «Нұр-Сұлтан» мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен сот бұзушыларды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды» деп мәлімдеді елорданың полиция департаменті баспасөз қызметі. Сонымен бірге, полиция Ақмола облысының тағы үш тұрғынын ереже бұзғаны үшін ұстады. Ұсталған азаматтар сот шешімімен 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түрінде жазаға тартылды. Адамдардың карантин жарияланғанына қарамастан, жол кедергілерін айналып өтіп, карантин режиміндегі қалаға кіруге тырысулары олардың жауап­сыздығын көрсетеді. Сондықтан мұндай заңбұзушылықтардың жолын кесу мақсатында елорда периметрі бойынша патрульдеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта мұндай фактілерді болдырмас үшін полиция азаматтардың заңсыз әрекеттерін тіркеуге және алдын алуға мүмкіндік беретін дрондарды қолданады. Вирустың таралуын тек тәртіп пен оқшаулау режимімен ғана тоқтатуға болатындығын әлі түсінбеген, елордаға кіру мен шығу режимін бұзған 68 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 51-і 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, он адамға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, ал қалған адамдарға қатысты материалдар сот қарауына жіберілді.

Ақпаратты жасырған адамға қылмыстық іс қозғалды

Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментінің басшысы Зекен Исаков Хабар 24 арнасында өткен онлайн брифингте ақпарат беруден бас тартқан адамға қатысты іс қозғалғаны туралы дерек келтірді.
«Департамент мамандары ауру жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандарды анықтауға қатысты барлық шараны қабылдауда. Байланыста болған адамдар туралы мәлімет беруден бас тартқан жағдай тіркелді. Ол туралы материал қалалық полиция департаментіне жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды» дейді Зекен Исаков.
Тағы бір азамат ДамуМед порталында өзінде коронавирус белгісі бар деп көрсеткен. Бірақ жедел жәрдем дәрігерлері ол адамнан ешбір ауру белгісін таппаған. Кейіннен анықталғандай, ол азамат жүйенің, дәрігерлердің жұмысын тексергісі келіпті. Әйтпесе, еш жері ауырмаған, шетелге шықпаған, ауырған адамдармен байланыста болмаған. Бұл туралы Хабар 24 арнасында өткен онлайн брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты. Министрдің айтуынша, соңғы тәулікте төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін 124 адам жауапқа тартылып, заңсыз жоғары бағада сатылып жатқан 40 мың маска мен 2 мың литрден астам антисептик анықталған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 6 =