Карантин кезіндегі көрермен

0 77

Карантин кезінде елорданың Қуыршақ театры қалай жұмыс істеп жатыр? Бұл туралы бізге өнер ошағының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова айтып берді.– Құралай Халекетқызы, карантинге байланысты елорданың барлығы дерлік мәдени ошақтарының жұмысы онлайн форматқа көшті. Бұл тұрғыда Қуыршақ театрының тынысы қалай болып жатыр?
– Балалардың рухани қазынасы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры төтенше жағдай кезінде де кішкентай көрермендерін қуантуда. Тәрбиесі мол түрлі қойылымдармен балдырғандарға шаттық сыйлап жүрген өнер ұжымы күн сайын сағат 16.00-де «Қолдан қалай қуыршақ жасауға болады?» атты шеберлік сабағын, 15.00-де онлайн сұхбатты, 22.00-де түнгі ертегілер айдарын өткізіп келе жатыр. Әлеуметтік желі арқылы достықты, ерлікті, адалдықты, адамгершілікті дәріптейтін ертегілердің жазбасын және театрдың YouTube арнасында әртүрлі спектакльдерді жұрт назарына ұсынып жүр.
– Кейбір өнер ұжымдары карантин уақытында көрермендеріне өз жобаларын ұсынды. Сіздерде осы кезеңде басталған жобалар бар ма?
– Елордалық Қуыршақ театры карантин кезінде «Егемен Қазақстан» газетімен бірлесіп, «Балаларға базарлық» атты жобаны қолға алды. Қуыршақ театрының белді актрисасы Салтанат Мағзым жетекшілік ететін аталмыш жоба арқылы күнделікті кешкі сағат 19.00-де Egementv YouTube арнасында кішкентай көрермендерімізге қазақ халқының ертегілерін тыңдауға болады.
– Әлеуметтік желілер арқылы бас қала ­театрлары актерлерінің, осы саланың белгілі мамандарының онлайн сұхбаттарын да көріп қалғанымыз бар. Сіздер сұхбаттарды ұйымдас­тырмадыңыздар ма?
– Қуыршақ театрының онлайн сұхбаттары өзімнен басталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Ғани Құлжановпен, Мәдениет саласының үздігі Салтанат Мағзыммен, театр әртіс­тері Дархан Мүсілімовпен, Нұржан Ахметовпен, Айжан Садықовамен, Дамир Утеевпен, Қарлығаш Танабаевамен, Әбілхайыр Сәлімбаевпен, режиссер Айжан Салаевамен, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуат Ежембекпен сұхбаттар өтті.
– «Біз біргеміз» шарасына атсалысқан өнер ұжымдары да бар шығар…
– Біз де бұл шараны қолдап, театр басшылығы, әкімшілігі және жалпы қызметкерлері қолдан 950 бетперде тігіп, мұқтаж жандарға, ардагерлерге, зейнеткерлерге тегін таратты. Мұның барлығы ел үшін, халық үшін жасалды. Жалпы, бала тәрбиесінің ошағы саналатын Қуыршақ театры қашанда қалың жұртымен бірге.
– Ұлы Жеңіс күні мерекесі жақындап қалды. Мерекеге қандай қойылым дайындап отырсыз­дар?
– 9 мамырға «Сарбаздың бақырашы» атты балаларға арналған қойылым ұсынамыз. Ұлы Отан соғысы – тарих. Ал тарихты ұмытпауымыз керек. Балдырғандар аталарының ерлігі туралы білуі тиіс. Сол себептен биыл осы қойылымды таңдадық.

Әңгімелескен Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 16 =