Карантин режимі қайта күшейтілді

0 36

Елімізде демалыс күндері – 20-21 маусым аралығында шектеу шаралары күшейтіледі. Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік қатынасы тоқтайды. Халық көп жиналатын барлық қоғамдық орындар жабылады. 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Эпидемиялық жағдайдың күрделенуі және індеттің көбеюіне байланысты демалыс күндері елордада қоғамдық көлік жүрмейді. Барлық қоғамдық орындар: саябақтар, гүлзарлар, жағалаулар, жағажайлар және т. б. жерлер жабылады. Бұған қоса, қаладағы ОСО, сауда үйлері, желілік дүкендер, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар мен дүкендердің жұмысы тоқтайды. Қорғаныс министрлігінің күшімен адам көп жүретін орындарда (саябақтар, гүлзарлар және т. б.) ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіледі.
– Қазір қалада індеттің екі – отбасылық және ұжымдық ошағы барын ескеріп, елордада «үйдегі демалысты» енгізу туралы шешім қабылданды. Бүгінде бізге, дәрігерлерге, індетті жұқтыру қарқынын төмендету және жою керек. Әйтпесе инфекция үдеп барады. Адамдар бұл күндері үйлерінде отыруы тиіс. Аса қажеттілік болмаса үйден шықпау керек, – деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.
Маусымның 20-21 күндері бас қалада тек үйдің ауласындағы азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейтін болады. Жұмыс уақыты – сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін. Сонымен қатар дәріханалар мен көшедегі дәмханалар форматындағы ашық аспан астындағы қоғамдық тамақтану орындарына жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Қоғамдық көлік дүйсенбі күні, 22 маусымда қалыптас­қан тәртіпке оралады. Олар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Сондай-ақ екі күнге Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру жабылады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =