Карантин күшейтілуде

0 12

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Макен елордадағы коронавирустың таралуын болдырмау және инфекция бойынша ағымдағы жағдайға қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп, осы мақсатта атқарылып жатқан іс-шаралар барысын баяндап берді.Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты, сондай-ақ халықты барынша хабардар ету мақсатында қосымша шектеулер мен профилактикалық және антиэпидемия­лық шаралар қабылдануда. ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия қазіргі таңда үкімет тарапынан осы жұмыстарды атқарып жатыр. Тапсыр­маға сәйкес 19 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралу қаупіне байланысты карантин режімі енгізілді.
Қалаға кіріп-шығуға әзірше уақыт бар. Алдағы 72 сағат авиа және темір жол қатынастары арқылы қаладан кетуге немесе қалаға келуге мүмкіндік беріліп отыр. Осы жылдың 22 наурызынан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағынан шығуға және қала аумағына кіруге толық шектеу қойылады. Кез келген көлік қатынастарының транзиттік тамысалдаулары Нұр-Сұлтан қаласы аумағына тоқталмай жүргізіледі, яғни жолаушылар пойыз­дары қала арқылы өтеді, бірақ тоқтамайды. Қала аумағын басып өтетін немесе азық-түлік тасымалдайтын көліктер арнайы жасыл дәлізбен ғана қатынайды.
Оның айтуынша, аталған шарттардың орындалуы үшін бірқатар талаптар күшейтіледі. Біріншіден, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін арнайы өңірлік жедел штаб күрделі жұмыс атқарып жатыр. Ол тәулік бойы қызмет етеді.
Екіншіден, төтенше жағдай кезінде карантинге сәйкес тұрғындар мен шаруашылық субъектілерінің қызметін реттеу үшін қалалық штабтың арнайы шешімі қабылданды.
Үшіншіден, карантин жағдайында қалалық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы іс-шаралар жоспары іске асуда. Қосымша азық-түлік тауарларын жеткізу мәселесі өңірлермен бірлесіп отырып шешілді. Қазіргі таңда халыққа ең бірінші қажетті әлеуметтік және тұтынушылық тауарлар қоры жеткілікті. Сауда үйлері мен қоймаларда артық көлемде қор жинақталған.
Төртіншіден, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті шараларына сәйкес, «А» және «Б» жоспарындағы іс-қимыл алгоритміне сәйкес коронавирус инфекция­сын жұқтырған адамдармен байланыс­та болған тұлғаларға арнайы жататын орындар мен карантин стационарлары кеңейтілді. Егер «С» жоспарына сәйкес болатын болса, қосымша жататын орындарды қала бойынша жасақтадық.
Бесіншіден, фармацевтика қауымдастығы және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасындағы бағаны реттеу бойынша, сондай-ақ дәрігерлік және медициналық тауарларды жеткізу бойынша өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Санитарлық эпидемияға қарсы кеңейтілген іс-шаралар кешені іске асырылуда. Аялдамалар, қоғамдық көліктер, көше бойлары және өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарды санитарлық реттеу және дезинфекциялау жұмыстары ұйымдастырылуда. Азық-түлік сататын сауда желілері мен дүкендердің үздіксіз қызмет ету мүмкіндігі қамтамасыз етілуде. Қоғамдық тамақтану орындарында онлайн тапсырыс беру жүйесі ұйымдастырылды. Бизнес орталықтары, стоматология, шаштараз және басқа халыққа жекелей қызмет көрсету орындары таңғы сағат 10:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін жұмыс істеу режиміне болады.
«Құрылыс және олардың мердігер компаниялары санитарлық норманы күшейте отырып, штаттық режимде жұмысын жалғастыра береді. Тұлғалар және заңды тұлғалар шектеу шараларын, соның ішінде карантиндік режимде орындауға міндетті. Азаматтарды шындыққа жанаспайтын мәліметтер тарату және арандатуға жол бермеуін сұраймыз, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Әкім орынбасары БАҚ өкілдерінен келіп түскен сұрақтармен танысып, барлығына жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды