Карантин тәртібі жеңілдейді

0 22

Үкімет басшысының орынбасары Ералы ­Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысы өтті. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты құзыретті комиссия карантиндік режимді жеңілдетуге қатысты бірқатар шешімдерді мақұлдады.

Біріншіден, 2021 жылғы 28 тамыздан бастап: «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес нысандарына демалыс күндері сағат 24.00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшыларына – «Ashyq» қосымшасы арқылы расталған қызметкерлер мен келушілердің «жасыл мәртебесі» (вакцина алғандар, 7 күннен кем емес теріс нәтижесі бар ПТР тестінің болуы) болған жағдайда сағат 02.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат; сенбі күні – қоғамдық көлік қызметіне рұқсат беріледі.

Екіншіден, биыл 30 тамыздан бастап жұмыс күндері: «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес нысандарының жұмыс уақыты 22.00-ден 24.00-ге дейін, «Ashyq» жобасы көшбасшыларының жұмыс уақыты 24.00-ден 02.00-ге дейін ұзартылды. Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Алматы қаласында карантиндік шаралардың жеңілдетілуін демалыс күндеріне биылғы 4 қыркүйектен бастап, ал жұмыс күндеріне биылғы 6 қыркүйек­тен бастап енгізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, ведомствоаралық комиссияда жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары биыл тамыз айының соңына дейін мынадай шараларды орындауды тапсырды: медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтар мен техникалық персоналды егуді аяқтау; санитарлық талаптарға сәйкес мектептердің толық дайындығын қамтамасыз ету; педагогтар, қызметкерлер және ата-аналар үшін барлық білім беру ұйымдарында «Ashyq» жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету; білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100 пайыз қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау; мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау. Отырыста Ералы ­Тоғжанов құзырлы органдарға басқа да бірқатар тапсырмалар берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − ten =